СҚО-да аудан әкімінің орынбасары сотталды

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары сотталды

СҚО-да аудан әкімінің орынбасары сотталды
ашық дереккөзі
Солтүстік Қазақстан облысында Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары алдап алған 200 мың теңге үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады turkystan.kz. СҚО сотының ақпаратынша, 2 наурыз күні облыстық соттың аппеляциялық алқасы прокурордың аппеляциялық өтінішімен К.-ға қатысты алаяқтық жасауға оқталу қылмыстық ісін қарады. Сотталған Мағжан Жұмабаев ауданы әкімінің орынбасары лауазымын атқара отырып, М-дан 200 мың теңгені алаяқтық жолмен алған. Шенеунік бюджет қаражатын оған мерзімінен бұрын аударуға жәрдемдесемін деген К. қылмыс орнында ұсталды. Петропавл қалалық соты оған ұрланған мүліктің 15 еселенген мөлшерінде, яғни 3 млн теңге айыппұл салуға үкім шығарды. Бұл үкіммен прокурор келіспей, апелляциялық өтініш берді. Қадағалаушы орган үкімнің тым «жұмсақтығын» айтып, К-ға тағайындалған жазамен келіспеді. Қылмыстың бұл түріне айыппұл немесе бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған. Сот К-нің қылмыстық жауапкершілігін жеңілдететін жағдай деп оның шын жүректен өкінуін, жас балаларының, соның ішінде ауыр дертті баласының болуын есепке алды. Ал К-ның өзі қабылдаған антты бұзуы - ауырлататын мән-жай деп танылды. Аппеляциялық алқа К-ға тағайындалған айыппұл түріндегі жазаның сотталған адамның жеке басына және ол жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың ауырлығына сәйкес келмейтінін мойындады. Сот алқасының қаулысымен К.-ға қатысты үкім өзгертіліп, оны 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Апелляциялық қаулы заңды күшіне енді.