«САЛТАНАТ» КҮЙІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

«САЛТАНАТ» КҮЙІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?

«САЛТАНАТ» КҮЙІ ҚАЛАЙ ТУДЫ?
ашық дереккөзі
1149
Бүгінде жасы 75-ке толып отырған жазушы Жарылқасын Нұсқабайұлы бұдан 45 жыл бұрын Қазақ телевизиясында қызмет істеп, ел ішіндегі талай талантты көпке таныстыра білген еді. Солардың бірі – атақты күйші Төлеген Момбеков. Оның «Салтанат» атты өз күйін тұңғыш тыңдағандардың да бірі Жәкеңнің өзі. Біз төмендегі әңгімеден соны көреміз. Редакция 1970 жыл еді. СССР атты держава «ұлы көсем» В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай той өткізу қамына жан-жақты кірісіп кеткен. Бүкіл халық алдағы ұлан-асыр той қамында. Алматының қазіргі Достық көшесі – ол заманда Ленин даңғылы, түз-түгел қайта салынып жатқандай зор құрылыс алаңы дерсің. Көше толы қызыл жалқын жалау, керме ұрандар, қайда қарасаң да: «Коммунизм жасасын!; «КПСС жасасын!»; «Айбынды Совет Армиясының даңқы арта берсін!»; «Күн көсем В.И. Лениннің туғанына 100 жыл толуына орай өтетін ұлы мерекені лайықты қарсы аламыз!» деген тәрізді ұрандарға көз сүрінеді. Космосқа тұңғыш космонавт ұшырып, айдарынан жел есіп тұрған Кеңес үкіметі түбінде «құлайды-ау» деген күдік кісі баласының түсіне де кірген емес. Ол кезде Қазақ телевизиясында жұмыс істеймін. ҚазМУ-ді бітірген соң, осыдан екі жыл бұрын балалар мен жастарға арналған бағдарламалар әзірлейтін «Құрдастар» шығармашылық бірлестігіне жұмысқа кіргенмін. Белгілі ақын-жазушылар Жақан Смақов, Мұхаметжан Етекбаев сынды абзал азаматтар, Қазақ ССР-інің еңбек сіңірген әртісі, әйгілі биші, «Қыз Жібек» операсының 1000-шы қойылымына дейін сахнада билеген өнер иесі Алмас Бекбосынов, кинорежиссер Әсмән Дүйімбаев, белгілі ұйғыр әртісі, әрі режиссері Сәлима Исламова, көрнекті журналист, бертінде телевизияның бас редакторы болған Тұңғышбай Смағұлов, тұңғыш спорт комментаторлары, қаламы қарымды журналистер: Сұлтанғали Қаратаев, Амангелді Жақсыбеков, Рабат Жәнібеков, жазушы Елен Әлімжановпен құлын-тайдай тебісіп, бір бөлмені бөлісіп, бірге отырғанымызды, алуан түрлі хабарларды ақылдаса отырып, бірлесе әзірлескенімізді осы күнге дейін сағынышпен еске аламын. Ол жылдарда телевидение – жалғыз канал. Әрі оның өзі күн са­йын орыс және қазақ бағдарламалары үшін теңдей бөлінетін кез. Бір күн кешкі 17.00-де басталатын хабарларды қазақша бастасақ, ертеңіне кешкі хабарларды орыс тіліндегі бағдарламалар бастайды. Жаңа қалыптасып келе жатқан кез болғандықтан әр хабардың материалдары мен суреттері түп-түгел басшылардың бақылауынан өтетін. Ал хабар әзір болды деген кезде студия басшыларының бірінің қатысуымен (трактовая репитициясы) соңғы әзірлігі сыннан өтетін. Және әр күн сайын қазақ тіліндегі хабарларға бір қадағалаушы-рецензент, орыс тіліндегі көрсетілімдерге – екінші кезекші тағайындалып, ертеңіне таңертең олардың есебі тыңдалатын. Сондай-ақ әр аптаға белгілі, тәжірибелі басшы мамандардың бірі жауапты кезекші болып, әр дүйсенбіде өтетін өндірістік жиында көрген хабарларына талдау жасап, бағасын беретін. Ол жиында талқыға түспейтін, сөз болмайтын мәселе жоқ еді. Әсіресе, экранға шыққан жүргізушілер мен дикторлардың сауаты, дауыс ырғағы, мәнерлеп оқу деңгейі, экранда өзін-өзі ұстауы, киімі, бет әлпеті, бәрі-бәрі айтылушы еді. Міне, осындай кезекті жиынның аяғында телевизия директоры Ә. Кенжебаев: – Жарылқасын, сен кетіп қалмашы. Ақылдасатын шаруа шығып тұр, – деген соң жұрттан ығысып, директорға жақындай бердім. – Бері, жақынырақ отыр. Бүгін Орталық Комитеттен тапсырма алдық. В.