Сенсация: Отандық компания альбинос балығынан ақ уылдырық алды

Сенсация: Отандық компания альбинос балығынан ақ уылдырық алды

Сенсация: Отандық компания альбинос балығынан ақ уылдырық алды
ашық дереккөзі
Еліміздегі балық шаруашылығында өте сирек кездесетін құбылыс, аналық альбинос балықтары ақ уылдырық берді. Отандық Halyk Balyk компаниясы бекіре балықтарын дәстүрлі биотехникасын ұйымдастырып, сақтай отырып ақ уылдырық алу деңгейіне жетті. Осы орайда «Halyk Balyk» ЖШС компаниясы бас директорының орынбасары Мейрамбек Пазылбековпен сұхбаттасқан болатынбыз. – «Аналық альбинос балықтарынан ақ уылдырық алдық, отандық ғылым да бұны жасай алмаған» дедіңіз. Қанша уақыттың жемісі? Қалай алдыңыздар? Жалпы процесстің қалай болғанын айтып берсеңіз. – Halyk Balyk компаниясы альбинос балығынан ақ уылдырық алды. Табиғатта бұны ауытқушылық дейді. Яғни бұл құбылыс мыңдаған балықтың ішінен бекіре балығында ғана болып тұр. Бұл өте сирек кездеседі. Енді аналық балықтарынан шыққан альбиностарды өзара ұрықтандырып, келесі ұрпақты алуға жұмыс жасап жатырмыз. Бізге бұл балықтарды өсіру үшін, шабақ күнінен бастап жетілген, піскен уылдырық күйіне жету үшін 10 шақты жыл қажет болды. Бұны ғылым да жасай алмады деген себебім – біріншіден, бүгінгі таңда ғылым бұндай маңызды, коммерциялық тұрғыдан да, ғылыми тұрғыдан да құнды дүниемен айналысуды басты мақсаты етіп қарастырып тұрған жоқ. Әйтпесе, бұл салада өздері жұмыс істемесе де, балықтары бар біз секілді компанияларға келіп, «жұмысты ғылыми негізде әрі қарай дамытайық» десе, жүзеге асыруға болатын жоба. Біз алғаш рет 2022 жылдың 19 сәуірінде ақ уылдырық алған кезде, жаңалықты әлеуметтік желіде жарияладым. Бірінші кезекте қазақстандық емес, шетелдік ғалымдар мен достарым хабарласып, құттықтады. Себебі бұл саламен айналысып жүргендері қаншама, бірақ дәл осындай нәтижеге жете алмай жатыр. Неге? Себебі альбиносты олар шығарды, одан уылдырық алды, бірақ алынған уылдырықтың ішінде 100% ақ уылдырық болмады, арасында қарасы араласып жүрді. Сол үшін қаншама уылдырық ішінен оларға қарасын айыруға тура келді. Ал біздің үйірдегі аналықтар тап-таза, 100% ақ уылдырық берді. Бұны өндіріске бағыттап, көбейтіп және арнайы альбиностың үйірін ұстауды мақсат етіп қойдық. Себебі бұл – біздің алғашқы нәтижеміз, алғашқы жетістігіміз. – Ақ уылдырық қаншалықты құнды? – Ақ уылдырықты – «алтын уылдырық» деп те атайды. Еуропа мен Араб елдерінде өте құнды. Әсіресе қорытпаның альбиносының уылдырығы нарықта 30 мың долларға дейін бағаланады. – Ақ уылдырықтың қара уылдырықтан қандай айырмашылығы бар? – Жалпы дәмінде, құрамында, азықтық құрамында ешқандай айырмашылық жоқ. Оның ерекшелігі – сирек кездесетіндігінде. Екіншіден, ақ уылдырықты дайындаған кезде түсі ақ алтын сияқты болып жалтырап тұрады. Қолданыста, өсірілімде де өте аз. Тек коммерциялық тұрғыдан ерекше десек те болады. – Балықтан ақ уылдырық алу қаншалықты пайда әкеледі? – Ақ уылдырықты алу үшін өте көп уақытты сарп ету керек. Себебі шаруашылықта мыңдаған шабақты өсіргенмен, оның ішінде альбиностар кездесуі де, кездеспеуі де мүмкін. Жалпы бекіре шаруашылығы – қиын шаруашылық. Жауапкершілікті, қаржыны және уақытты талап етеді. Пайдасына келетін болсақ, егер де біз ақ уылдырықты Қазақстан атынан Еуропа, Араб елдеріне шығаратын болсақ, ол Қазақстанның өнімі ретінде сатылымға шықса, келісін 20-30 мың доллардан сатсақ, коммерциялық тұрғыда пайдаға кенелер едік. Сонымен қатар Қазақстанның аты шығар еді. Яғни көптеген елдер өндіре алмаған дүниені Қазақстан өндіріп жатыр деген ой қалыптасады. Өйткені бұл – ғылымдағы және өндірістегі жетістік. – «Бұнымен тоқтап қалмаймыз» депсіз. Алда қандай жоспар бар? – Бұл – біздің алғашқы өніміміз. Бұл үшін компания ұзақ жұмыс істеді. Қажет болған жағдайда ақша жұмсап, шетелдік мамандармен әріптестік орнатты. Сондықтан бұл оңайлықпен келген дүние емес. Бір өкініштісі – бұл жетістігімізге балық шаруашылығы комитеті тарапынан ешқандай жауап, кері байланыс болмады. Бұл біз үшін кедергі емес, өзіміздің бағытымызды айқындап алғанбыз. Жалғыз альбинос емес, басқа да балық түрлерін өсіреміз. Алдағы уақытта бекірелердің түрлерін көбейтіп, одан уылдырық алып, оны дамыту – бір бағытымыз болып қалады. Сонымен қатар Halyk Balyk компаниясы менің жетекшілігіммен Қазақстанда қызыл кітапқа енген арал бекіресінің қорын көбейту бағытында жұмыс істеп жатыр. Қазіргі таңда оларды рұқсат арқылы аулап, өзіміздің шаруашылыққа әкеліп жатырмыз. Оларды бейімдеп, қолда өсіруге, тамақ беруге үйретілген үйіріміз бар. Яғни тірі балықтарымыз бар. Ал ол балықтар дүниежүзі бойынша қызыл кітапқа енген. – Жауабыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан: Ақмарал БЕРЕКЕТ