Петропавлдағы оқиға: зардап шеккен оқушы жасөспірімнің қалай шабуылдағанын айтты

Петропавлдағы оқиға: зардап шеккен оқушы жасөспірімнің қалай шабуылдағанын айтты

Петропавлдағы оқиға: зардап шеккен оқушы жасөспірімнің қалай шабуылдағанын айтты
ашық дереккөзі
50229
Петропавлдағы мектепте жасөспірімнің қолынан зардап шеккен оқушы болған жағдай туралы айтып берді. Оның айтуынша, жасөспірім қағаз бен мақтадан жасалған маска киген. Ал қолына асүй балтасы мен пышақ ұстаған. Ал мектеп әкімшілігі жасөспірімнің жақында Алматы қаласындағы психоневрологиялық диспансерден ем қабылдап келгенін айтады деп хабарлады turkystan.kz «Хабар 24» арнасына сілтеме жасап. Зардап шеккен оқушы жасөспірім дәретханаға кірген кезде тап бергенін айтады.
«9-сынып оқушысы шабуыл жасады. Дәретханаға барғым келген. Есікті ашып едім, ол балтамен ұрды. Мектеп формасын киген, бетінде маска болды. Қолына балта мен пышақ ұстап алған. Тағы қыз бен ұл балаға шабуыл жасады. Қыз 10-сыныпта, ұл 9-сыныпта оқиды», – деді ол.
Оқушы қаскөйдің артық шу шығармағанын айтады. Барлығы бірнеше минутта болған.
«Жарақат орнын қарап, қоспроекциялы түсірілім жасады. Басы айналған, жүрегі айнып, қан қысымы көтерілді. Соққы басы, желкесі мен кеудесіне тиген. Ауруханада барлығын тексерді. Мектепке балта және пышақпен қалай кіреді? Тым болмағанда, күзетші тұруы керек емес пе?!» – деді Петропавл қаласының тұрғыны Вера Горбаченко.
Зардап шеккендердің барлығы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, көмек көрсетіліпті.
«Қазір екі оқушы ауруханада, жағдайы тұрақты. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірім балта мен пышақты сөмкесіне салып кірген. Балалардың сөмкесін тексермейді, тексеруге ешкімнің құқығы жоқ. Сондықтан сөмкесіне салып алған, сосын дәретханаға кірген», – деді СҚО Білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібеков.
№4 мектепте барлық оқушылар үйлеріне жіберілген. Бұл жағдайды тергеу үшін арнайы комиссия құрылған.
«Кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталды, онымен құқық қорғау органдары жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар жасөспірімнің психологиялық есепте тұрғаны анықталды. Оқиғаның өзге де мән-жайы сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде тексеріледі. Жасөспірімнің әрекеті мен мектеп әкімшілігіне қатысты құқықтық баға беріледі», – деп мәлімдеді Петропавл қаласының прокуроры Арман Нұртазин.
Мектеп әкімшілігінің мәліметіне сәйкес, шабуыл жасаған жасөспірім 15 жаста. Оған «күйзеліс» диагнозы қойылған. №4 мектепте 2022 жылдың қарашасынан бері білім алады екен. Жақында ғана Алматы қаласындағы психоневрологиялық диспансерде ем қабылдаған көрінеді.

Серіктес жаңалықтары