И. Лениннің 100 жылдығына орай республикалық теле-радио фестивалін өткізу жөніндегі ұсынысымызды мақұлдапты. Демек, дереу іске кірісуі қажет. Сәуір айының басынан бастап, әр облыстың бағдарламасы тұтас бір күн кешкілік берілетін болды. Біз әр облыстың бағдарламасына жауапты кісілерді бекіттік. Сен Оңтүстік Қазақстан облысына жауап беретін болдың. Бұған қарсы емес шығарсың? Ал қай облыс қай күні эфирге шығатынын шешеміз. Тез ойланып, қандай режиссеріңді, қандай оператор, шырақшы алатыныңды көрсетіп, ұсыныс жаса. Неғұрлым тез жолға шығып, бағдарламаңның сценариін жедел тапсырсаң, соғұрлым дұрыс болар еді. Қане, сәттілік тілеймін, – деп директор қолын созды. * * * Шымкентке келгеніме бүгін екінші күн. Кеше облыстың бірінші хатшысы Аманолла Рамазановқа кіріп, бар жағдайды баяндағам. – Бағдарламаны сірә, өзіңіз ашатын боларсыз. Бірінші басшылар сөйлесін деген нұсқауымыз бар, Әбеке, – дедім ұзын бойлы, аққұба келген жігіт ағасы әңгіме бітті-ау дегендей орнынан көтеріліп, маған қолын соза бергенде. – Оны кезінде ақылдасармыз. Ал облыстың бағдарламасын әзірлеу, іріктеу барысында сіздерге қамқорлық жасайтын – мына орынбасарым Назарбеков. Бұл кісі шеше алмайтын мәселе туа қалса, тікелей өзім де араласармын. ...Екі қабатты ғимараттың алдына жеткеніміз сол еді, күй дегенде ішкен асын жерге қоятын, ең қызығы – күйшілік өнер, күйшілер тура­лы, еш сарқылмайтын әңгімешіл Әмірсейіт Әлиев бізді тосып, есік алдында тұр екен. – Сенің өтініштеріңді жүз процент орындадым десем болады! Қане, ат-көлігің аман жеттің бе елге?– деп мені құшақтап, бауырына басты. Әбекеңді мен бала күнімнен білетінмін. Менің әкемнің інісі – Төлен Құлымбетов ағамның университетте бес жыл бірге оқыған курстасы. Араларынан қыл өтпейтін жолдасы. Оңтүстікке аты мәлім журналистер. Екеуі де кезінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бөлім меңгерді. Содан қайсыбір жылы Төлен жәкемді Мәскеудегі партия мектебіне жіберді де, Әмірсейіт аға облыстық радиоға басшы болып келген. – Қай күні саған айтқан керемет күйшім – Төлеген Момбековты шақыртып қойғам. Бүгін осы қалада. Сәлден соң келеді. Ал оған дейін мен саған Сүгірдің күйлерін тыңдатайын. – Қалай дұрыс болады десеңіз, солай істей беріңіз. «Қонақ – қойдан жуас», – деп әзілдеп қойдым. – Сүгір біздің Созақта туып, сонда таяуда ғана, 1961 жылы қайтыс болған кісі. Көзі тірісінде көп күйі жазылып алынбаған. Енді-енді шәкірттерінің есінде қалған күйлерін түгендеп жатырмыз. Нотаға түскендері мүлдем аз. – Таспаға жазғандары көп пе? – Бірсыпыра. Соның ішінде «Телқоңыр», «Майда қоңыр», «Назқоңыр», «Кертолғау», «Бозінген», «Аққу», «Қосбасар», «Бес жорға» деген күйлерін де тыңдап көрейік. Ең дарынды шәкірті – жаңағы біз күтіп отырған Төлеген. Осы азамат Сүгірдің күйлерінің көбісін жақсы тартады. Сосын Генерал Асқаров деген де шәкірті бар. Ол да мықты, – деп Әмірсейіт аға магнитофонның түймесін басты. Қайран Тәттімбеттің күйлері кетті дерсің тамылжып. «Сылқылдақ», «Былқылдақ», «Қосбасар» атты күйлері бірінен соң бірі сұңқылдап жатты. – Байқайсың ба, – деді әлден уақытта Әмірсейіт аға. – Әуелі Тәттімбеттің күйлері Арқа күйлеріне көп ұқсай бермейді. Ал Сүгірдің жөні бөлек. Себебі Сүгір Ықыластың қобызда тартылатын күйлерін домбыраға түсірген кісі. Содан ба екен, базбір күйлерінен қобыздың аңыраған сарыны есіп тұрады. Және бір ғажабы – Сүгір оң бұраумен қатар теріс бұрауды да жиі пайдаланатын кісі. – Ассалаумағалейку-ум! – деп есіктен қолына қоңыр домбырасын ұстай кірген жігіт ағасының бет-әлпетіне қарап, жүрек қылын шертетін нәзік жүректі өнерпаз кісіге мүлдем ұқсата алмай тұрдым. – Ал, Төке, жоғары шығыңыз. Мына Алматыдан келген ініңіз сізді біршама уақыттан бері күтіп отыр. Келген мақсатын кеше де, бүгін де телефоннан айттым ғой. Әуелі сіздің бірер күйіңізді тыңдайық. Сосынғысын мәміле қыла жатармыз, – деп Әмірсейіт аға Төкеңе бас изеді. Төкең әуелі домбырасының құлағын келтіріп алды да, өзгемізге беймәлім әсем, қоңыр ырғақты баяу шертіп, бізді елеңдетіп қойды. – Сүгірден болсын! – деді Әбекең Төлегенге бұрылып. Сол сол-ақ екен Сүгір ұстазының «Қосбасарынан» бастаған күйші «Телқоңырды», «Бозжорға» мен «Бозінгенді» бірінен соң бірін төкті-ай кеп!