Халқымыздың күй мұрасын ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз

Халқымыздың күй мұрасын ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз

Халқымыздың күй мұрасын ұрпақ бойына сіңіру – парызымыз
ашық дереккөзі
Кәрима Сахарбаева – қазақ ұлттық музыкасының күйтану саласына байланысты көптеген оқу-әдістемелік еңбектердің авторы. Махамбет атындағы сыйлықтың лауреаты, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының Халық музыкасы факультеті Домбыра кафедрасының профессоры. Көптеген елге танымал, лауреат шәкірттер дайындап шығарған ұлағатты ұстаз. Біз белгілі күйтанушымен ұлттық күй өнеріміздің кешегісі мен бүгінгісін шолып, дәстүрлі қазақ музыкасының болашағы туралы сұхбаттасып, әңгімесін жазып алған едік. Қазақтың небір тұлғалы таланттарына шәкірт болған, бірге қатар тұрып қазақтың ұлттық музыкасын өркендетуге еңбегі сіңген, өмір жолы өнегеге толы ұстаздың айтқандарын қаз-қалпында ұсынып отырмыз. ӨНЕРГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ –ОТБАСЫМНАН СІҢГЕН ҚАСИЕТ Исатай-Махамбеттің жорық жолдары өткен Атырау өлкесіндегі Нарын құ­­­мында дүниеге келдім. Домбыраның, күй­дің әліппесін кіндік қаным тамған жерде үй­рендім, себебі өнерге қызығушылық, оған де­ген іңкәрлік отбасы тәрбиесінен басталады ғой. Әкем жақсы әнші еді, домбыра тартпаса да халық әндерін, батыс өлкесінің әндерін кере­мет шырқайтын, атақты Ғарифолла Құр­манғалиев дауысындай жоғары дауысы бар еді. Көпбалалы отбасында өскен бәріміз домбыра тартып, ән салып өстік. Үй­де беті шүберек баяғы кездегі радио бо­ла­тын, содан берілетін концерттерді тыңдап, қа­зақтың ән-күйлерін тыңдап, ойымызға тоқып, бойы­мызға сіңіріп ержеттік. Сол радиодан бері­летін әндердің сөзін әрқайсымыз жазып үлгеру үшін біреуміз бірінші жолын, екін­шіміз екіншісін осылайша бәрін жазып алып біріктіреміз, үлкеніміз домбырамен әуе­нін үйреніп, құралған толық әнді бір хабарда үйреніп жаттайтынбыз. Екінші апайымыз Күләштің даусы кең, жоғары еді, қазіргі белгілі әншілерден бір де кем емес. Бірақ ауыл­дың тәрбиесі бөлек, артистердің өнерін сый­ласа да қыздарының өнер жолын қууын қа­ламады. Сондықтан әпкемізді өнерге жі­берген жоқ, бірақ біздің ән айтуымызға, күй тартуымызға себепші болды. Қаймағы бұ­зыл­­маған қазақы ауылда халық өнерін игер­ген­дер көп болады ғой, Ғайнеден деген на­ға­шымыз жақсы домбыра тартатын. Үлкен әпкеміз домбыраны сол кісіден үйренсе, біз со­дан үйрендік. Әкеміз ІІ дүниежүзілік соғысқа қатыс­қан адам, мектепте дене тәр­биесі мұғалімі, ауылдық дәрігерлік пунктте мед­брат, колхоздың председателі болып жұмыс іс­теген. Үйге қонақтар көп келетін, солар дом­быра тартса да, ән салса да үйреніп қала­мыз. Қой, қозы қырыққан кезде де үлкен әп­кеміз бізге үйретем деп қораға домбыра ала баратын. Олардың аяғын байлап, жат­қы­зып қойып қырқамыз ғой, домбыраның қы­зығымен аяғы байланған қозыны ұмы­тып, оның іші кеуіп кетіп өлуге шақ қал­ға­нын көрмей, шешемізден таяқ жеген күн­деріміз де болған. Ауыл тіршілігінің бәрін іс­теп үйрендік, түйе, бие, сиыр сауып, арқан-тұ­сау естік, киіз бастық, өрмек және киім то­қыдық т.