50229
17 өңірде ескерту жарияланды
17 өңірде ескерту жарияланды
«Қазгидромет» РМК 6 наурызға арналған ауа райы болжамын жариялады деп хабарлады turkystan.kz.
Астана қаласында күндіз көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстік-батыстан соғады, екпіні - 15-20 м/с.
Жетісу облысының оңтүстігінде, орталығы мен таулы аудандарында тұман болжанады. Облыстың оңтүстігінде, шығысында, орталығы мен таулы аудандарында оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.
Атырау облысының батысында, оңтүстігі мен орталығында тұман күтіледі.
Күндіз Ақмола облысының батысында, солтүстігі мен шығысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), көктайғақ болады. Түнде облыстың батысында, шығысында, күндіз батысында, солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын болжанады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, жылдамдығы 23-28 м/с артады.
Түнде Қызылорда облысының солтүстігі мен орталығында көктайғақ, тұман болады.
Шығыс Қазақстан облысында түнде жауын-шашын күтіледі. Өңірдің солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, түнде екпіні 25 м/с күшейеді. Ауа температурасы түнде 0-5°, күндіз 0-5°, облыстың оңтүстігінде 8° жылы болады.
Түнде Абай облысының басым бөлігінде, күндіз облыстың орталығында жауын-шашын (жаңбыр, қар) күтіледі. Облыстың солтүстігінде, шығысы мен орталығында жаяу бұрқасын, көктайғақ болады. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, түнде екпіні 25 м/с жетеді.
Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстігі мен шығысында тұман, көктайғақ болжанады. Жел оңтүстік-батыстан соғады, түнде облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с құрайды.
Түркістан облысының оңтүстігінде, таулы, тау бөктерлі аудандарында найзағай күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғады, түнде тау асуларында, күндіз облыстың оңтүстігінде, таулы, тау бөктерлі аудандарында күші 15-20 м/с құрайды.
Шымкент қаласында күндіз найзағай ойнап, оңтүстік-батыстан жел соғады, күндіз екпіні 15-20 м/с құрайды.
Ақтөбе облысының батысында, солтүстігі мен шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын болжанады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, өңірдің солтүстігі мен шығысында екпіні 15-20 м/с құрайды.
Күндіз Маңғыстау облысының оңтүстігі мен шығысында оңтүстік-шығыстан жел соғады, екпіні – 15-20 м/с.
Қостанай облысының солтүстігі мен шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ болжанады. Өңірдің оңтүстігінде тұман болады. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-батысқа ауысып, күші облыстың басым бөлігінде 15-20 м/с құрайды. Екпіні 25 м/с жетеді.
Түнде Солтүстік Қазақстан облысының батысында жаяу бұрқасын күтіледі. Күндіз облыстың солтүстігінде, батысы мен оңтүстігінде көктайғақ болады. Оңтүстік-батыстан жел соғады, өңірдің басым бөлігінде екпіні 23-28 м/с жетеді.
Қарағанды облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Өңірдің оңтүстігі мен шығысында тұман, көктайғақ болады. Батыстан, оңтүстік-батыстан жел соғады, облыстың солтүстігінде екпіні 15-20 м/с құрайды.
Ұлытау облысының батысында, оңтүстігі мен шығысында көктайғақ күтіледі. Түнде және таңертең өңірдің шығысы мен орталығында тұман болжанады.
Күндіз Павлодар облысының батысы мен солтүстігінде оңтүстік-батыстан жел соғады, екпіні 15-20 м/с құрайды.