Ертең Қазақстан зілтеміршілерінің тағдыры шешіледі

Ертең Қазақстан зілтеміршілерінің тағдыры шешіледі

Ертең Қазақстан зілтеміршілерінің тағдыры шешіледі
ашық дереккөзі
Ертең, 26 қаңтарда Лозаннада Спорттық арбитраж сотының отырысы өтеді. Алдын-ала болжамдар бойынша, сот 3-4 сағатқа созылуы мүмкін. ҚазАқпараттың хабарлауынша, отырыс қорытындысында Халықаралық Ауыр атлетика федерациясы Қазақстан зілтеміршілерін спорттан шеттету жөніндегі нақты шешімін жария етеді. Естеріңізде болса, 2008 және 2012 жылғы Олимпиада сынамаларын қайта ашу кезінде Илья Ильин, Майя Манеза, Светлана Подобедова, Зульфия Чиншанло (барлығы «Алтын»), Ирина Некрасова («Күміс») және Мария Грабовецкаядан («Қола») допинг табылды. Халықаралық Олимпиада комитеті аталмыш спортшылардан Олимпиада жүлделерін кері қайтарды. 2016 жылы 22 маусымда IWF ұйымының атқарушы комитеті 2008 және 2012 жылдардағы Олимпиадаларда бір елден үш спортшыдан допинг табылса, ол елдің ауыр атлетика федерациялары 1 жылға спорттық жарыстардан шеттетіледі деген қаулы қабылдаған болатын.         Қазақстан зілтеміршілердің тағдыры ертең шешілмек. Лозаннадағы отырысқа Қазақстан тарапынан Қазақстан Ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Омар Мұстафин қатысады. Ал Қазақстан мүддесін қорғау үшін адвокат әрі ресми өкіл ретінде тәжірибелі швейцариялық заңгер Клод Рамони болмақ. «Ауыр атлетика федерациясы өз тарапынан сот шешімінің спортшылардың мансабына кедергі келтірмеуі үшін қолдан келгеннің барлығын істеуге тырысады. Себебі біз ең біріншіден, спортшыларды шеттету жазасы қолданылмауына күш саламыз», - делінген «ҚазАқпарат» агенттігінің ресми сауалына берілген Қазақстанның ауыр атлетика федерациясының жауабында. Федерация допингке қарсы жасалған шараларға оң баға беріледі деп сенеді. «Спорттық арбитраж сотында біз допингке қарсы алдын алу шаралары туралы баяндаймыз. Атап айтқанда, біз спортшылармен ондаған семинарлар мен жеке әңгімелесулер өткіздік. Сонымен қатар, Қазақстандық антидопингтік орталықпен бірге ұлттық деңгейде спортшылардан жүздеген сынамалар алынды. Оның үстіне, ҚР ААФ Қазақстандық спорт медицинасы қауымдастығымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Аталмыш байланыстардың негізінде біз спортшыларға жарақаттар кезінде дәрі-дәрмектерді қалай пайдалану қажеттігін, ас қоспаларын тұтыну мәдениетін түсіндіретін сабақтар өткізудеміз», - делінген хабарламада. Федерацияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр ҚР Ұлттық чемпионаттарында допингтің 4 оқиғасы ғана тіркелген. Халықаралық жарыстарда бірде-бір оқиға тіркелген жоқ. Жалпы ел бойынша допингпен күрес жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Егер Қазақстан құрамасын спорттан бір жылға шеттету шешімі шығарылатын болса, онда бұл шешім атлеттердің мансабына қатты әсер етпейді. Спортшылар Азия біріншілігі және әлем чемпионаты сияқты жыл сайынғы турнирлерге қатыспауы мүмкін.      «Ағымдағы жылдың жарыстары лицензиялық болып табылмайды, сондықтан егер қысқамерзімді шеттету болса, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиадаға жолдама жинау науқанына және ұпайларға еш әсер етпейді. Сонымен қатар, спорттан уақытша шеттету команданың жаттығуы доғарылады және ұлттық деңгейдегі жарыстар өткізілмейді деген сөз емес», - деп атап өтті федерация.