Кәдірбек СЕГІЗБАЙ: Қазақ өзін таппаса ғана өзгеге еліктейді

Кәдірбек СЕГІЗБАЙ: Қазақ өзін таппаса ғана өзгеге еліктейді

Кәдірбек СЕГІЗБАЙ: Қазақ өзін таппаса ғана өзгеге еліктейді
ашық дереккөзі
Кәдірбек Сегізбай – көптеген әңгіме-хикаят­тар­дың жә­не «Біз қалада тұрамыз» повесть-хам­са­сының, «Жол», «Беласқан» секілді романдардың ав­торы. Биыл 2020 жылы жарық көрген «Тағдыр тол­қыны» ро­маны үшін Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атанды. Осы­ған орай қазіргі қазақ әде­бие­тінің аға буын өкілімен кез­десіп, қаламгердің шы­ғармашылық жолы жайында әң­гімелескен едік. – Кәдірбек Сегізбайұлы, біз білетін қа­зақ қаламгерлерінің бәрі де бала ке­зі­нен жазуға деген қабілетін байқатқан. Сіз­де жазуға деген ынта қай кезден бас­тал­ды? – Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ау­­­данында дүниеге келдім, сол жерде орта мек­тепті бітірдім. Сосын екі жыл жұмыс істе­дім. Ол кезде КСРО-ны билеп тұрған Хру­щев­тің заңы бар, орта мектепті бітірген бала мін­­­детті түрде ауыл шаруашылығында жұмыс іс­теу керек деген. Немесе армияға бару керек, әйт­песе жоғары оқу орнына оқуға түсе ал­май­сың. Содан соң екі жыл үкіметтің қойын ба­ғып келіп, ҚазГУ-дің журналистика факуль­те­ті­не түстік. Қазақтың бәрі жазуды өлеңнен бастайды ғой, ауылда жүргенде аздап қабырға газетіне өлең жазып, сосын аудандық газетке шығарып жүр­дім. Журналистикаға түссем, ақын бола­тын шығармын деп ойлайтын едім. Оқуға түс­кенде байқадым, бір курстағы 25 студенттің бә­рі дүрілдеген ақын. Кейбірінің өлеңдері рес­публикалық газеттерге шыққан. Ал курс­тасым Елеусіз Кенебавтың «Арал вальсі» деген әні сол кезде халыққа белгілі еді. Олардың қа­­­сында біз түкке тұрмайтын сияқты едік. Со­ларды көріп «Аяз әліңді біл, құмырсқа жо­лың­ды біл» дегендей, журналистиканы ай­нал­дырып көрейін деген ойға бекігем. Солай өлең­мен қоштасқанбыз. – Сөйтіп, журналистиканың сіз ойла­ған­нан мүлде басқа нәрсе екенін білдіңіз? – Иә, журналистиканың газет қыз­мет­кер­ле­рін даярлайтын оқу екенін ұқтым. Менен га­зет қызметкері шығар ма екен деген қобалжу да болды. Оқуда жүріп өндірістік практикаға бара­мыз, зауыт-фабрикаға жібереді, сол жақ­тан материал жазып келеміз. Сөйтіп, мақала жа­за алады екенбіз деген сенім пайда болды. 3-4-курста жүргенде Өскеменнің об­лыс­тық газетке өндірістік тәжірибеге барып, сол кез­де ғана журналист бола алатыныма көзім жет­ті. Анда-мында іссапарға жібереді, мате­риал жазып қайтасың. Ел қалай жазып жатыр деп қарайсың, олардан өзгеше жазуға ты­ры­са­сың. Жазғандарым ұнаған болуы керек, өн­дірістік практика біткен соң облыстық га­зет­тің басшылығы оқу біткен соң осында ке­ле­мін дегізіп, қолхат жаздырып алды. Деген­мен облыстық газетке бара алмадым... – Бара алмай қалуыңызға не себеп? – Өскеменге бармай, Алматыда қалуыма мар­құм Кәкімжан Қазыбаев ағамыздың маған де­ген ықыласы себеп болды. Ол кезде ағамыз «Жетісу» газетінің редакторы еді, бізге уни­вер­си­тетте очерк жанрынан сабақ берген. Сол кісі курсы біткен кезде бәрімізге «сендерден ем­ти­хан алмаймын, ойдан очерк жазыңдар, баға­ларың­ды жазғандарыңа қарап қоямын» деді. Мен үш бөлімнен тұратын очерк жаздым. Со­с­ын Кәкең мені «Жетісуға» тартты, мақала, очерк­терімді шығарып тұрды. 