Әлден уақытта аялдаған Төкеңді әрі демалып, дамылдасын деді ме, Әмірсейіт аға: – Төке, бұл күйлерді Сүгір ағамыз қалай үйретіп жүр сіздерге? – деп қойды сөзге сараңдау Төкеңе өріс ашып. – Е, қарақтарым-ау, ол кісі қасына отырғызып қойып, сабақ берді деймісіңдер? Сүгір көкеміз әдетте жұрттың, көптің көзінше домбырасын қолына ала бермейтін. Ол кісінің домбыра тартатын уағы көбіне үйінде, жат адам жоқ, оңаша қалған кездері болатын. Бұл мінезін білетін ауыл жастары мен домбыраға үйірсек бозбала шағымызда Сүгір көкеміздің домбыра тартатын кезін күтіп, сол кісінің үйін төңіректеп жүріп ойнайтынбыз. Ол кісі ешқашан домбырасын ала салып, бірден күй тарта жөнелмейді. Дыңғырлатып, белгісіз бір мақамдарды қуалап, біршама уақыт отырып алар еді. Тартса, содан соң ғана күйге ауысатын. Мұнысын жақсы білетін ауыл балалары Сүгір көкем домбырасын тартатын болды-ау дегенде абайлап, әсте-әсте үйіне (үйі деп отырғаным – киіз үй ғой) жақын келіп, бұғып жататынбыз. Ал күй тартуға ауысқанын естіген бойда аяғымыздың ұшынан басып, үйдің іргесіне сүйкеніп отыра кететінбіз. Бойшаңдауымыз жабықтан да сығалап, күйшінің қайтіп отырғанын көруге ынтығар едік. Кейде қобалжи ма, әлде арқасы қоза ма, үйінің іргесіндегі кішкене төбешікке шығып, бірталай уақыт төңірекке көз тастап тұратын. Мұндайда үйіне кірген соң, сөз жоқ, аттың басын жібереді. Мұндайда домбыраға елігіп кететіні соншама іргеде жүргенімізді де, тықырлаған, сыбырлаған дыбысымызды да елең қылмайтын, жарықтық. Кейде тым еркінсіп, абайламай қалып, бірдеңені қаттырақ тақырлатып алсақ, домбырасын тыя салып: – Бұл қайсың-әй?! – деп айқайлайтын. Мұндайда біз бет-бетімізбен қашып, үйден аулақ кететінбіз. Әне, біз солай жүріп үйрендік қой әуелде. – Өздеріңіз есейген соң қайттіңіздер, Төке? – деймін күйшінің әңгімесінің үзіліп қалмауын қалаған мен. – Бірте-бірте біз де есейіп, жігіт болдық. Көпшілік бас қосқан жерде домбыра да тартып жүрдік. Әрине, Сүгірдің күйлерін тартатынбыз. Біздің домбырамызға құлағын түріп отырғанын сезсек те көп қысылмаймыз. Өйткені Сүгір көкеміз ілуде бір болмаса көп килігіп, «олай емес, былай тарт» дей қоймайтын. Әйтеуір, сөйтіп жүріп жетілдік қой. – Төке, өзіңіз қашаннан бері күй шығарып жүрсіз? – дедім күйшіге. – Күй деген жарықтықтың аты да айтып тұрғанындай кісінің көңіл-күйінен, яғни көбіне күйініштен, уайымнан шығатын нәрсе ғой. Алғашқы күйімді шешем қайтыс болған кезде күйініштен шығардым. Әрине, ән мен күй түгел реніштен, уайым мен қайғыдан туады десек ұят болар. Қуаныштан, сүйіспеншіліктен, күйзелістен де небір шығармалар туған ғой. – Ал енді сізді іздеп жүрген себебімізді, яғни, бұйымтайымды айтайын. Сізді Алматыға шақырып келдім. Сіз ғана емес, облыстан көп адам барады. Телевизордан күй тартып шықсаңыз деген тілегіміз бар. – Қайдам, жұмыстан шыға алсақ... – Облыстың бірінші басшысымен, басқа да кісілермен түгел келісілді ол жағы! – деп сөзге араласты Әмірсейіт аға. – Қандай күй тартатыныңызды жұптап қойсақ... – Е, Сүгір көкемнің күйлерінен тартамын ғой. Көп қой ол кісінің күйі. – Онда келістік, Төке, Сізді көрдік. Күйлеріңізді тыңдадық. Енді сізді Алматыға, көпшілікке, көрерменге көрсетейік, – деп қайыр-қош айтыстық күйшімен. * * * Жазушы Қарауылбек Қазиевті бірсыпыра жылдан бері білетін едім. ҚазМУ-дің алғашқы курсында оқып жүрген кезімде танысқаным бар. Бізден үш курс жоғары оқитын болашақ журналистің мінез-құлқы, өзін-өзі ұстауы, сүйкімді, қоңыр даусы бір көргеннен-ақ өзіне тартатын. Мұнтаздай таза киініп, бір қолын ылғи қалтасынан шығармайтын. Оқуын бітірген соң туған жері Жамбыл облысының газеті мен радиосында қабат жұмыс