Қазақстанда су құбыры желісінің 22%-ы ескірген

Қазақстанда су құбыры желісінің 22%-ы ескірген

Қазақстанда су құбыры желісінің 22%-ы ескірген
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлерді дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында қала мен ауылдарды сумен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды деп хабарлады turkystan.kz. Іс-шараға Мәжіліс депутаттары, Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология, геология және табиғи ресурстар вице-минстрлері және комитет төрағалары, Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдерінің орынбасарлары, «AMANAT» партиясы филиалдарының атқарушы хатшылары мен аймақтық кеңестердің төрағалары қатысты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында 2025 жылы халықты сапалы суға қолжетімділігін 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сәйкес қазіргі таңда сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік республика бойынша 96%-ды құрады. Оның ішінде қалаларда сумен жабдықтау – 98,1, ауылдарда – 93%. 2025 жылға дейін сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейін 53%-дан 48%-ға дейін төмендету жоспарланған. Алайда, «AMANAT» партиясының Өңірлік даму жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің басшысы Әмірхан Рахымжанов атап өткендей, жұмыстардың уақытылы орындалмай жатқаны белгілі болды.
«Партия филиалдарының көрсеткіштеріне сәйкес, 16 өңірде сумен жабдықтау объектілерін салу және жөндеу жөніндегі жобалар 2024-2025 жылға қалуда немесе қаржыланбағандықтан тоқтаған. Сондай-ақ министрліктің соңғы мәліметтері бойынша бөлінген қаражаттың игерілмей жатқаны анықталды», – деді ол.
Сонымен қатар қала мен ауыл тұрғындары ауыз судың болмауына немесе бюджеттен қомақты қаражат бөлініп жасалған жаңа су құбырларының істен шығуына шағымдануда.
«Мысалы, Түркістан облысы Қазығұрт ауданының тұрғындары ауыз судың сапасына, оның ішінде үш жыл бұрын 88 миллион теңгеге салынған жаңа гидрожүйенің жарамсыз күйде екенін айтып шағымданды. Күзде ірі апаттардың салдарынан Петропавл және Орал қалаларының тұрғындары сусыз қалды. Мұндай мысалдар көп», – деді Әмірхан Рахымжанов.
Қазір елімізде 88,7 мың шақырым су құбыры желісі бар. Оның 22%-ы немесе 19,4 мыңы ауыстыруды қажет етеді. Ең көп Алматыда – 55%, Жамбыл облысында – 35% және Ақмола облысында – 28%. 2021 жылдың қорытындысы бойынша, Алматыда ауыстыруды қажет ететін екі мың шақырымнан астам желінінің тек 31,3 шақырымы, Түркістан облысында 2,1 мың шақырымнан 57 шақырымы, Ақмола облысында 1,7 мың шақырымнан 20 шақырымы ауыстырылды.