Этноархеология білгірі

Этноархеология білгірі

Этноархеология білгірі
ашық дереккөзі
Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері ғылым мен білім беруді басқару мен қаржыландырудың құқықтық-заңнамалық негізі, әлемдік ғылым мен білім кеңістігіне интеграцияланған қазақстандық ғылым мен білім беру жүйесі қалыптасты. Тәуелсіздігіміздің алғашқы күндерінен бастап еліміздің білім, ғылым саласын әлемдік өркениет талаптарына сай болуын назарда ұстады. Ғылым дамуының негізгі күші – ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары екені белгілі. Сондықтан Қазақстанда ғылыми-зерттеу институттарымен қоса еліміздегі жоғары оқу орындары жанынан ғылыми-зерттеу орталықтарының құрылуы да отандық ғылымның ілгерілеуіне өзіндік үлес қосты. Ғұлама ғалым әл-Фараби «Ғылымы жоқ елдің – болашағы жоқ» деген екен. Ғылым мен білім – кез келген мемлекеттің даму, өркендеу көрсеткіші. Қазақ ғалымдары еліміздің егемендігінен кейін ешкімге жалтақтамай, дербес өздерінің ғылыми-зертеулерін жүргізіп, Қазақстан ғылымының дамуында соны соқпақтар салып, жетістікке жеткен ғалымдардың бірі Серік Ескендірұлы Әжіғали. Ғұмырын қазақ этнографиясы мен археологиясына арнаған ғалымның ғылымға деген сүйіспеншілігі сонау университет қабырғасы кезінде-ақ қаланған болатын. Студент кезінен-ақ «археолог» үйірмесіне қатысып, сол кезеңдегі Археология және этнология кафедрасының негізін қалаушы Ә.Оразбаевтың жетекшілігімен археологиялық бірнеше экспедицияға да қатысып, археологиялық қазба әдістерінің қыр-сырын да меңгереді. Серік Ескендірұлы 1975 жылдан 1981 жылға дейін ҚазКСР Мәдениет министрлігіне қарасты «Казреставрация» ғылыми-реставрациялық өндірістік бірлестікте (сектор меңгерушісі) қызмет етті. Реставрация ұйымындағы қызметі оны ескерткіштанушы маман, архитектура тарихшысы ретінде қалыптасуына ықпал етті. Ұйымда ол атақты қазақ архитекторлары Т.Басенов және М. Мең­діқұловтардың әдіс-тәжірибесін игере отырып, мемориалдық-ғұрыптық ескерткіштерге деген қызығушылығын қалыптастырады, атақты сәулетшілерден жинақтаған тәжірибесі кейінгі кешенді зерттеулерінде байыпты тұжырымдар жасауға септігін тигізді. Ғалымның ғылымдағы өз орнын табуындағы бір тетігі – мамандығын сәтті таңдай білуі. Бұл жағынан алғанда Серік Ескендірұлының бағы жанған деуге болады. Өткен ғасырдың 80- жылдарынан басталған С.Әжіғалидың ғылыми ізденістері жемісті болып, 300-ден астам еңбегі жарық көрді, оның ішінде монографиялар, кітаптар, брошюралар, конференция материалдары, өзі ұйымдастырған симпозиум, конференция материалдары және тағы басқа бар. Ол осы еңбектері арқылы бүгінде қазақ этноархеологиясына сүбелі үлес қосып отыр. 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп жариялауына байланысты ел арасынан мәдени мұраларды жинау және жариялауға байланысты Қазақстанның ол кездегі 14 облысына кешенді экспедиция ұйымдастырылды. Бірақ оның алдында ұйымдастырылған барлау экспедициясы құрамында мен де болдым, Серік Ескендірұлы осы барлау-зерттеу жұмысына жетекшілік етті, міне осы кезеңнен бастап Серік Ескендірұлын тани бастадым. Біз сол Алматы облысының Бақанас ауданы маңындағы бірнеше елді мекенді аралап, халық арасынан мәдени мұраларымызға қатысты деректер жинадық. Сол кезеңде Серік ағамыз сол маңайдағы қорған, бейіт, басқа