4-курста оқып жүр­генде ол кісі «айналайын, сені газетке жұ­мысқа алар едім, бірақ өрісіміз тарлау. Мұнда істе­сең, бар болғаны Алматы облысы кө­ле­мінде ғана жүресің. «Лениншіл жас» газетіне бара­сың ба?» деп сұрады. Мен «аға, оған жүрек дауа­ламайды ғой» дедім. «Мен «Лениншіл жас­тың» редакторы Шерхан деген ағаңмен сөй­лесіп қойғам, жүрегіңді дауалат та соған бар» деді. Сол кездегі ағаларымыздың жүрегі қан­дай кең, әйтпесе мен Кәкімжан ағамен не жер­лес, не рулас емеспін. Ағалық қамқорлық де­ген керемет қасиет бар еді ол кезде. Сөйтіп, ұста­зымның айтуымен «Лениншіл жасқа» ба­рып, бір ай сынақ мерзімімен жұмысқа алын­дым. Содан соң екі-үш ай әдеби қызметкер, бө­лім меңгерушісі болып журналистикаға со­лай кірдік. Шерхан Мұртаза, Сейдахмет Бердіқұлов аға­ларымыз басқарған кезде «Лениншіл жаста» «чемпион мақала» деген болды. Апта­сына арнайы ұшпа (летучка) жасап, чемпион ма­қаланы анықтайды. Оған қаламақыдан тыс 20 сом сыйақы бергізеді. 20 сом – ол кезде әжеп­тәуір ақша. Мысалы, жылқы етінің ки­лосы – 1 сом 20 тиын. Жұрт үйір «ащы судың» бір шынысы 1 сом 70 тиын дегендей. Сонда бізді «чемпион мақаланың» сыйақысы емес, ерекше бірдеңе жазу арманы құлшындыратын. Ол кезде газетте Оралхан Бөкей, Кәрібай Ах­мет­беков, Қуанышбай Құрманғалиев бәріміз қатар істедік, шығармашылық бәсекеміз күш­ті, бәріміз ерекше бірдеңе жазуға тал­пы­на­тынбыз. – Жазушылығыңыз да сол журналист кезіңізде басталған болар? – Сол тұста Әнес Сараев, Оразбек Сәр­сен­баев, Ахат Жақсыбаев, Оралхан Бөкей – бәрі бас­пасөзде істей жүріп, әдебиетке қадам бас­ты, әрқайсысының әңгімесі әр жерден көріне ба­стады. Біздің қатарластарымыздан тек Қал­дарбек Найманбаев қана повесть жазып жария­лаған. Міне, осыларды көріп, қатар­лас­тарыңнан қалып қойғандай сезінесің. Мен алғашқы «Ашылмаған сыр» деген көлемі 6-7 беттей әңгімемді «Лениншіл жаста» жүріп жа­зып, Қалдарбекке көрсеттім. Шерханға апару­ға жүрегім дауаламады. Қалдарбек оқып шығып, 20 минуттан кейін шақырып алды. Әңгі­мемді қызылмен біраз шимайлап тастап­ты. Ол тура, әңгімемнің емес, өзімнің бетімді сызғандай әсер етті. Біртүрлі болып қалдым. Ол «Сенен жазушы шығады екен» деді, «шықса мынау қалай» деймін. «Асықпа, тұра тұр, сенде әлі журналистиканың салқыны бар, көпірме, лепірме сөздерің көп. Сен мынаны қайтадан көр» деді. Расында, журналистикада бос сөз, артық суреттеу көп қой, ол көркем шығармаға келмейді. Сосын қайта қарап, жазып шыққан соң (ұмытпасам 1969 жыл болар) «Лениншіл жас­та» жарық көрді. Менің алғашқы әңгі­ме­лерімнің біріне қатысты тағы бір қызық бар, Оралханмен бір тойда отырып, ауылда болған бір оқиғаны айтқам. Хрущевтің заманында түйе түлігіне жаудай тиген кез болды. Ауылда қал­ған 20 шақты түйенің бәрін жұртқа тара­тып берді. Жалғыз бураны түйеші шалдың өзі алып қалған. Сол бура көктемде су тасып жатқан кезде, жалғыз түйені түз артып келе жатқанда жүрмеген соң басынан қамшымен ұрып қалып, ол тулап, тұзды аударып