Баян Мақсатқызы Turkystan.kz сайтына шыққан сынға жауап берді

Баян Мақсатқызы Turkystan.kz сайтына шыққан сынға жауап берді

Баян Мақсатқызы Turkystan.kz сайтына шыққан сынға жауап берді
ашық дереккөзі
Қазақстандық продюсер Баян Мақсатқызы әдебиеттанушы-ғалым Мақсат Тәж-Мұраттың «Мәншүк» телесериалына қатысты сынына жауап жазды деп хабарлады turkystan.kz. Ол «Түркістан» газетінің сайтына жарияланған сыни мақаланы аудартып, егжей-тегжейлі танысып шыққанын айтты.
«Құрметті, Мақсат Тәж-Мұрат мырза! Үлкен ізденіс пен тарихқа деген адалдығыңыз үшін алғыс айтамын! Сіздей азаматтар «Желтоқсан» немесе «Жаңаөзен» оқиғасын зерттесе, қандай пайдалы іс болар еді деп ойлаймын. Мен – батыстың, Мәншүк Мәметова туып-өскен Оралдың қызымын. Апамыздың ескерткіштеріне қарап, оның ерлігі мен өжеттігін үлгі етіп бойжеткен қазақтың қызымын. Ол жайлы туынды түсіру бірнеше жылғы арманым болғанын да жасырмаймын. Небір қиындыққа қарамай, осы фильмді көрерменге жеткізе алғаныма қуаныштымын!» деп жазды ол Instagram-дағы парақшасында.
Сондай-ақ продюсер фильмді түсірмес бұрын, Мәншүк Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығармаларды түгел оқып шыққанын жеткізді.
«Енді сынға келетін болсақ. Біз бірде-бір пресс-конференция не релизде деректі фильм түсіріп жатырмыз деп жариялаған жоқпыз, 100 пайыз тарихи шежіре дайындаймыз деп те хабарламадық. Көркем фильм, жалпы көркем шығарма деген дүниенің жанрлық ерекшелігі - автордың қиялына ерік бере білуінде. Сіздің Мәншүк биязы, қой аузынан шөп алмайтын, талдырмаш ару болса, біздің Мәншүк - ақтық шайқаста шімірікпестен 70 адамды өлтіре алатын Мәншүк,  қайсар да, өжет, батыр да, батыл жауынгер. Өзін, өзінің пікірін қорғай алмайтын адам Кеңес Одағының батыры болуы мүмкін емес-ау. М.Мәметова жайлы бірнеше зерттеуді, биографиялық естелік пен көркем шығарманы түгел оқып шықтық. Арасынан бізге келіңкірейтін эпизодтарды алдық, кейбір оқиға мен кейіпкерді ойдан құрастырдық. Басты мақсат - өскелең ұрпақ қызыға тамашалайтын, отансүйгіштік пен достыққа, сенім мен сезімге толы ерекше дүние жасау. Көрерменнің қызығушылығы мен белсенді талқылау – сол мақсатқа жеткеніміздің дәлелі деп білемін. Телехикаяны түсіру барысында біз сынға да, мінге де дайын болдық. Негізі, шығармашылықта жүрген жандар мақтаудан гөрі даттауды көбірек еститінін не үшін жасырамыз? Деректі фильм мен көркем фильмнің жанрын ажырата алмайтындардың сөзіне қалатынымыз да өкінішті. Бірақ, қалың көпшілік үшін тарихи фактке қарағанда, актерлік ойын, әдемі кадр мен әуезді музыка маңыздырақ. Кезінде сынға ұшыраған Мәжит Бегалин түсірген фильмді білмейтін қазақ жоқ. Сол сияқты біздің туынды да өз көрерменін (бүгінгі таңда 1,5 млн адамға жуық) тапты. Ендеше, шалғайдағы Минискке барып, күн демей, түн демей жасаған жұмыс өз миссиясын орындады», - деді Алагөзова.
Айта кетейік, бұған дейін сайтымызға әдебиеттанушы Мақсат Тәж-Мұраттың телесериалға қатысты «Бұл – Мәншүктің әруағын қорлау!» тақырыбында сыни мақаласы жарияланған болатын.