істеп жүргенінен де хабарым болатын. Сол Қазиев былтырдан бері Шымкент радиосына ауысқанын естігенім бар-тын. Міне, қызық! Облыстық радио ғимаратынан шыға берісте Қарауылбек алдымнан қарсы ұшырап, құшақтаса кетті. Мән-жайды сұрасып, қауқылдасып жатырмыз. – Өй, сенбісің, Жарылқасын! – Қаусыра құшақтап, жіберер емес. –Біздің қалада қайдан жүрсің? Неге хабарласпадың? – Қареке, біріншіден, мен сіздің Шымкентке ауысып келгеніңізден хабарсыз екенмін. Сізді бұл жерден іздемеген себебім сол. Ал бірақ ниетіміздің дұрыстығын қараңыз: Мен республикалық телефестивальге шақырған өнер адамдарының ішінде әйгілі күйші, соңғы кезде өзі де күй шығарып жүрген сазгер, даңқты Сүгірдің шәкірті Төлеген Момбеков те бар еді. Ендігі қалған жұмыс – сол Төкең туралы жарты сағатық хабардың сценарийін жасап, сосын сол хабардың жүргізушісін табу. Мұны сізге тектен тек айтып тұрған жоқпын. Әрі жазушы, әрі журналист азаматсыз. Бұл ұсынысқа не дер едіңіз? – Болды, болды! Келістік. Алматыға барып, дос-жарандармен қауышып қайту көкейде жүр еді. Соның орайын сен келтірейін деп тұрсаң, мен саған рахметтен өзге не айтуым мүмкін?! *** Алматыға қайтып келіп, күнделікті жұмыс бағытымен жүргенде Оңтүстік Қазақстан облысының экранға шыға­тын күні де жақындап қалды. Облыста атқарылып жатқан әзірлік жұмыстарынан күн сайын хабар алып тұрмын. Бәрі де өз ретімен келе жатқан. Сөйтсе де әлденеше кісі отырған бөлмеде тұрған жалғыз телефонның күнұзақ жағы сембейді. Мұнда отырған қызметкерлер де алма-кезек бірін бірі телефонға шақырумен әлек. Әдетте телефонның қасынан көп ұзай бермейтін әйелдер жағы әсіресе бүгін тыншымай тұр. Алма-кезек кабинеттен шығып, жігіттердің біреуін іздеумен әуре. Шығармашылық бірлестікте істейтін жиырма-отыз адамның өзімнен кішісі некен-саяқ. Сондықтан менің бастықтығыма қарамастан мені де түгелдей дерлік атымды атап, айқайлап шақырып жатады. Сірескен әкімгершілік жүйе жоқ еді. Телефонның қоңырауы тағы да безілдей жөнелді. Қаланың ішінен емес, шалғайдан жеткен хабарды жетелеген телефон әдетте осылай безектеп кететін. Әдетте телефонның тұтқасын бірінші болып көтеретін Тұңғышбай (біз оны Тұқа деп кеткенбіз) есіктен сығалап: – Жарылқасын, межгород! – деп дауыстады. Жедел жетіп, телефонның құлағын ұстадым. Арғы беттегі ер кісінің қоңыр дауысы әдеттегіден гөрі жарықшақтанып, жағымсыздау есітілді. – Әло! – деймін мен де дегбірсізденіп. Танып тұрмын. Қарауылбектің әдетте құлаққа майдай жағатын жұмсақ қоңыр даусы бүгін бір түрлі зілділеу ме, әлде қобалжудың табы бар ма, ұнамсыздау естілді. Қайта-қайта «Әләу, әләу!» дегеннен өзге сөз таппағандай кідіріп қалды. – Әло, Қареке! – дедім бұл жолы төтелеп. – Қалай, аман-есенсіздер ме?! – Үй-іші аман ғой. Бірақ анау Төкеңнің, Төлегеннің үйіндегі жеңгеміз қайтыс болып қалды аяқ астынан! Бүгін солай қарай бір топ кісі жүретін болдық. Көрініп, көңіл айтайық. Сосынғы жағдайдың не болатынын ол кісіден сұраудың өзі қиын ғой... – Апыр-ай, өте қиын болды-ау! Кішкене баласы бар деп естіп едік. – Иә, иә, емшекте ме, әлде емшектен жаңа ғана шыққан кішкентай қызы қалыпты. Төкең бейшараға қиын болды. – Қашан қайтыс болған екен өзі? – Онысын нақты білмей тұрмыз. Сірә, бірер күн болып қалған-ау. Созақпен байланыс кемдеу ғой. Жер шалғай. Оның үстіне Төкеңнің мекені Созақтың да бір қиян шетінде деп естідім. Сен өзің барып көріп пе едің? – Жо-жоқ. Көргенім жоқ. Түнеугүні Шымкентте Әмірсейіт Әлиев ағамыздың кабинетінде жолыққанымызда Төкең өзі айтып күліп отыр еді. «Біздің совхоздың территориясының бір шетінен екінші шетіне машинаңызбен күнұзақ жүресіз», – деп. Ал, Қареке, енді хабар өзіңізден болсын, – деп мен әңгімені аяқтауға бейімделдім. – Барып келген соң телефон соғармын, – деді ол қысқа қайырыпты. Телефон арқылы жайсыз хабар жеткізген әңгіме үзілген соң «Төлеген