тастап, сол жердегі күркіреп ағып жатқан өзенге қойып кетті. Ағысы қатты өзен бала бураны жаңқа құрлы көрген жоқ, ағызып ала жөнелді. Сөйтіп, тасыған су төрт метрге дейін көтеріліп, екі таудың арасынан ағатын жерге апарып, тар қысаңға түйені апарып тығып тастаған ғой. Оны іздегендер 52 күннен кейін ғана тап­ты. Түйенің құр сүйегі қалған. Жатқан жерін­де бір терек бар екен, соны мүжіп жеп тауысыпты. Арып қалғаны сонша, кемедей бураны төрт жігіт жоғарыда тұрып арқанмен тар­тып алды. Осы оқиғаны естіген Оралхан «Ме­нің «Ақбота» деген әңгімем бар еді, соны диптих қылайын, мынауыңды маған бер» деді. Мен оған «кешігіп қалдың, мен мұны жазғанмын, бірақ әлі жөндеп жатырмын» дедім. Әрине, әлі жазған жоқ едім, бірақ бергім келмей тұр, өйткені жазушы адам өзіне керек материалды біреуге бере қоя ма? Тойдан шыққан соң үйге барып түнімен ұйықтамай, «Ба­ла бура» деген әңгімені жазып шықтым. Ре­дакцияға келсем, Оралханның даусы саң­қылдап, «бураны зерттеген қазақбай» деп сөй­леп отыр екен. «Ойбу, кешегі оқиғаны жа­зып қойған екен ғой» деп, бірінші қабаттағы «Қа­зақстан пионері» газетінде істейтін өзі ре­дактор, өзі машинка басатын келіншекке барып «мынаны басып берші» деп өтініп, ол машинкасын сартылдатып қолма-қол басып берді. Мен қағазға басылған әңгімемді алып, үстінен қарап, оны-мұнысын түзеп редакцияға кірсем, Оралхан жатыр шалқайып, бірдеңені біті­ріп тастағандай әңгіме соғып. Не болса да кө­рейін деп Шерханға кірдім, «әңгіме жазып едім» деп. «Бергін» деді Шерағаң. Қағазға көз сал­ды да, адырайып бетіме қарады: «Ай, бәрің не­ғып түйешіл болып кеттіңдер? Менің басым кет­сін деп жүрсіңдер ме?». Әңгімені алып қал­ды, біраздан Оралхан екеумізді шақырып ал­ды. «Екеуі де ұнады, егер екеуін газеттің екі бе­тіне берсек қандай жарасар еді, қазір үкімет түйеге жаудай тиіп жатқанда екі әңгімені қатар бергеніміз жараспас, онда мені құртады» деді. «Оралханның «Бурасын» «нөмірге» деп жазып қойып едім, сен әңгімеңді «Жұлдызға» апа­расың, журналдың редакторы Бекежан Тіле­геновке айтып, келесі нөмірге басуға уәде­сін алып қойдым» деді маған қарап. Қуанып кет­тім, «Жұлдызға» шығу деген ол кезде жазу­шы болдың деген сөз ғой. Сөйтіп, «Бала бура» атты әңгімем айтқан уақытында «Жұлдызға» шық­ты. Жұрт қарап жүре ме, осыдан кейін «Орал­хан Кәдірбектің әңгімесін ұрлап апты» де­ген сөз шықты. Оралхан менен ұрлайтын адам емес қой. Шындығына келгенде, екеу­міз­дің әңгімеміздің кейіпкері бура болғанымен әң­гімелердің шешімі мүлде басқа. Солай бас­талған жазушылық жолымыз. – «Лениншіл жастан» кейін қызметіңіз қайда жалғасты? – Одан кейін «Білім және еңбекке» бардым жауапты хатшы болып, сосын «Қазақ кеңес энциклопедиясында» 4 жылдай істедім. Оның бәрі адамға сабақ. Білмеген көп нәрсемізді эн­­­циклопедияда жүріп білдік. Сонсоң «Жа­лын» журналында Тұманбай Молдағалиевтің орын­басары болып қызмет атқардым. Сол кез­де таза прозамен айналыстым. Сол тұста Қа­зақстан ЛКСМ орталық комитеті мен «Жа­лын» баспасы бірігіп ұйымдастырған балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық әдеби бәй­гесінің жауапты хатшысы