50392
Онкологиялық ауруларды ас содасымен емдеуге бола ма?
Онкологиялық ауруларды ас содасымен емдеуге бола ма?
Әлеуметтік желілерде онкологиямен ауыратын адамдарға «химиотерапияға қомақты қаржы жұмсамай», содамен емделуге кеңес берілді. Мұндай үндеулерге сену қауіпті деп хабарлады turkystan.kz stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Алдымен ел аумағында онкологиялық аурулардан емделіп жатқан Қазақстан азаматтары үшін химиотерапия және басқа да ем түрлері тегін екенін атап өткен жөн. Тегін ем қабылдау үшін пациенттер тұрғылықты жері бойынша онкодиспансерде есепке тұруы керек. Демек, химиотерапияға көп шығын кететіні туралы мәлімдемелер негізсіз.
Химиотерапия да, дәлелді медицина мақұлдаған басқа емдеу әдістері де тиімді. Бұл көптеген елдерде жүргізілген ауқымды клиникалық зерттеулермен дәлелденген.
Содамен емделу, керісінше, тиімсіз ғана емес, сонымен қатар қауіпті екендігі белгілі.
Бұл емдеу жолын онколог Тулио Симончини ұсынған. Ол өз ұсынысын қатерлі ісік, бұл – саңырауқұлақ ауруы, сода ерітіндісін көп мөлшерде құю оны емдеуге көмектеседі деп түсіндіреді. Симончини өз гипотезасын тексеру үшін зертханалық жағдайда In Vitro немесе жануарларда зерттеу жүргізудің орнына бірден бірінші науқасты «емдеуге» кіріскен. Нәтижесінде науқас «терапия» басталғаннан кейін екі күн өткен соң қайтыс болды.
Симончини абайсызда кісі өлтіргені үшін 5 жарым жылға сотталды.
Содамен қатерлі ісікті емдеудің тиімділігін дәлелдейтін зерттеулер әлі жоқ.
Бірақ мұндай әдісті ғылыми теріске шығарған жағдайлар өте көп. Stopfake.kz-ке берген сұхбатында дәрігер-онколог, медицина ғылымдарының кандидаты Найля Кабилдина диагноз қойылған сәттен бастап ем-дом басталғанға дейін барынша аз уақыт өтуі керек деді. Онкологиялық аурулар кезінде бұл өте маңызды. Ғылыммен дәлелденбеген әртүрлі «халықтық» әдістер қымбат уақытты жоғалтуға және науқастың жағдайының нашарлауына әкелуі мүмкін.