ағамыз келе алмай қалмаса неғылсын» деген уайым қамап, орныма отыра кеттім. – Шашасына шаң жұқтырмай келе жатқан саңлақ жүйрік еді, әттеген-ай, сенің хабарыңа қатыса алмай қалмаса болғаны! – деп Тұқаң баршамыздың тап қазіргі ортақ уайымымыздың төбесін көрсетті. – Жо-жоқ, – деді менімен облысқа бірге барып, бірталай әнші-бишілердің өнерін көріп қайтқан Алмас аға. Шымкент сенің теріскейің немесе Алматың емес! Онда ұлттық дәстүрді қастерлеу, елдің абыройын бәрінен де жоғары ұстау, жалпы қазақылық қаймағын бұзбай тұр екен, жарықтық! Мен бірдеңе білсем, елдің намысын ойлаған жұрт Төлегенді жібереді Алматыға. – Иә, айтқаныңыз келсін, – деп жанашырлық танытты. Ертеңіне түс ауа Әмірсейіт аға өзі телефон соқты. – Жарылқасын, мені іздеген екенсің. Осындай жағдай боп қалды. Құдай басқа бермесін. Шиеттей бала анасыз қалды. Анасы кеткенмен әйтеуір балалардың панасы бар. Балалар біреуден – ілгері, біреуден – кейін дегендей жетілер. Қазақтың: «Жас ортасына жеткенде атың өлмесін, жер ортасына барғанда қатын өлмесін», – деген сөзі бар ғой. Бәрінен де Төкеңе қиын болды. Және бәрінен де өнерін өлтіріп алмаса, игі. Әмірсейіт көкем ағалық нәсият сөзін айтып жатыр. – Ал енді Алматыға бару жағдайы қалай болар екен, аға? – Е, қарағым-ау, әзір оны сөз ететін жағдай жоқ қой Төкеңде. «Байтал тұрмақ бас қайғы» болып отырған жоқ па? Алматы туралы әңгімені Төкең кішкене есін жиып, еңсесін көтерген соң айтпаса, қазір кімнің аузы барады дейсің. Облыс басшыларының тарапынан біреулер сөз бастауы керек болар, – деп тоқетерін айтты Әбекең. Алматыда өткелі отырған теле­фе­с­­тивальдің дәл қарсаңында осылай қырсық шалды. Оңтүстік облы­сының бағдарламасындағы ең басты хабарымыз – күйші Төлеген Момбековтің шығармашылық жолы туралы болғалы тұрған хабарға қауіп төнді. Хабардың негізгі сұлбасы анықталып, бас кейіпкердің отбасы, шығармашылығы тура­лы туған жерінде сюжеттер түсіріп, дайын болған еді. Әсіресе «Бозінген» күйі тартылғанда үстіне түйе жүн шекпен, басына ақ шаңқан киіз қалпақ киген домбырашы екі өркеші баладай бозінгенге мініп, тайтаңдата желіп келе жатқан көрініс қандай ғажап еді?! Ғажап үйлесім деп осындай көріністерді айтса болар?!. Әттең, енді көңіл қобалжытар кадр­ларды былай қойғанда Төлеген күйшінің өзіне зар болып қалдық емес пе? Мен осылайша әрі ойланып, бері ойланып тұйыққа тірелгендей болған соң: – Қой, әрекет қылайын, – деп облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Аманолла Рамазановқа телефон соғуды ұйғардым. Өткенде «Зәру болсаң, телефон соға бер», – деп тіке телефонын беріп еді ғой дейді ойым. Дереу телефон станциясымен хабарласып, Рамазановтың телефонын қосуды өтіндім. – Алло, бұл кім? – деген майда қоңыр дауыс көтерді телефонды. – Ассалау... – Бұл кім деймін? – Рамазановтың дауысы әлгіден қатқылдау шықты. – Мен өткенде сізге жолығып, облыс­тың Алматыда өтетін телефестивалі туралы сөйлескен жігітпін ғой. – Иә, не болды? Шұбыртпай ықшам сөйлемдер ғана айтуым керек екендігін түсініп, тез-тез жағдайды баяндадым. – Өткенде саған Назарбековтің телефонына хабарлас демеп пе едім? – Ол кісі телефонын алмай жатыр! – деп өтірікті соғып жібердім. – Қазір... Сосын басқа біреуге екінші телефон арқылы тапсырып жатты. Сөзін анық естідім. – Қалайда баратын болсын. Алып барыңдар. Сосын маған: – Барады. Айтылды! – деді де сөзін үзді. Мен рахмет те айтып үлгермедім. Шымкент облысынан телефестивальге қатысып, сөйлейтін, өнер көрсе­тетін өкілдерінің әзірлігі жөнін­дегі бар дерек­ті соңғы аптадан бері Қарауылбек арқылы егжей-тегжейлі біліп отырмыз. Қай жерден кімдер келетіні, әр қатысушының Алматыға келгенде атқаратын міндеті, аты-жөндері түгел алақанымызда. Біз де өз тарапымыздан қолымыздан келген шаруаларымызды істеп жатырмыз. Тіпті Оңтүстіктен келетін кісілердің қайсысы