болдым. «Ата­мұра» баспасында 12 жыл еңбек еттім. – Көлемді шығармаларыңызды қай кез­ден жаза бастадыңыз? – Ең алғашқы көлемді шығармам – «Біз қа­­­лада тұрамыз» деген повесть-хамсам (алғаш рет 1983 жылы жарық көрді). Онда қазақ ин­тел­лигенциясының қалыптасуы туралы жаз­дым, қазақ оқығандарының ел астанасында қалуы­ның қиыншылығын жаздым. Ол кезде Алматыда қалып шығармашылықпен шұғыл­дан­ғысы келетіндерге үй жоқ, үй болмаған соң күй қайдан болсын? Жұмысқа тұру үшін мін­дет­ті түрде қалада тіркеуің болуы керек. Ол өте бір қиын шаруа. Біреудің үйіне тіркелу үшін жалынып-жалпайып, сұраған ақшасын бере­сің. Сондайда Шерхан ағамыз талай қазақ жас­тарына көмектесті. Шерағаң милицияның бас­тығына хат жазып береді: «мынау осындай үлкен газетте істейтін талантты қаламгер еді, сол мынадай мекенжай тауыпты, соған тіркеп беруіңізді өтінеміз» деп. Пәтерде бір жерде көп тұра алмайсың, қазақ болған келімді-кетімді адамың болады, ол пәтер иесіне ұнамай, үйден қуып шығады. Ол кезде тіркелу үшін қазақтың үйін табу қиын. Міне, осылардың бәрін өз ба­сым­нан өткен, өзіме таныс басқа да адам­дар­дың тағдырын өзек қылған «Біз қалада тұрамыз» атты повесть-хамса (өзім оны роман деп атап жүрмін) мені прозашы ретінде та­ныт­қан шығармам болды. Сол кезде кеңес ар­миясында әскери борышын өтеп жүрген қазақ жастары кітап оқитын, олар қызмет етіп жатқан әскери бөлімдерге қазақ кітаптары барып тұратын. Маған әлгі шығармам туралы әскери борышын өтеп жатқан жастардан көп хат келетін. – Жазушының шығармашылық ерек­шелігі туралы, әрине, өзгелердің айтқаны дұрыс. Дегенмен өзіңізден сұрағымыз ке­леді: туындыларыңыздың сюжеті ой­дан шығарыла ма немесе оларға болған оқи­ғаларды арқау етесіз бе? – Менің шығармашылық ерекшелігім – не­гізінен болған оқиғалар туралы жазамын. Менің көлемді шығармаларымды былай қой­ған­да, әңгімелеріме дейін өзім білетін жай­лар­ды өзек етемін, көрген-естіген оқиғалар не­гізінде жазамын. Түгелге жуығының өмірде про­тотипі бар. Мәселен, «Арқарқара» деген әңгі­меме ауылда ерекше туған құлын туралы. Өзім көзіммен көрдім, жалы ұзын, тура тұя­ғына түсіп тұратын. Қап-қара бұйра жалды. Жа­ратылысы бөлек жануар. «Правда» деген колхоздың малы. Үкіметтің малына таңба ба­сады ғой, әлгі ерекше жылқыға да төрт ая­ғын байлап қойып, сауырына «П» деген таң­баны қыздырып басқанда аяғындағы жіпті бырт-бырт үзіп, атып тұрып беталды қаша жө­нелді. Сол кетісткен адамға жоламай, жа­байы болып кетті. Жылқыға қосылмайды. Қол­ға үйренбеді. Айғыр еді, түн ішінде келіп бие­лерді сауырлап кететін. Иесіз таудың ара­сында жүрді. Кейін оны үйірге икемдеп жүріп, ұстап алып Семейге етке өткізетін малдың қатарына қосып жіберген. Сонда әлгі жылқы ет комбинатының қоршауынан секіріп шығып қашып, Семейден бес жүз шақырымдай жырақтағы Зайсанға қайта келген ғой. Сол ту­ралы әңгіме жаздым. Болған оқиғалар негі­зін­де. Сол сияқты «Қара қасқыр» деген әңгімем бар. Қазақ төрт көз итті жек көреді ғой, біздің ауыл­да да біреулер сондай бір төрт көз қан­шық итті атып, оның бір аяғы сынып ауылдан бе­зіп кетіп, қасқырларға қосылып кеткен. Со­дан