Италияда қаза тапқан студент туралы тың деректер белгілі болды

Италияда қаза тапқан студент туралы тың деректер белгілі болды

Италияда қаза тапқан студент туралы тың деректер белгілі болды
ашық дереккөзі

Италияда қаза тапқан 27 жастағы қазақстандық қыз Назарбаев Университетінің түлегі болған деп хабарлады turkystan.kz.

Университет өкілдері Әсем Жарбосын туралы мәлімдеме жасап, оның отбасына көңіл айтты.
«Назарбаев Университеті 2023 жылдың 17 қаңтарында Әсем Жарбосынның кенеттен және кездейсоқ қаза табуына байланысты шын жүректен көңіл айтады. Ол 2020 жылғы Назарбаев Университетінің химия және материалдар инженериясы мамандығы бойынша магистратураның түлегі болды», - делінген хабарламада.
2021 жылы Әсем Салерно университетінің (Италия) докторантурасына түсіп, TUSAIL жобасы бойынша берілетін стипендияның иегері атанған.
«Ол бұл стипендияға Назарбаев Университеті магистратурасында оқып жүрген кезінде жүргізген алғашқы зерттеулерінің нәтижелері үшін ие болды», - деп атап өтілген университеттің баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ,мәлімдемеде бұрынғы әріптестері, зерттеушілер Әсемді ғылымға құмар, әлемге пайдалы зат ойлап табуды армандаған, ақкөңіл, жанашыр, өршіл жас ретінде еске алады.

«Әсем - нәзік әрі ұялшақ, ерекше сұлу, сонымен бірге өте ақылды және талантты қыз болды, дарынды балаларға арналған мектепте оқыды, домбырада керемет ойнады. Әр ата-ана осындай баланы армандайды. Менімен бірге Әсем Еуразия ұлттық университетінің бакалавриат студенті болған кезінде, никель көбігінде графенді синтездеу бойынша дипломдық жұмысын аяқтады, сәтті қорғалғаннан кейін Назарбаев Университетінің магистратурасына түсіп, сәтті аяқтады. Әсем зерттеу жұмыстарында өте тиянақты болды, оның зертханалық жазбалары көркем туындыға ұқсайтын. Кейін мен оның жазбаларын барлығына үлгі етіп қойдым. Бұл – бәріміз үшін өте үлкен қаза және адам сенгісі келмейтін қайғы. Барша туған-туыстарына көңіл айтып, бірге қайғырамыз, иманды болсын», – дейді National Laboratory Astana (NLA) жетекші ғылыми қызметкері Әлия Мұқанова.

«Ғылымның дамуына үлес қосып, өмірі күтпеген жерден аяқталған Әсем Жарбосынның отбасы мен жақындарына көңіл айтамыз. НУ түлектері қауымдастығы Әсем Жарбосынның отбасына қайырымдылық акциясын ұйымдастырып жатыр», - деп қосты университет. Қайғылы оқиға 17 қаңтарда болған. Салерно университетінің 27 жастағы докторанты көшеден өтіп бара жатқанда, оны Меркато Сан-Северино қаласының 20 жастағы тұрғыны басқарған сұр түсті Peugeot 308 көлігі жаяу жүргіншілер өткелінде қағып кеткен. Оқиға Станислао Листа көшесінде, Джузеппе Верди атындағы опера театрының жанында болды.