т. Бес жасымнан атқа отырдым. Қазір таңғаламын, бүгінгідей теледидар жоқ, интернет жоқ заманда сол ауылдағы ән салатындар Арқаның оның ішінде Абай әндерін шырқайтын. Соны қайдан үйреніп ал­ғанын білмеймін.Үлкен әжелер киіз жаб­дық­тарын тігіп отырғанда тебендерін сабақ­тап беріп, олар айтқан әндерді үйреніп ала­тынбыз. Ауылда бет-аузы отқа күйіп қал­ған, еріндік дыбыстарды айта алмайтын Том­шан деген шешеміз болды. Сол кісі Абай­дың «Көзімнің қарасы» әнін айтқанда қағып алып, естігенім бойынша айтып жүрсем, әп­кем естіп қалып маған айтқызып көрді де, «ол апаның ерні-ерніне тимейді ғой, сондық­тан кейбір дыбыстарды айта алмайды, оның өлеңі мынадай» деп әлгі әнді дұрыстап үй­рет­кен болатын. ӨНЕРДЕГІ ЖОЛЫМ АТЫРАУДАН БАСТАЛДЫ Мектептегі арманым математик болу еді. 8-сыныпты қырдағы мектепте бі­тіріп, 9-10-сыныпты Атырау қаласында оқы­дым. Сонда орыс деген ұлтты бірінші рет көрдім. Орыс тілінен Мая, Лиза деген апай­лар оқытты. Орыс тілін түсінбеймін, му­зыканы құлақпен естіп қабылдаған адам­ның жады мықты болады ғой, мен де бір сөзін түсінбесем де орыс тілі мен әдебиетінен са­бақ айтқанда бәрін жаттап алып айтатын едім. Барлық сабақтан «5» алсам да, орыс ті­лі­нен «3» алатын едім. Соны апайлардың бірі сезіп, менімен жеке сабақ өткізіп, тілімді, ұғымымды дұрыстады. Солай орысшаны да үй­рендік. Ол кезде орыс тілінің маңызы жо­ғары еді ғой. Мектеп бітірген соң оқуға тап­сыр­ға­нымда математикадан сынақ ке­зінде менен көшіргендер өтіп кетіп, менің ба­лым жетпей қалды. Сосын қаладағы тұр­мыстық тауарлар шығаратын комбинатқа комсомолдық жолдамамен барып жұмысқа тұр­дым. Онда мәсі тігуді тез үйрендім. Ол за­манда кез келген ұжымда көркемөнерпаз­дар үйірмесі болуы міндетті еді, оны бас­шы­лық қатты қадағалайтын. Сол жерде жұ­мыс­қа кірген жылы қараша айының соңында көр­кемөнерпаздардың облыстық байқауы бол­ды. О кезде домбырамен ән салып, күй тар­там, баянмен түрлі ұлттың әнін айта­тын­дарды сүйемелдеймін. Байқауда домбырамен ән салып, тамағыма суық тигізіп алғандықтан екінші, ал күйден бірінші орын алдым. Орын­дап болған соң «сені жюри мүшелері ша­қырып жатыр», – деді. Барсам, бір қарасұр кісі отыр екен, «сен музыкант болғың келмей ме, мында музыкалық училище бар, жақсы біті­ріп шыққандар Алматыға барып оқып, жұ­мыс істеп жатыр», – деді. Мен «әке-ше­шем­мен ақылдасайын», – дедім. Себебі ата-ана­мыз тәп-тәуір әнші болатын қабілеті бар үл­кен әпкемді өнерге жіберген жоқ, содан қор­қып қалғанбыз. Үйге келіп, мені оқуға шақырып жатқанын айтқанымда, ең үлкен әпкемнің күйеуі (музыкалық училищеде дом­бырадан сабақ беретін) «оқу жылының жар­тысы бітіп кеткенде сені қалай оқуға ал­мақшы», – деп таңғалды. Мен әкемнің ең жақ­сы көретін қызы едім, «оқуға шақырса бара