қасқырдың арланымен шағылысқан болуы керек, біздің жақта малға шабатын қасқырлардың арасында қара сұр қасқыр пайда болды. Бойында қасқырдың да, иттің де қаны бар әлі ерекше қасқыр ауылға еркін кіріп кете беретін. Сырттай қарасаң, итке ұқсайтын ол ауылға еш кедергісіз кірген соң қасқырлығы оянып, малға шауып, тамағын тойдырып қай­та беретін. Өзі сондай ақылды аң. Сол туралы да жаздым. Әңгімелер ғана емес, көлемді шы­ғар­ма­ларым­ды да дерегі бар, өмірде болған жайттар не­гізінде зерттеп жазамын. Мәселен, биыл Мем­лекеттік сыйлық алған романым да өмір­де болған оқиғалар туралы жазылған. 1916 жылы Қазақстанда болған ұлт-азат­тық көтерілістері туралы білесің ғой, бірақ со­ның ішінде Торғайда болған Аманкелді бас­қарған көтерілісті ғана айтқызды кеңестік кезде. Ал ол тұста ондай қозғалыс бүкіл қазақ даласында ен жайған. Патшалық Ресейдің бірін­ші дүниежүзілік соғысқа қазақтан адам алуына қарсы көтеріліс деп саяси астар беріп, бір жағы алашордашыларды қаралау мақ­са­тында Аманкелді көтерілісін насихаттады кеңес­тік кезде. Басқа оқиғалар туралы айтыл­ма­­ды. Тіпті, Ұзақ, Жәмеңке бастаған Албан кө­тері­ліс туралы жазған Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесінің өзі орысша шық­қан­нан кейін ғана қазақша басылды. Шын мә­нінде, Кеңес өкіметі айтуды қажет деп тап­па­ға­нымен, өзге жерлерде де қазақтың Патша өкі­метіне, кейін Кеңес өкіметіне қарсы қару алып шыққаны тарихтан белгілі. Мәселен, біз­дің Зайсан өңірінде де ондай оқиғалар бол­ған. Мен «Тарих толқыны» деген соңғы шық­қан романымда өзім туып-өскен елде болған оқи­ғалар, солардың басында тұрған адамдар жайын­да жаздым. Зайсан – Қытаймен шекарадағы аудан. Ол ай­мақтағы кеңестік өкіметтің қысымынан қаш­қандардың бәрі Қытайға сол жер арқылы өт­кен. Ал шекарадағы солдаттар оларды жі­бер­меуге тырысады. Оның соңы атыс-шабыс, кісі өлімі... Кейін соны зерттеп көрдім. Зайсан қаласында полковник Колпаков де­­геннің ескерткіші тұратын. Соны сұрас­тыр­дым, «бұл кім, қандай ерлік жасаған?» деп. Сөйт­сем, ол қашып шекарадан өтпекші болған жұрт­ты қырып-жойған кеңестің офицері екен. Зайсанда Әлібай деген атақты мерген бол­ған. Мергендігі аңызға бергісіз. Меркіт руы­ның жиырма шақты адамы Қытайға қарай қашып бара жатып, шекараға бір шақырымдай қал­ғанда (Сасықбұғы деген жерде) солардың Тұр­ғанбай деген басшысы (кезінде би, болыс бол­ған) жараланып, жүре алмай қансырап, «кіш­кене отырып ес жинайық, жарамды таң­дырайын» деп, Әлібайдың «бір шақырымдай-ақ жер қалды, Қытайға өтіп бір-ақ демалайық» дегенін тыңдамайды. Сасықбұғы қалың қара­ғайлы, шатқалы көп, адам аяғы сирек басатын жер ғой, сондықтан Тұрғанбай бізді бұл жер­ден ешкім таппайды деп ойласа керек. Сол кезде артынан өзінің руласы, НКВД-ның тың­шысы әскерді бастап келіп, сайда дөңге­ле­не отырған қарусыз жұртты (жалғыз Әлі­байда ғана ұзын қара аңшы мылтығы болған) қырып салған. Содан әбжіл Әлібай мерген ғана қалың қарда аунап барып, бір тастың қалқа­сы­на тығылып, солдаттармен атысады. Сөй­тіп, басы қылтиғанды қағып түсіріп, он шақты сол­датты о дүниеге аттандырады. Оғы аздау