қандай қонақүйге жайғасатынына дейін тиянақтап қойдық. Көңілді күптігей қылып тұрған бір ғана жай – Төлеген күйшінің келу-келмеуі. Әгәрдә Төкең келмей қалса, оңтүстіктің бағдарламасы ойсырап-ақ қалғалы тұр... Күн тақап қалды. Осыны ойлағаннан тағат таппай, бүгіннің өзінде Қарауылбекке екі мәрте телефон соқтым. – Ойбай, Жақа-ау! Біз үшін Созақтан хабар алу – Мәскеуіңнен хабар алудан да қиямет болып отыр ғой. Әупіріммен телефон қоңырауы жеткендей бола қалғанымен жарытып ештеңе ести алмайсың. Зың-зың, дың-дың. Байланыс нашар ғой бұл ауданмен! – дейді мүлде өзі де тарығып, ұшарға қанаты болмай отырған Қарауылбек. – Бүгін бір хабарын алуымыз керек. Кеше Созақ басшыларының бірі Төкең тұратын совхозға арнайы барып, мәселені шешетін болған. Қалай бізге хабар тиеді, сол замат саған хабарлаймын! – дейді ол. Осылайша тағы бір жұмыс күні аяқталуға таяп, телестудияда кешкі бағдарламаларды көріп отырғанбыз. Ол кезде кешкілік телевизор көру де таңсық. Әрі әлі пәтер де алмаған, үй-күйсіз жалаңаяқ жастардың жалдамалы пәтерінде телевизоры қайдан болсын! Сондықтан әр күннің кешкі хабарларын жұмыс орнымызда көріп, бала-шағамызға содан соң ғана жетер едік. Күн кешкіріп қалғанына қарамастан жұмыс кабинетіміздегі телефон безектеп кеткен. – Әлә-ау! Жарылқасын! – дейді қайран Қарауылбектің барқыттай жұмсақ үні! – Сені қуантайын деп, кеш болып кеткеніне қарамай сөйлесіп тұрмын! Сүйінші, бауырым! Төкең баратын болды! Уайымды қойып, өзге шаруаңа құлақты жапырып кірісе бер! Бұл күні қуаныш жеткізген әңгіме осымен аяқталған. Араға екі күн салып, Қарауылбек салып ұрып өзі келді Алматыға. – Күн таяған сайын тыныш жата алмадым Шымкентте. Өзіңмен, режис­серіңмен мына хабардың жайын ақылдасайын дедім. Жай нәрсе емес, бүкіл ел көргелі отырған нәрсе ғой. Оның үстіне айтар жаңалығым да бар. Төлеген өзінің жаңа шығарған күйін де әкелмекші деп естідім. Әзірше ол күйді мен де тыңдағаным жоқ. Атының қандай екенінен де хабарсызбын. Сөйтіп, былайша айтқанда, менің өзім де қобалжи бастадым, – деген Қарауылбек әдетінше әсем бұйра шашын жалғыз қолымен қомдап, сәндеді де, қабырғада ілулі тұрған айнаға олай бір, былай бір қарап, қыраттанып қойды. Әдемі, өте сымбаты еді марқұм! – Қареке, айтпақшы, Төкеңді қалай көндіріпті жұрт?! – Ойбұй, ол өзі өте қиын болыпты. Әуелде «Алматыға баруыңыз керек» дегендердің бірде-бірінің сөзін тыңдамай қойса керек. Уәжі – «Әйелім қайтыс болып, қара жамылып отырып, сонау Алматыңа желкілдеп, домбыра тартамын деп қалай барамын?! Өлім емес пе ол? Жұртқа, ағайынға не бетімді айтамын?! Шешеден айрылып, аңырап отырған мына шүпірлеген балақандарымның көздерін мөлтілдетіп не деп кетемін Алматыға?!» – деп қатты ашуланса керек. Содан әуелі совхоз басшысы, парторг, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы, кезек-кезек барған екен. Бірақ Төкең беттетпеген соң аудан басшысының өзі барыпты Төкеңнің ауылына. Топтың ішінде ауыл қариялары да бар сияқты. Сол ақсақалдардың бірі: – Төлегеннің туған ағасы бар осында. Сол кісіге барып, көңіл айтыңыздар. Осы әулеттің аса ықпалды кісісі. Бір тыңдаса Төлеген сол кісіні тыңдайды, – деп ақыл қосады. – Жөн, жөн, – дейді басшылар. – Қане, ендеше сол кісінікіне барайық. Бір қора кісі сау етіп кіріп келгенін көрген қария орнынан тұрып, келгендермен көріседі. Құран оқылып, қол шайған соң, аудан басшысы қарияға көңіл айтады. – Ақсақал, келініңіздің иманы саламат болсын! Қиын-ақ болған екен. Балалары да әлі майда деп естідік. Енді құдай есіркесін оларды. Біз өз тарапымыздан ініңіз – Төлегенге шама-шарқымызға қарай қол ұшын береміз деп келдік. Ауданға ғана емес, бүкіл облысымызға белгілі, абыройымызға абырой қосып жүрген азамат қой. Ал енді «Айран сұрай келсең, тостағыңды жасырма» демеуші ме еді халық. Сізге сәлемдесіп, жағдайымызды айтқалы