ғой», – деді. Училищеге барғанымда (қа­зір ол оқу орны Дина Нұрпейісова атын­дағы халықтық музыка Академиясы Атырау музыка колледжі деп аталады) маған «есту қа­білетің жақсы екен деп қобызға аламыз», – деді. Қобызға барғым келмейтінін айтқанымда, «домбырамен екеуін қатар оқи бер» деді ұстаздарымыз. Қобызды ең алғаш қалаға келгенде көргем (Атырау өңіріне қобызды өнерін сіңірген Раушан Нұрпейісова деген апаймыз еді). Бір айдан кейін емтихан тапсырғанда домбыра сабағынан «5» алдым да, қобыздан төрт алдым. Сосын домбыраға қалдырды. Оқуға үлгеру үшін үйден таңғы 5-те шығам, одан біраз жаяу жүріп, бірінен соң бірі – екі автобусқа кезек-кезек отырып оқуға жетем. Сөйтіп, аталған оқу орнын үз­дік бітірдім. ІІ курсты оқып жүргенде әкем дүние салды. Музыкалық училищені бітір­генде мемлекеттік емтиханға келген атақты ком­позитор Кенжебек Күмісбеков «айна­лайын, сенің болашағың бар, Алматыға кел», – деп консерваторияға шақырды. Ме­нің ұстазым, атақты домбырашы, дирижер Боздақ Рзақа­нов анама келіп «жеңеше, қызды жібер, бо­лашағы бар. Міне жолына», – деп ақша берді. Сырттай оқуға барады деп отырған анам: «Қой, қайным, өзіміз қараймыз», – деп алма­ды. Сөйтіп, ұшақпен Ақтау арқылы Ал­ма­­ты­ға келіп, консерваторияға күндізгі бө­лім­ге оқуға түстім. АЛМАТЫ МЕНІҢ ӨНЕРІМДІ ШЫҢДАДЫ Алматыға келгенімде құжаттан кеткен ол­қылықтан аздап қиналдым. Маған Аты­рау­дағы өзім бітірген оқу орнынан берілген жолдаманың аяғында «консерваторияға жол­дама берілді» деген сөз жоқ екен. Содан Атыраудан келетін толықтырылған жол­даманы күтіп, Алматыдағы Бас поштаға күн­де барам. Біраз күттім, ақыры оның келуі­нен үмітімді үзіп, консерваторияның рек­торы Ғазиза Жұбанова апайдың қабыл­дауына кірдім. Мән-жайды білген ол кісі тиісті адамдарға телефон шалып, «мына қыз­дың құжатын қабылдаңыздар», – деп бұйыр­ды. Құжатым қабылданған соң пош­таға соқсам, Атыраудан екі апта бұрын кел­ген хат сол жерде жатыр... Оны дереу кон­серваторияға апарып тапсырдым. Емти­хан­дарды жақсы өткізіп атақты домбырашы Қали Жантілеуовтің шәкірті, домбыраның алғашқы профессоры Хабидолла Таста­нов­тың сыныбына түстім. Сабақтан бос уақытта Бас поштада хат сұрыптаушы болып жұмыс істедім. (Поштаның ғимараты консер­ваторияға берілген болатын, кейін, 2003 жылы – факультетке декан болғанымда сол баяғы өзім хат сұрыптаған бөлмеде отыр­ға­нымның өзі бір қызық тарих). Консерва­торияда оқудың бәрі орысша, мамандықтан тысқары қоғамдық пәндер екібастан. Жал­ғыз ғана қазақша түсініп, сабақты қазақ­ша айтқызатын, әлі күнге осында істеп келе жатқан ұстазымыз – Тамара Мухаме­дияр­қызы. Консерваторияны үздік бітірдім. Атақ­ты дирижер Шамғон Қажыға­лиев ағамыз менің Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық оркестріне, атақты күйші-дом­быра­шы Әзидолла Есқалиев ағамыз «Қазақкон­цертке» шақырды, бармадым. Жолдамамен ауылға кеттім. Сол жылы дәстүрлі музыка бойынша аспирантура ашылып, консер­ваторияның ректоры Ғ.