бол­са керек, ең соңында қалған екі оқты ат­пай, оны соңғы сәтке дейін сақтауды ойлайды. Оның біреуін әскерді бастап келген сатқынға, екіншісін өзін атуға жұмсағысы келеді. Сонда ішіндегі командирі (әлгі ескерткіші Зайсанда тұрған полковник) батырсынып биікке шы­ғып қарайды. Әлібай өлген адам секілді қи­мыл­дамай жатады. Сол кезде әлгі офицер мер­ген жатқан тастың үстіне келіп, төменге үңі­ле бергенде Әлібай атып жіберіп, тура маң­дайдан тигізеді. Офицер Әлібай жатқан жерге қо­лындағы винтовкасымен бірге келіп құлай­ды. Құдай беріп, мол оғы бар мылтық қолына тиген соң Әлібай асықпай жатып, басы қыл­ти­ғанды қағып түсіре береді. Кейін солдаттар кет­кен соң байқаса – олар қарусыз 19 қазақты өл­тірген, бұл бір өзі қарулы 21 әскерді өлті­ріп­ті. Мерген қазақты аңдығанымен, ештеңе шы­ғара алмасын білген қалған солдаттар әлгі офи­цердің ғана денесін алып, қалған жиыр­масының басын кесіп әкеткен көрінеді. Өйт­кені қайтар жол ауыр болған соң бәрін алып жүруге шамасы келмеген. Осының бәрін бол­ған оқиға негізінде жаздым. Ал одан бұрынырақта жарық көрген «Бе­лас­қан» деген романымда да өмірде болған жайт­тан ауытқыған жоқпын. Кеңестік кезеңде шы­ғарманың кейіпкері не жағымды, не жа­ғымсыз болатын. Ақ, қара деген екі ғана бояу болды. Ал мен өз романымда бұл жағдайға сәл басқаша қырынан келіп, бір кезде ел билеген Қамбар төре деген кісінің образын жасадым. Бер­тінде болған оқиға. Қамбар төре Қытай­дағы жоңғарлармен атысып-шабыспай-ақ қа­рым-қатынас жасаған. Оның бейнесінің жақ­сы жағы да бар, кейде халықты бірлікте ұстап тұру үшін жасаған қаталдығы бар. Ал оның Шотан деген баласы, ақылмен іс істе­мейтін ноқайлау болған. Сол өзінің қызын ұзат­қанда кедей біреудің бір ұл, бір қызын солар­ға құл мен күң ретінде қосып жібермекші болады. Содан дау туып, елдегі Сегізбай деген бай барып, билердің кеңесіне салып әділет­сіз­дік жасаған төрелердің билігін тоқтатады. Мі­не, сол шығармам шыққаннан кейін төре­лер келіп мені сотқа береміз деп шу шығарғаны бар. Мен «беретін соттарыңа бере беріңдер, мұ­ның бәрі құжаттарда дәлелі бар нәрсе, ел­дегі ақсақалдар да осыны айтады» дегенмін. «Жол» деген романым да дерекке құрыл­ған. Бес бала Аягөзден шығып Мәскеуге жаяу бар­ған ғой. Содан келе жатқанда мына Тал­дықорғанда тоқтайды, Сейдахмет деген кісі­нің үйінде тұрған. Роман шыққаннан кейін Сей­дахметтің ұрпақтары мені тауып алып, «ата­мызды тірілткендей болдыңыз» деп риза­шылықтарын білдірді. Ал жоғарыдағы «Тағдыр тол­қыны» романым шыққаннан кейін облыс­тық газетке мақала жаздым, осындай батыр­лық жасаған кісілер болған, соның ұрпақтары бар ма деп. Бірақ хабарласқан бір адам болған жоқ. – Қаламгерге еткен еңбегінің бағалан­ға­нын көру де бір ғанибет қой, сіз де Мем­лекеттік сыйлықтың иегері атанды­ңыз... – Жас келді. «Қартайғанда кәрі боз жорға шық­ты» дегендей, менде бір атақ ала қояйын де­ген ниет те, ұмтылыс та болған жоқ осы кез­ге дейін, бірақ Мемлекеттік сыйлық алған­да қуанғаным рас. Одақтағы жігіттер бір-екі рет «Кәдеке, сіздің замандастарыңыздың көбі алды, алмай кетіп қалғандары бар... Сіз енді қа­рап жүре