Астана қаласында baitursynuly.kz сайтының таныстырылымы өтті деп хабарлады turkystan.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап. Сайтты ҚР ҒЖБМ Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығы жасап шығарды. Онда ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының өмірбаянынан бөлек, көптеген айдарлар бойынша мол мәлімет алуға болады. Олардың арасында – «Әліпби және емле», «Оқулықтар», «Мақалалар», «Хаттар», «Өлеңдер», «Аудармалар», «Қанатты сөздер», «Құжаттар», «Ахметтану» сынды рубрикалар бар. Сондай-ақ бүгін өткен іс-шара барысында А.Байтұрсынұлының қазақ, ағылшын, түрік және орыс тілдерінде тұңғыш рет жарық көрген таңдамалы шығармаларының, ғылыми экспедицияның «Алаш қозғалысы: дерек пен дәйек» атты қорытынды жинағы таныстырылды. «Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақ» газетінің бастауында тұрған тұлға ретінде отандық баспасөздің одан кейінгі дамуына кең өріс ашып берді. Ұлт ұстазының өнегелі өмір жолы – Отанға адал да қалтқысыз қызмет жасаудың өшпес үлгісі. Алаш арысының есімін мәңгі есте сақтап, оның жасампаз ісін жалғастыру – біздің борышымыз», - деді Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының бас директоры Ербол Тілешов. Көпшілік көзайымына айналған жауһар жәдігерлердің тұсаукесер рәсіміне көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, отандық және шетелдік ғылыми ұйымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Жүктелуде...