Жұбанова сол жақ­тағы басшыларға телефон соғып, жолдаманы қайтарып, мені шақырып алды. Сөйтіп, дәстүрлі музыканың аспирантурасына ал­ғашқы тыңдаушысы болып, Құбыш Мұ­хи­товтың сыныбына түстім. Оқуға түскен соң маған консерваториядан жартылай жүк­темемен бірнеше студент беріп, ұстаздық жұ­мысқа да қабылдады. Солайша, аспиран­тураны бітірген соң өзім білім алған Құр­ман­ғазы атындағы Қазақ ұлттық консерва­то­рия­сында оқытушы болып қалдым, әлі осы жер­де ұстаздық қызметтемін. Оған да 43 жыл, жалпы өнер саласындағы ұстаздық өті­ліме, училищені қосқанда 50 жыл толды. ҰСТАЗДАРЫМ ДА, ТҰСТАСТАРЫМ ДА МЫҚТЫ АДАМДАР Консерваторияда жас ұстаз болып іс­теп жүргенімде, 1987 жылы дом­быра ка­федрасының меңгерушісі болып белгілі ди­рижер, күйші-композитор Айтқали Жайы­мов келді. Шынын айту керек, ака­де­мик Ахмет Жұбанов дүние салғаннан кейін күй зерттеу, жинақтау, күйлерді нотаға тү­сіру тоқырап қалғандай еді. Ол жұмыстар Айт­қали Тілепқалиұлы келгеннен кейін қай­та жанданды. Кейін ол кісі Құрманғазы атын­дағы Ұлттық оркестрдің Бас дирижері бо­лып тағайындалғанда белгілі композитор, күйші Мәлгаждар Әубәкіров кафедраны бас­қарып, Қаршыға Ахмедияров жалғастырып, Айт­жан Тоқтаған ағамыз (ол кездегі ор­­та буын) кафедра жұмысына соны серпін әкел­­ді. Негізі, мен Хабидолла Тастанов, Құ­быш Мұхитов секілді ұстаздарымнан соң осы күйді нотаға түсіруде, музыка тарихымен ай­налысуда, домбыраның репертуарын кеңей­туде, орындаушылық өнерді дамытуда Айтқали Жайымов, Қаршыға Ахмедияров се­кіл­ді ұлтымыздың тұлғалы таланттарын өзі­ме ұстаз санаймын. Одан кейінгі дәуірде де ұлттық музыка өнеріне еңбегі сіңген қазақтың бел­гілі музыкант мамандарымен үзеңгілесе еңбек етіп келемін. Біләл Алпанұлы, Әбділ­хамит Райымбергенов секілді тұстастарым­мен де дәстүрлі музыка жөнінде көп ақыл­дасып, кеңесіп отырамын. Өнерді игеру тек оқытқан адамдардан ға­на емес, айналаңды көру, өзіңнің тұстастарыңмен сұхбаттасу арқылы да бойға сіңеді. Кейде өзің шығармаларын сүйсініп оқитын тұлғалардан да көп нәрсе үйренесің. Мә­селен, Әбіш Кекілбаев ағамыздың «Күй құ­діреті» деген мақаласын оқығаннан кейін, сол кісінің күй туралы терең танымына таң­ға­лып, көпке дейін қолыма қалам ұстай ал­май жүрдім. Ол кісінің күй жайындағы терең толғамдары ұғымыңды кеңейтіп, өзің бұрын білмей жүрген жайттарды ойыңа сіңіретіні ғажап қой. Одан кейін Ақселеу Сейдімбектің күй туралы жазғандарынан көп нәрсе үй­рену­ге болады. Сондықтан мен өзімді ұстазы көп адам санаймын. Тіпті, өзің тәрбиелеп жүр­ген дарынды жастардан да үйренетін нәр­селер болады. Олардың арасында күйді өзің үйреткеннен де артық орындап таңғал­дыратындары кездеседі. ҚАЗАҚ КҮЙЛЕРІНІҢ ЗЕРТТЕЛУІ, ОРЫНДАЛУЫ ТУРАЛЫ БІРЕР СӨЗ Ахмет, мен орындаған күйлер жайында сұрап отырсың ғой, менің орындауымда ха­лыққа жетіп жүрген «Тұндырма», «Ыс­қыр­ма», «Қосағалы», «Керілме», «Қоңыр», «Жел ашар», «Жұмабике», «Ақбала қыз», «Ат қал­ған» т.