50264
«Ақ жол» Ақтөбе облысының жұртшылығымен жүздесті
«Ақ жол» Ақтөбе облысының жұртшылығымен жүздесті
«Ақ жол» демократиялық партиясының республикалық штабының мүшелері Ақтөбе облысында кездесулер өткізуде.
Азат Перуашев, Қазыбек Иса және Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Асқар Садықов бастаған республикалық штаб мүшелері Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылының тұрғындарымен кездесті.
"Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерістерді қажет етеді. Бұл өзгерістер елдің әл-ауқатын арттыруға бағытталуы керек. Атап айтқанда "Ақ жол" партиясының басты мақсаты - әрбір азаматтың еркін дамуына қажетті жағдай жасау, оның құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге, барлық қазақстандықтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын ұдайы көтеру, сондай-ақ Қазақстан қоғамы мен мемлекетінің экономикалық, әлеуметтік және саяси өрлеуі», - деді А.Перуашев.Сонымен қатар Қазыбек Иса «Ақ жол» партиясы ұлттық мемлекеттіліктің қалыптасуының іргелі негізін қалаған Алаш қозғалысының ізбасары екенін, қазақ қоғамын еуропалық жолмен жаңғыртуды, әлемдік өркениеттің озық жетістіктерімен ұлттық мүдделерді тоғыстыруды мақсат еткенін атап өтті. Кездесу барысында кандидаттар партияның саяси бағдарламасын таныстырып, Парламентте атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бағдарламаның негізгі алты қағидатын атаған ақжолдықтар жемқорлықпен күрес, әлеуметтік әділеттілік, ауылды ипотекалық несиелендіру, ауыл жастарын қолдау және медициналық сақтандыру бойынша жиналғандардың сауалдарына жауап берді. Тұрғындардың мәселелері мен ұсыныстарын тыңдаған Республикалық штаб мүшелері Ақтөбе қаласына ат басын бұрды. Партия басшысы мен «Ақ жол» штабының мүшелері Ақтөбе қаласында орналасқан «Атамекен» ҰКП кәсіпкерлерімен кездесті. Жиында «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев кәсіпкерлерді толғандырған мәселелерді көтерді.
«Ақ жол» демпартиясы – кәсіпкерлер мен отандық өндірушілердің өкілі. Біз бизнестің мүддесін қорғау үшін жұмыс істейміз. Мақсатымыз – сіздер сияқты өз ісін тауып, отбасын асырап, жұмыс орындарының ашылуына үлес қосып жүрген азаматтарымызға қолдау көрсету. Бүгінде елдің ең үлкен мәселесі – байлар мен кедейлер арасындағы алшақтық. Бұл мәселені қалай шеше аламыз? Толыққанды орта тапты қалыптастыру арқылы. Бизнестің жұмысына кедергі келтіру арқылы емес, азаматтардың табысын арттыру арқылы халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету. Бұл мәселенің шешімін осылай ғана таба аламыз», - деді Азат Перуашев.Жиынға қатысушылар партияның саяси бағдарламасын қолдап, бизнеске қолайлы жағдай жасауға және әділ салық салуға ықпал ететін жаңа заңдар мен бастамаларды әзірлеуде ШОБ мүдделерін ілгерілетіп отырғаны үшін «Ақ жол» демпартиясына алғыс білдірді. Сол күні «Ақ жол» штабы «Dulat» ЖШС жабынды зауыты мен «Глобал» ЖШС жұмыс киімдерін шығаратын өнеркәсіптік орталықтың еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесулерде Республикалық штаб өкілдері кәсіпорындардың жұмысымен танысып, өткір мәселелерді талқылап, қызметкерлердің сұрақтарына жауап берді.