келдік. Төкең астанаға – Алматыға баруы керек еді. Күн сайын радиоңыз бен телевизордан да әлсін-әлі қайталап қояды ол туралы. «Әйгілі күйші Төлеген Момбеков туралы әңгіме болады» деп. Газеттерге де жазып жатыр. Ал бұл енді түптеп келгенде еліміздің, облысымыздың мүддесі, намысы. Төкең бармай қалса жұртшылық: «Оу, Төлеген неге шықпай қалды?!» – дейді ғой. Сондықтан облысымыздың басшысының да сізге деген сәлемін әкеліп отырмыз – Төкеңді Алматыға жіберсін деп еді, – дейді ғой. Сонда Төлегеннің ағасы Әбдіқайым ақсақал есік жақта тұрған бір жігітке қарап: – Әй, балам, барып, дереу Төлегенді ертіп келіңдер! Мына кісілер оған дейін бір-бір кесе шәй ішіп алсын! – деп бұйыра сөйлепті. – Ойбай, мен мына баламен бірге барып, дереу машинамен әкелейін, – деп совхоз директоры есікке қарай ұмтылады. Әне-міне дегенше Төкең де кіреді есіктен. Отырғандар орындарынан көтеріліп, көрісіп, көңіл айтылады. Құран оқылады. – Әй, Төлеген! – дейді ағасы Төкеңе тіктеп қарап. – Сен Алматыға неге бармаймын деп жүрсің?! Ақсақалдың даусы зілді, бұйрық тәрізді естілгеннен соң ба, Төкең сәл қысылыңқырап: – Келініңіз қайтыс болып жатыр. Мал бар, жан бар. Ел-жұрт не дейді?– депті күмілжіңкіреп. – Мал-жан дейтін сенің жақының, туған-туыс, жанашырың жоқ па? Отырған жоқпын ба мен?! Ұяттың үлкені сен бармай қалсаң болғалы тұр екен. Сен әңгімені қой, қарағым! Жолға қамдан. Қалған әңгімені ертең екеуміз тағы сөйлесерміз! – деп бір-ақ кеседі ақсақал. Әне, сөйтіп, амандық болса, Төкең келеді ертең делегация мүшелерімен бірге, – деп Қарауылбек әңгімесін аяқтады. * * * Көңіл жайланды ма, жоқ, әлде «Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас па, Төлеген Момбеков телефестивальге қатысатын болды, жоспарланған бағдарламалар түгел эфирге шығатын болды деп елпеңдеп жүргенде арадағы күндердің қалай тез өтіп кеткенін де аңғармай қалдым. Сонау көктемнен бері мен үшін күнде әңгіме тақырыбына айналған Шымкент облысының жұрт назарына ілінер шағы да келді. Әуелі облыстың экономикасы мен ауыл шаруашылығы, мәдениет, білім беру саласындағы қол жеткен табыстары сараланып, кезек өнерге де жетті-ау! Осы хабар эфирге барардан бұрын қойылымның режиссері Алмас Бекбосынов, хабардың авторы әрі жүргізушісі жазушы Қарауылбек Қазиев және мен үшеуміз Төлеген Момбековты ортаға алып, жарты сағаттың қалай басталып, немен тәмамдалатынын пысықтаған кезде Төкең Сүгірдің «Қосбасарын», «Бозінгенін», «Телқоңыры» мен «Кертолғауын» тарту ойында бар екенін, сосын соңында өзінің жаңа шығарған бір күйін орындайтынын айтты. – Төлегеннің өз күйі қандай күй? – деп қалды режиссер. – Ол шығармасы бүгінге дейін еш жерде орындалмаған және атын да, тақырыбын да хабар кезінде айтқанымыз әсерлі болатын сияқты. – Жүргізушінің бұл сөзін Төлеген ағамыз құптар ма екен дегендей режиссер Төкеңе үңіле қарап еді, көп сөйлемейтін Төкең басын изеді де қойды... Сосын Төлеген енді мені түрткілей бермеңдерші дегендей басын сол жақ иығына қарай әнтек бұрып алды да, көне қоңыр домбырасының құлақ күйін келтіруге кірісті. – Ал енді мен жоғары, пульт­ке көтерілейін. Қарауылбек жаным (Алмас ағамыз өзінен кіші ұл-қызға осылай бауырына тарта сөйлегенді ұнататын), сені көріп жүрмін, тәжірибелі жүргізушісің ғой. Камералардың қайсысы көрсетіп жатқанын байқарсың, – деді де жұмыс орнына кетті. Әне-міне дегенше студияда тыныштық орнап, пульт тұтқасын ұстаған режиссердің: – «Қане, тынышталыңыздар. Бірінші оператор! Хабарды жүргізушіні ірі планда алыңыз! Микрофонды сәл жақындатыңыз!» – деп бұйыра сөйлеген сөздері бағдарламаны жүргізушіге берілген дабыл сияқты әсер еткендіктен Қарауылбек кеудесін тік ұстап, камераға мелшие қарап отыра қалды. Сол замат режиссердің көмекшісі қолын сілтеуі мұң екен қайран Қарауылбек кенет кермеден жарыс жолына лап берген тұлпардай қомдана