б. күйлердің бәрі – композитор Дәу­леткерей туындылары. Мұны ел арасында му­зыкалық сауаты жоқ, домбыраны өз бе­тінше үйреніп, күйлерді құймақұлақтықпен игерген халық арасындағы таланттар жет­кізген бізге. Жалпы, қазақ күйлерін алғаш рет но­таға түсіріп таратқан, музыкант­тар­дың назарын аудартқан Александр Затае­вич деп жүрміз ғой. Бірақ одан бұрын, яғни 1919-1922 жылдар аралығында Ақмола сая­си бөлімінде нұсқаушылық қызмет атқа­рып жүріп, қазақ әндерін нотаға түсірумен шұ­ғылданған голланд Альвин Эрнестович Бим­боэс деген кісі болған. 1926 жылы Н.Фин­дейзеннің редакциялауымен шыққан «Му­зыкалық этнография» жинағында Бим­боэстің қазақ музыкасы туралы жазған көлемді мақаласы беріліп, қазақтың жиырма бес әнінің нотасы басылады. Осы аталған жи­нақтың ішінде «№ 1 Шакарим», «№ 2 Ша­ка­рим» деген атпен Шәкәрімнің екі әні жа­рық көреді. Бірақ екі әннің нотасы бол­ғаны­мен өлеңі берілмей, орыс тілінде мазмұны ғана берілген. А.Бимбоэс нотаға түсірген «№1 Шакарим» әнінің екінші түрі А.Затае­вич­тің 1925 жылы шыққан «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына «Тілек-бата» деген атпен енген. Ал Затаевич 1926 жылы Орынборға ке­ліп, қазақ әндерін нотаға түсірген. Бірақ ол кісі тіл білмейтін, қазақ аспаптарымен та­ныс емес, қандай интервал естіді, соны тү­сірген. Затаевичке қазақтың күйлерін жаз­дыр­ғандар Науша Бөкейханов (Дәу­лет­ке­рей­дің жиені), Махамбет Бөкейханов, белгілі күй­ші-домбырашы Лұқпан Мұхитовтың аға­сы Ғұбайдолла Мұхитов секілді саңлақтар. Жә­не сол кезде Орынборда қызмет атқарған қо­ғам қайраткерлері Қаныш Сәтбаев, Алма Ораз­баева, Темірбек Жүргенов, Елубай Өмір­зақов секілді өнерпаздар мен оқып жүрген сту­денттер т.б. Соның өзінде қазақтың ән-күй­­лерін насихаттап, Ресейдегі музы­кант­тар­ға таныстырған. Олардың кейбіреуі Затае­вич нотаға түсірген ән-күйлерді өз шы­ғар­машылығында пайдаланған. Ал қазір біз күйлерді нотаға түсіргенде домбыраның екі шегіне жазамыз, яғни қай тұста қандай сау­сақпен, қандай перне аралығымен алын­ғанын, қағысын қоямыз. Қазақтың ұлттық музыкасын терең зерт­теуді алғаш қолға алған – академик Ахмет Жұбанов. 1933 жылы Ленинград (Санкт-Пе­тер­бор) консерваториясының аспирантура­сында оқып жүрген А.Жұбановты Алматыда ашылған музыкалық училищеге шақыртып алған. 1934 жылы ол алғаш рет 11 адамнан құрал­ған домбырашылар ансамблі негізінде Қазақ ұлттық халық оркестрін ұйым­дас­тыр­ды, бұл қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлт­тық оркестрінің негізі еді. Міне, осыдан бас­тап қазақтың ұлттық музыкасының бағы ашыл­ды. Әділін айтсақ, егер Ахмет Жұбанов 1934 жылдан бастап қазақ күйлерін, елдегі да­рынды орындаушыларды Алматыға алды­рып зерттемегенде қазақтың арғы музыкасы бергі дәуірмен қауышпай қалар еді. Сол жылы Алматыда өткен республикалық ха­лық өнерпаздары слетіне қатысқан Қали Жан­тілеуов, Оқап Қабиғожин, Жаппас Қалам­баев сынды 11 күйшіні Алматыға жұ­мыс­қа қалдырып, музыкалық драма тех­нику­мының студенттерін қосып, 17 адамнан тұратын алғашқы ансамбльмен концерт бергізген. 