бересіз бе, романыңызды оқып едік, жақсы екен, ұсынайық» дегенде, «балдар, мен екі жастың біріне келгенде жолда қалсам ұят болар. Ұсынып еді, өтпей қалды деген жа­сы келген адамға ыңғайсыз болар. Тауым ша­­ғы­лып жүрер» деп едім, сонда да қоймай ұсы­нып, құдайға тәуба, бұйырған екен. Үш турда да жақсы дауыс алды. Бұл бір атақ алдым деген мақтаныш емес, әйтеуір қарап жүрмеген екем ғой, еңбегім бар екен ғой дегендей көңіл­ге жұбаныш болар нәрсе. Басқаны қойғанда, бала-шағаңның алдында да бедел. Әйтпесе, жақсы жазушының шығармасы Мемлекеттік сыйлық алмаса да оқыла береді ғой. – Бұрынғы кезде қазақ жазушы­ларын­да романтизм күшті еді. Қазір реа­лизм басым сияқты. Тіпті «романтизмнің дәуірі өтті» деп жатқан сыншылар бар. Қа­ламгердің қиялы құрғақ деректердің аясынан шыға алмай қалса, туындының әсері әлсіремей ме? – Қазір мондернизм дейді, постмодернизм дей­ді... лағып кетіп жатыр жұрт. Мен оны мойын­дамаймын. Ондай бағыт басқа өнер түр­лерінде де бар. Мен студент кезімде Америка сурет­ші­лері­нің бір көрмесі өтті осында. Сондағы бір кар­тина әлі есімде. Аппақ полотно, ортасында кішкен ғана қара нүкте тұр. Астына «Мир и я» («Әлем және мен») деп жазып қойыпты. Ал осы­ны түсініп көр! Ол не айтқысы келді сон­да? Ол бір елден ерек тапқырлық па? Маған Қастеевтің қара тырнағы одан мың есе артық. Оның суреттері сөйлеп тұрады. Мәселен, бір ғана «Түрксиб» деген картинасы... Қазақ да­ла­сына келген жаңалықты жұрт қалай қарсы алып жатыр, сол кездегі қазақ өмірі қалай, бәрін көз алдыңа әкеледі. Мен ақиқатшыл өнерді жақсы көрем. Ал қа­зіргі әдебиетте де сондай бұлың-бұлың бір­деңелер пайда болды. Габриел Гарсия Мар­кестің атақты «Жүз жылдық жалғыздық» деген кітабын баяғыда марқұм Кеңес Юсупов аудар­ды. Екеуміз кей мәселеде келісе алмай қалатын едік. Әлгі романда сиыр келе жатып, адам­дар­дың қылығын көріп аспанға ұшып кетеді. Онымен жазушы не айтқысы келді? Жарайды, адам­дар ақымақ болсын, сиыр-ақ ақылды бола қойсын. Содан не шықты? Жалпы, әдебиет болсын, музыка болсын, сурет болсын, ондағы өнер туындылары ақи­қатшыл болуы керек, шығармада өмірдің елесі болу­ға тиіс! Қазіргі жастардың шығарып жатқан ән­дерін тыңдасам, төбе шашым тік тұрады. Әнін де, сөзін де өзі жазады және өзі орындайды. Кілең бір жатқан Ақан сері, Біржан сал... Шын­дығын­да, бұлар олардың тырнағына тати ма екен? Жақында бір қуанышымды тойладым. Тама­дасына, музыка қоятынына айттым, «ай­налайын, менің ақшамды алдың ба, тойымды менің айтқаныммен жасайсың. Ана хит-миттарыңның керегі жоқ. Қазақтың дәстүрді ән-күйлерін қойыңдар, билесек, вальс билейік, болды. Артық ештеңенің керегі жоқ» деп. Той­ға жиналған халық берген тамағыма, шара­быма көңілі толды ма, толмады ма білмеймін, бірақ тойда шырқалған әнге, тартылған күйге риза болып, «тойыңыз керемет өтті» деп рақ­метін айтып кетті. Бұл не? Шын мәнінде, қазақ қай жерде өзінің ұлттық болмысын іздейді. Біз соған мән бере бермейміз. Қазақ өзін тап­паған жерде ғана өзгенің ...изміне еліктеп, біреудің қаңсығын таңсық көреді. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ахмет Өмірзақ