да архитектуралық ескерткіштерді тауып, ерінбей қағазға түсіріп, суретке түсіріп, тіпті олардың көлеміне дейін өлшеп жататын. Осындай ескерткіштердің артында тарих жататыны белгілі, оны ғылыми деректермен дәлелдеу арқылы тұжырымдар жасау үлкен еңбекті қажет ететіні де түсінікті. Серік Ескендірұлы қандай іс болса да, кітап жазса да, экспедициялық зерттеу жұмыстарында үлкен жауапкершілікпен, ыждағаттылықпен жұмыс істейтініне көзіміз жетті. Ол өзінің көзі жетпеген, ғылыми деректермен дәлелденбеген зерттеулерді жариялай қоймайды, соны басқа ізденушілерден де талап ететінін көріп те жүрміз. Тіпті, кейбір мақала, зерттеулерге ол кісіден сараптама оңай алынбайды, ол оны ұзақ қарап дұрыстығына көз жеткізсе ғана береді. Ғалым Серік Ескендірұлы далалық өркениет мәселесінде тарихи-мәдени ескерткіштерді зерттеуге ұйымдастыру, жалпы ғылыми ізденістерді үйлестіруге ерекше көңіл бөледі. Негізгі зерттеу аймағы ретінде Маңғышлақты таңдаған Серік Әжіғали содан кейін іздеу жұмыстарының көлемін кеңейте отырып, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарының мыңдаған ескерткішін зерттеп, ғылыми айналымға енгізді. Серік Ескендірұлы 1978-1998 жылдары Манғыстау, Үстірт, Солтүстік-Арал және Каспий аймақтарындағы бірегей тарихи-мәдениет ескерткіштеріне, сәулет кешендеріне алғашқы ауқымды зерттеу жұмыстарын жүргізді десек қателеспейтін шығармыз. Оның нәтижесі «Архитектура кочевников – феномен истории и культуры Евразии» (2002)», еңбегінде көрініс тапты. С.Әжіғалидың Арал-Каспий өңірінің тарихи мәдени ескерткіштеріне бағытталған ғылыми зерттеулері онан кейін де жалғасып, мына еңбектерде: «Памятники Манкыстау и Устюрта» (2014), «Генезис традиционной погребально культовой архитектуры Западного Казахстана» (1994), «Памятники мемориально культовой архитектуры Западно-Казахстанской области», Арало-Каспийский регион в истории и культуре Евразии», «История и культура Арало-Каспия» (2001), т.б. айшықталды. Аталған еңбектерде өңірдің мемориалды-ғұрыптық ескерткіштерінің тарихы, олардың негізгі таралу аймағы, типологиясы мен классификациясы жасалды. Ғалымның еңбектеріндегі қай тұжырымы болса да қазақ тарихының кейбір тұстарына қажетті деректер ғана емес, сонымен қатар сол кезеңдегі қазақ мәдениетінің даму деңгейін зерделеуге мүмкіндік береді. Мәселен, ғалымның зертеу нысанындағы Арал-Каспий өңірінің мемориалдық-ғұрыптық ғимараттары Еуразия даласының тарихы мен мәдениетінде өзіндік орны бар. Аймақтың тарихы мен мәдениетін зерттеу ‒ сәулет ескерткіштерінің тарихын зерделеусіз мүмкін емес. Қазір аса өзекті «қазақ ескерткіштану» ғылыми-практикалық бағытын жетілдірумен айналысады. Қазақстандағы ескерткіштану са­ласын ғылыммен практикалық бағытты ұштастыра білу ға­лымның көрегенділігі деуге болады. С.Әжіғали – Маңғыстау, Үстірт, Каспий, Арал, Жем-Сағыз, Ұлы Қобда аймағының сәулет мұра­ларын зерттей отырып, бейіт-зираттар құрылымы, ондағы өзіндік ерекшеліктердің туу себептері, көшпелілердің сәулет ескерткіштерін дамытудағы үлесін жан-жақты ашып бере білген ғалым. С.