1935 жылы Науша Бөкейхановты, 1936 жы­лы Смағұл Көшекбаевты жіберіп, Дина Нұр­пейісованы, 1937 жылы Меңдіғали Сү­лей­менов, Төлеген Аршанов, т.б. күйшілерді Алма­тыға алдырған. Дина мен Меңдіғали – Құр­манғазының қасында жүріп, күйлерінің өзі­нен үйренген күй атасының төл шәкірт­тері. Ал Қали мен Оқап Мәменнің шәкірттері, Мәменнің өзі Құрманғазының төл шәкірті. Міне, Ахмет Жұбанов төл шәкірттері Дина мен Меңдіғалиды қатар тартыстырып: «Қай­сыңыз­дың орындауларыңыз ұстаздарыңызға ұқсайды?» дегенде, Дина: «Меңдіғали тура ұстаз­ша орындайды» депті. Сонда Меңдіғали «ол кісіге жету қайда, ұстаз тартқанда дом­быра қайыстай балбырап кететін еді ғой» де­ген екен. А.Жұбанов мұның барлығын өз ең­бегінде жазып кеткен. Меңдіғали Сүлей­ме­новтен Құрманғазының 80-ге тарта күйі жа­зып алынған. Кейін ол кісі жасы келген­діктен елге оралған, мұнан кейін Ахаң Дина мен Оқапқа Құрманғазы күйлерін тарттырып отырып кімнің нұсқасы ори­гиналға жақын­дығын сұрағанда Дина тағы да: «Балам, менің алуымда бір шалалық бол­ған шығар, Оқаптың орын­дауы дұрыс», – деп әділін айт­қан көрі­неді. Дина Нұрпейісова – Құрман­ғазы­ның күй­лерін өзінен үйренген төл шә­кірті болса да, шығармашылық жағынан өз алдына мектеп қалыптастарған айтулы ком­позитор. Ұстазымен екеуінің арасында та­қырыптық, әуендік жағынан ұқсастығы болуы мүмкін, бірақ домбыра қағысы, сол қо­лының күйді алуы да, күйлерінің иірімі де бас­қа, өзінше бөлек дүние. Ал Науша Бөкейхановтың орындауын­дағы Дәулеткерейдің күйлерін Жұбанов но­таға түсіріп алған. «Дәулеткерей» деген үл­кен жинақ та шығарды. Бірақ Дәулет­ке­рейді ханның тұқымы деп оның шығарма­шы­лығына Кеңес үкіметі теріс қарағаны бел­гілі. Науша Бөкейхановтың 90-ға жақын күй орындап бергенін, оның көбінің Дәу­лет­керейдің күйі екенін Ақаң жазып қал­дырған. Ал қазір біздің қолымыздағы Дәу­лет­керей күйлері варианттарымен қоса ал­ға­нда да 50-ге де жетпейді. Күйшінің Науша жа­зып қалдырған күйлеріне кейін іздеу са­лып, Қаршыға Ахмедияров бәріміз қауіп­сіздік комитетінің архивіне де бардық, бірақ табылмады... Дәулеткерейдің ұрпағынан тап­қанымыз, күйшінің шөпшегі – Шығаева Мая Хаджеденқызы, ҚазҰУ-дың профессоры, ғылым докторы. Дәулеткерейдің «Жігер» деген кітабына апайдың сұхбаты берілді, сон­да ол өз тегі туралы кеңірек айтуға тар­тын­ған еді. Өйткені ханның тұқымы болған­дық­тан, көп қысым көрген және бұл бірнеше ұрпақ­қа дейін жалғасқан ғой. Тіпті, Ахмет Қуа­нұлының өзі екі рет партиядан шыға­ры­лып, жұмыстан қуылған, 37 жылғы нәубетте Мәскеуге кетіп бас сауғалаған. «Екі ішекке табынған академик» деген жала да жабылған. Қаршыға Ахмедияров Затаевичтің кіта­бы­нан Дәулеткерейдің күйлерін алып, Науша Бөкейхановтың көзін көрген Рүстембек Омаров, Қали Жантілеуовпен бірлесе қал­пы­на келтіріп, кең тарағандарын ғана орын­дады. Бұрында біз