Сәрсенбі, 1 Ақпан, 2023

Несиесін бір жыл бойы төлемей жүргендердің қарызы кешіріле ме?

Елде несиесін бір жыл бойы төлемегендердің қарызы жойылады. Бұл –  жеке тұлғаның банкроттығы туралы заң жобасында көрсетілген мүмкіндік. Құжат жақында депутаттар талқысына ұсынылады деп хабарлады turkystan.kz «Хабар24» телеарнасына сілтеме жасап.

Телеарнаның мәліметінше, проблемалық қарызы бар қазақстандықтардың 96 пайызы – кепілсіз несие алғандар. Демек, олардың дені банкроттық туралы заңның игілігін көре алады. Қарыз жойылуы үшін өтелмеген сома 5 млн теңгеге дейін болуы керек. Сондай-ақ соттан тыс банкроттық рәсімін табысы күнкөріс деңгейіне жетпейтін азаматтар пайдалана алады.

Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов борышкердің мүлкі болмауы керектігін ескертті. Кіріс пен мүліктің бар-жоқтығы электронды үкімет порталы арқылы айқындалады. Демек, мүліктің есебін жүргізетін барлық уәкілетті мемлекеттік орган деректер базасын біріктіреді. Осыдан кейін банктер есеп айырысу шоттары бойынша ақша қозғалысын жүзеге асырады. Соттан тыс банкроттыққа банк, микро қаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін. Өтініш бойынша шешімді жарты жыл күтуге тура келеді.

«Мысалы, келесі жылы заңнама жұмыс істеді делік. 2023 жылы банкрот болып табылатын болса, кейінгі процедураға 7 жыл өткен соң жүгінуге мүмкіндік бар. Банкроттықтан кейін үш жыл ішінде қаржылық жағдайына мониторинг жүргізіледі. Мұндай тәжірибе басқа Еуропа елдерінде де бар. Себебі әдейі жасалған банкроттық процедурасын тексеру үшін сондай тәсіл қолданылады», – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button