50265
Автобус жүргізушілерінің жалақысы 40%-ға өседі
Автобус жүргізушілерінің жалақысы 40%-ға өседі
Семейде автобус жүргізушілері ереуілге шығып, таңертең автобус паркінің жолын жауып, қоғамдық көліктердің шығуына тосқауыл қойды деп хабарлады turkystan.kz.
Осы орайда, Абай облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде Семей қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаев, «Семавтопарк» ЖШС директоры Григорий Пинчук пен «Таксомоторлық парк» ЖШС Асқар Зиядановтың қатысуымен брифинг өтті. Кездесуде Семей қаласындағы қоғамдық көлік қозғалысы қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғаны айтылды.
«Қоғамдық көліктер өз бағыттары бойынша сағат 6.00-21.30 аралығында жолаушыларды тасымалдауы керек. Кейінгі үш айда тасымалдаушыларға уақыт жиілігін сақтамағаны үшін 23 млн теңге айыппұл салынды. Қоғамдық көлік мәселесін шешу – қала әкімдігінің қатаң бақылауында, қазір қажетті жұмыстар атқарылып жатыр», – деді жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Медет Алтаев.Қалада қоғамдық көліктер 40 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. Жолаушылар тасымалын жүзеге асыруға жауапты үш мердігер ұйым – «АвтотранСемей» ЖШС, «Семавтопарк» ЖШС және «Таксомоторлы парк» ЖШС жұмыс жүргізуде.
«Кеше жағымсыз жағдай орын алды. Жүргізушілер еңбекақыны көтеру туралы талап қойды. Олармен кездесіп, мәмілеге келдік. 1 ақпаннан бастап жалақы қайта есептеліп, 40%-ға дейін өседі. Жүргізушілерге жұмысты тоқтатпай, кесте бойынша шығуды ұсындық», – деді «Семавтопарк» ЖШС директоры Григорий Пинчук.