домбырадан сабақ бер­ген­де жүктеменің жартысына екі бөлімді кон­церт беру кіретін. Біреуі – домбыраның ре­пертуары бойынша шығармалар орындау, екін­шісі күйлер болатын. Оны өткізу үшін ал­дына ала концерт беретін залды алып қойып, жарнама жасайсың, жоспарды орын­дау қатаң қадағаланатын. Жылда бір кон­церт­ті қайталай бермейсің, бағдарлама өз­герісті болуы шарт. Сондықтан жаңа ре­пер­туар іздейсің. Бірде кафедрада сол концерт жайын ақылдасып отырғанда маған бас­шылық «Сенің орындаушылық болмысың Дәу­леткерей күйлеріне келеді, сондықтан сен Дәулеткерейдің күйлерінен концерт жа­са» деген тапсырма берді. Құбыш, Қаршыға ағаларымыз, өзге де ұстаздар маған мына күй­ді былай орындау керек, келесісінің орын­дауында мына жайтты ескеру керек деп бағыт берді. Содан кейін мен сөзімнің ба­сында айтып кеткен Дәулеткерей күйлерін орындауға дайындалдым. Дәулеткерей күйлерінде құрылымдық, орындаушылық өзіндік ерекше­лік­тер баршылық. Құрманғазыда азаттық та­қы­рыптарындағы дауылды, екпінді күйлер ба­сым болса, Дәулеткерейде сұлулықты ма­дақ­таған лирикалық иірімдер басым. Ол – «тө­ре» күй мектебінің іргесін қалаушы. Оның «Құдаша», «Жеңгем сүйер», «Қаражан ха­ным», «Көркем ханым», «Ақбала қыз», «Жұ­мабике», «Қыз Ақжелең» (екі-үш түрі бар) – бәрі де әйел, сұлулық тақырыбындағы, сон­дай-ақ Құрманғазымен кездескеннен кейін өнеріне серпіліс әкелген «Жігер» сияқты т.б. да өзгеше күйлері баршылық. Әрине, күйлерді концертте орында­дым, бірақ мұны халыққа жеткізу жағы да бар. Сол үшін Дәулеткерейдің өзім орын­даған күйлерінен үнтаспа шығардым. Оның ішінде архивтен табылған Динаның орын­дауында жеткен «Көркем ханымның» бір нұсқасы да бар. Бізде күйде эталондық нұсқасын анықтауда жақсы орындаушының үлгісін алу керек деген ұстаным бар. Сон­дықтан мен Дәулеткерей күйлерінің CD дискісін құрастырғанда Дина Нұрпейісова, Қали Жантілеуов, Рысбай Ғабдиев, Әзидолла Есқалиев, Бақыт Қарабалина, Қаршыға Ахмедияров, Шәміл Әбілтаевтардың орын­дауындағы нұсқаларды негізге алдым және оның өзгелер орындай бермейтін, сонау Нау­шадан кейін қолға алынбаған күйлерін өзім орындап альбомға енгіздім. Олардың бәрі бүгінде оқу бағдарламаларында, кон­курстарда орындалады. Пандемияның кезінде, 2020 жылы Дәулеткерей Шығайұлының 200 жылдығына байланысты Батыс Қазақстан облысы онлайн байқау ұйымдастырғанда оған 200-ге жуық орындаушы қатысты, арасында музыка саласында жүргендер де және қарапайым домбырашылар да бар. Сол байқауда өзің айтып отырған сирек тар­тылатын күйлері де орындалды. Сонда бір әзер­байжан қызы өте қиын «Тұндырма» күйін тартқанда қатты таңғалдым. Бұл – өзім тартқан жүрген Дәулеткерей күйлері ха­лыққа жетіп жатыр деген сөз. Анығында, консерваторияның домбыра мамандығында оқитын студенттерге 2 курстың екінші жар­тысында арнайы Дәулеткерей күйлері үйре­тіледі. Соны еліміздің барлық жерінен келген домбырашылар үйреніп, елге таратып жа­тыр. Демек, менің бұл тараптағы