түсіп, әңгімесін бастап кетті: – Төлеген ағамыз жақында ғана қимас жары, балаларының аяулы анасы, Пернеш жеңгемізді мәңгілік сапарға шығарып салған еді. Ағамыздың қолында шиеттей жас, көздері мөлдіреген бес баласы қалды. Төкең жеңгемізге арнап күй шығарып, ол күйіне ең кенжесі, үш-ақ жастағы, анасы қайтқалы күн сайын Төкеңнің тізесіне отырып: «Апам қашан келеді?!» деп ыңырситын Салтанаттың атын қойыпты. Сол мұңды күй бүгін сіздердің алдарыңызда тұңғыш рет орындалғалы отыр, – деп Қарауылбек дәулескер күйшіге қарай бұрылды. Әп дегеннен тыңдаушысын шыңырау мұңға батырып, сол шер шеңберінен шыға алмай қайта-қайта күрсінгендей зарлы үн сай-сүйегіңді сыздатып, барған сайын удай ащы өкініш жетегіне ертіп, күңірене түсетін зарлы ырғақ әсте-әсте тұңғиығына қарай тартып, пенденің күйінішке толы «әттеген-айын» күйшінің саусақтары жоғарылы-төмен сусыған сайын сұңқылдап, жоқтауға айналдырғандай әсер ететін мұңды саз әсіресе Төлегеннің саусақтары ең төменгі пернелерге жеткен тұста жан ұшырып шырқырағандай. Сосын кенет күйшінің аты жоқ саусағы үстіңгі ішекті басқан күйі сатылап өрлей түскенде жүрек қылын үзіп жіберердей өксік атқан. Домбыраның қос ішегін әлсін әлі үстемелей соққан оң қол бірде шанақты кектене жанши шертсе, іле барынша абайлап, әр ішекті үздіге ілгені домбыра үнін солқылдап жылаған жоқтауға жақындатқандай әсер етеді. Ақырында тұрлаусыз дүниеге деген ащы ыза мен нала қоса төгілген пернелерден серпінді үн естіліп кенет күй жігерленіп, бір түсініксіз қайсарлық жігер танытқандай ма қалай?.. Күй соңына бет алғанда манағы бастау тұсындағы ырғақ қайта оралып, күйшінің мына жалған дүниеде көрген бүкіл құқайы мен тартқан азабының күй толғауы, көңіл табы ретінде өшпес із қалдырған ащы шындық сарыны секілді сыңсиды. Күйшінің бар ойы, шүп-шүп жасқа толы көз жанары перне бойлап жорғалаған саусақтарын ұмыт қалдырып, түу қай-қайдағы көңіл болмаса, көз жетпес өмір жолын шарлап кеткендей. Қарауылбектің екі көзі біресе Төлегеннің жас толы көзіне түссе, бірде күйшінің домбыраның мойынын сығымдай ұстап, бейне бәріне сол кінәлідей-ақ қылғындыра қысып, салалы саусақтарымен мыта түсіп, көне сырласы қоңыр домбырасын еңіретіп отырғанына зер салады. Күй бітті. Манадан кеудесіне шер болып құйылған күй бейне сезімтал, ақынжанды жігіттің жүрегін жарып жіберердей сығып бара жатқаны сонша Қарауылбек хабар аяқталған бойда орнынан атып тұрып, Төкеңді айқара құшақтап алып, бауырына басқан күйі солқ-солқ жыласын: – Рахмет, аға! Бәрін де айттыңыз, бәрін де ұқтық! Жан-жүрегімізбен түйсіндік! Бір күй кісінің сөзбен күні бойы айтып жеткізе алмайтын сырын, мұңын тілсіз екі шектің мақамымен әр кеудеге құйып берді. Сіздің күйінішіңіз, сіздің өкінішіңіз тап қазір жаңағы «Салтанат» атты сырыңыз арқылы миллиондаған қазақтың жүрегінен орын алып, әрқайсысының кеудесіндегі өз өкінішін, күйініші мен жанашырлық сынды асыл сезімдерін қозғады. Сізге тілектес қылды. ...Ал бауырым, Жарылқасын, мейірбан да бауырмал халқымызға Төкеңдей ересен дарын иесін тауып әкеліп, таныстырғаның үшін, сөйтіп, бәрімізді еш ескірмес, көнермес байлықпен дидарластырғаның үшін саған да мың алғыс! – деп Қарекең енді мені бауырына басып, бетімнен сүйді. Қазақтың барына жанын салып қуанып, жоғына өз тақсыретіндей күйзеле білетін қайран Қарауылбек сынды азаматтарын, Төлегендей тұңғиық сырлы, телегей теңіздей толқыған дарын иелерін жиі сағынып, «Салтанат» сынды бір дәуірдің мұңы мен сырын бүккен қасиетті де жүрекжарды, киелі шығармаларын күні-түні тыңдаудан жалықпайтынымыз неліктен? Әлде солардай жаны пәк, таза, рухы биік, өресі асқақ адамдар азайып бара ма? «Салтанатты» әр тыңдаған са­йын кеудеңді өксік аралас мұң басып, жүрегімізді сыздататыны осы күйдің құдіреті емей немене дерсіз?! Жарылқасын Нұсқабайұлы, жазушы

Серіктес жаңалықтары