Әжіғалидың негізгі ғылыми еңбектері Арал-Каспий өңірі, Батыс Қазақстан облысы аумағының тарихы мен дәстүрлі мәдениеті, қазақ халқының этнографиясы мен архитектуралық ескерткіштерін зерттеуге арналған. Ол алғаш рет Батыс Қазақстан мен оған іргелес аумақтардың мемориалдық және ғұрыптық құрылымдарын типологиялық жағынан классификациялайды. Бұл бүкіл Қазақстан және Орталық Азия аймағындағы ұқсас сәулет ескерткіштерін зерделеуге, салыстырмалы түрде Еуразия даласы көшпенділерінің жерлеу-ғұрыптық құрылымдарын зерттеуде маңызды. С.Әжіғалидың Арал-Каспий өңірінің ғұрыптық ескерткіштерін ұзақмерзімді зерделеуі Еуразия даласы көшпелілері мен жартылай көшпелілерінің тарихы мәдениетін жан-жақты жіті зерттеуі нәтижесінде қазақ тарихы мен этнографиясын сипаттайтын нақты деректер алынды. С.Әжіғали Арал-Каспийдің жерлеу және табыну кешендерін хронологиялық негізге сәйкес үш үлкен топқа бөліп қарастырады: 1) ортағасырлық, Оғыз-Қыпшақ кезеңінен бастау алады (Шопан ата, Шақпақ ата, Қараман ата, Балғасын); 2) кейінгі ортағасырлық XIV ғ. (Кенді баба, Үштам, Масат ата, маңғышлақтық Қошқар ата, Үстірттік Қошқар ата, Сисем ата, Абат Байтақ, Қарасақал, т.б.); 3) жаңа уақытта қалыптасқан кешендер – XVIII-XIX ғғ. (Қарашық, Қызылсу, Сағындық, Бейсембай, Алып ана, Дәуімшар, Нұрманбет, Дәуіт ата, Қарабасәулие, Хан патшасы және т.б.). Ғалымның ең басты зерттеу нысаны ретінде Арал-Каспий теңізінің ғұрыптық ескерткіштер кешенінің пайда болуында үлкен маңызы бар Батыс Қазақстанның жерлеу және ғұрыптық архитектурасының кіші нысандарын атауға болады. Кіші нысандар ретінде құлпытастар мен сандықтастары назарға алынып, олардың типологиялық ерекшеліктері ажыратылды. Арал-Каспий өңірін ұзақмерзімді кешенді зерттеулерінің тағы бір маңызды бөлігінің бірі – Арал-Каспий маңы мемориалдық және ғұрыптық сәулет ескерткіштерін мәдени-генетикалық және этномәдени түсіндіру бойынша зерттеулер. Олардың генезисі мен семантикасын анықтау орасан зор салыстырмалы тарихи-архитектуралық, археологиялық және этнографиялық материалдарды зерттеу негізінде жүзеге асырылды. Көшпенділер мен жартылай көшпенділердің монументалды құрылымдары аймақтың (Орталық Азия–Қазақстан) мемориалдық және ғұрыптық сәулет ескерткіштерінің әсерінен дамыды деген қорытынды жасайды. Арал-Каспий өңірінен басқа ғалым соңғы кезеңдерде Орталық Азиядағы (Моңғолия, Қытай) қазақ диаспорасының қоныстануы, орналасуы және оны этнографиялық-этноархеологиялық тұрғыдан зерт­теу мәселесімен де айналысты. Ол Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының Моңғол және Қытай этно­графиялық-этноархеологиялық экспедициясын басқарып, аталған аймақтарда кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Моңғо­лиядағы қазақтардың тұрмыс салты мен дәстүрлі шаруашылығының сақ­талуы, моңғолдармен қарым-қатынасындағы өзара мәдени ық­пал­дастық мәселелеріне жан-жақты назар аударды. Серік Ескендірұлы ғылымның тарихи-этнологиялық саласының маңыз­ды мәселелерін этникалық тарих, отырықшылық жүйе мен көш­пелі малшылардың материалдық мәдениеті, халық шығар­ма­шылығын, дәстүрлі және заманауи ырым-тыйымдар, ұлттық этно-г­рафия тарихы, тағы басқа мәселелермен Қазақстанның Батыс аймағымен ғана емес, Оңтүстік Қазақстан, Сарыарқа, Жетісу аймақ­тарында ке­шенді этнографиялық зерттеулер жүргізген ғалым. Сондай-ақ С.Әжіғали Қазақстандағы этноархеология, этноар­хитектура, ескерткіштану саласындағы өзекті ғылыми-практикалық бағыттың қа­лыптасуына елеулі үлес қосты.

Б.Қалшабаева, тарих ғылымдарының докторы