еңбегім еш кет­кен жоқ. Сондықтан әлі де Дәулеткерей шы­ғармаларын насихаттай беремін. Енді Дәу­леткерейдің күйлерін түгел жинақтап бол­ған сияқтымын, кітабын шығармақ ойым бар. КҮЙДІҢ НАСИХАТЫ ӘЛІ ДЕ АЗДАУ Жалпы, елімізде маман домбыра­шылар жеткілікті болса да, ұлттық өне­ріміздің өзгелерде жоқ ерекше бір түрі – күйлердің насихаты әлі де жеткілікті дей ал­маймын. Қазақ күйлерінің халыққа бел­гілі, танымалдары сахнада жиі орындалатын, сондай-ақ мерекелік шараларда оркестрлер орындайтын жиырма-отыздай күй, оны мен айтпасам да ел көріп те, айтып та жүр. Сахнаға шығатын да санаулы белгілі дом­бырашылар. Сосын лирикалық күй кон­церттерде орындала бермейді, оны көбіне күйсүйер қауым тыңдайды. Ал қасиетті күй­ді елдің барынша кең тануы үшін наси­хатты күшейту керек. Кезінде біз мектептердегі үзіліс кезінде қазақ күйлерін қою жөнінде мәселе көтергенбіз. Сонда өсіп келе жатқан жас ұрпақ ұлттық өнерге жақын болып, олардың ойында күйлер мен оның авторлары туралы мәліметтер қалар еді. Өзіміздің де жас кезде естігеніміз әлі құлағымызда тұр. Біз – сахнаның сыртындағы адамдар­мыз, ұстазбыз, күйтанушымыз. Біз­дер­дің парызымыз – халқымыздың күй мұра­сын ұрпақтың бойына сіңіру. Менің күй­танушы болуыма бабалардың, ұстаздары­мыздың аманаты себепші болды. Біздің шәкірттеріміз халықтың алдына шығып жүр, лауреат атанып жатыр. Біз бұған тек қуа­намыз. Ал олардың ұстаздарын да ескере жүр­се артық болмас. Қазір, әрине, көбіне күйді нотамен үй­ретеміз. Сол сияқты күйді құлақпен алуға да бет бұрудамыз, мұнан нотадан бас тару деген деп ойламау керек. Бұрынғы кездегі әр күй­шінің өзіндік мәнері болатын себебі, олар күйді құймақұлақ әдісімен сіңірген және орын­дау кезінде еркіндікке, көңіл күйіне орай импровизацияға да жол береді. Бұрын­ғының құлаққа қона қалар әуезін қайтара алсақ, шіркін! Нотада есеп бар, бірақ күйші жастармыз баршылық. Қазір күйлерді заманауи, компьютерлік әрлеумен орындап, елімізден тысқары жерлерге танытып жүрген жастар бар. Әрине, ол да бір бағыт, бірақ қазақ күйлерінің табиғи негізі сақталғаны дұрыс. Бүгінде күйге екпін қосылып, жылдам­дау ойналып жатыр деген де сөз жоқ емес, бірақ қазіргі ғасырдың екпіні жастарға әсер етпей тұрмайтыны да анық. Алайда төк­пе күйлерде екпінге негізделген туын­дылар бар, оны ыбылжытып жай тартуға да болмайтын шығар. Күй өнеріне ұлттық музыканы ерен тү­сінген, құдіретін сезінген жастар ға­на келетіні анық. Себебі бұларға тойларда, сон­дай отбасылық мерекелерде сұраныс тым аз, бара қалса екпінді немесе қол ойнататын (эффект) күй орындамағанда неғылады. Мұн­дай мамандар санаулы, күнде шығып жат­қан эстрада әншілеріндей емес. Ертең жұ­мысқа тұрғанда да ойдағыдай жалақы ал­майтындары да белгілі. Сонда ұлттық төл аспа­бымызды жанына серік еткен жастарға, олардың ата-аналарына да, оларды оқытып тәр­биелеп жүрген ұстаздарға да басымды ие­мін.

Әңгімені жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