Жеңіс Қасымбек астаналықтарға үндеу жасады

Жеңіс Қасымбек астаналықтарға үндеу жасады

Жеңіс Қасымбек астаналықтарға үндеу жасады
ашық дереккөзі

Астана қаласының жаңа әкімі болып тағайындалған Жеңіс Қасымбек қала тұрғындарына үндеу жасады деп хабарлады turkystan.kz.

Ол  Instagram-дағы парақшасында астаналықтармен жұмыс істеу өзі үшін үлкен мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екендігін айтты.

«Елордамызды ары қарай бірлесе дамытатын боламыз. Астана – қашанда өзіне еріксіз баурап алатын, тартымды қала болып келеді. Сол сияқты Астананың өзіне тән сұлулығы мен өзіндік ерекше энергиясы бар. Қаламызды одан әрі жайлы да қолайлы ету үшін жұдырықтай жұмылып еңбек етеміз» деп жазды ол.

Әкімнің айтуынша, қазіргі уақытта дүние жүзіндегі мегаполистердің алдында жаңа жаһандық сын-қатерлер мен міндеттер тұр. Астана да солардың қатарында. Экономикалық көрсеткіштер, кәсіпкерлікті дамыту, инфрақұрылым, қолжетімді әлеуметтік қызметтер – өз жұмысымызда қала өмірі үшін маңызы зор барлық саланы қамтимыз.

«Қала тұрғындарының жайлы өмір сүруі үшін қолжетімді әлеуметтік тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, медициналық нысандар және т.б. салуды әрі қарай да жалғастырамыз. Қала тұрғындарының саны, құрылыс көлемі жыл сайын өсіп келе жатқанын ескеріп, жылу, су және электрмен жабдықтау нысандарының қуатын ұлғайту бойынша жұмыс істейтін боламыз», - деді Астана қаласының жаңа әкімі.

Әлеуметтік желі – тиімді байланыс құралы. Біз үшін сіздердің пікірлеріңіз маңызды. Елордамызды ары қарай дамыту бойынша сіздерден ұсыныстар мен идеялар күтеміз.

Айта кетейік, 8 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жеңіс Қасымбекті Астана қаласының әкімі етіп тағайындады.