Астананың 2022 жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі – 911,19 млрд теңге

Астананың 2022 жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі – 911,19 млрд теңге

Астананың 2022 жылға арналған бюджетінің жалпы көлемі – 911,19 млрд теңге
ашық дереккөзі
Астана қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев елорданың нақтыланған бюджеті 911,19 млрд теңге болғанын айтты, деп хабарлады turkystan.kz.
«Талдау қорытындыларын негізге ала отырып, қаланың табыс жоспарын 22,5 млрд теңгеге ұлғайту арқылы 579,2 млрд теңгеге жеткізу ұсынылады. Оның ішінде салықтық түсімдер бойынша – 24 млрд теңге, салықтық емес түсімдер бойынша – 3,2 млрд теңге, негізгі капиталды сатудан түскен түсімдер бойынша-жоспарды 830 млн теңгеге ұлғайту көзделеді. Бюджеттік кредиттерді өтеу бойынша өтімді мүлікті коммуналдық меншікке беру және «Теплотранзит» АҚ тарапынан кредиттерді өтемеу есебінен «Елорда құрылыс компаниясы» ЖШС тарапынан кредиттерді ішінара өтеуді ескере отырып, жоспар 5,5 млрд теңгеге азайтылсын», - деді Қайсар Манқараев мәслихат отырысында.
Айтуынша, қаражатты қайта бөлу есебінен мынадай іс-шаралар қосымша қолдау тапқан: Білім басқармасына Күлтегін көшесі 17/1 мекенжайындағы балабақша ғимаратын сатып алу үшін 200 млн теңге сомасында, Дене шынықтыру және спорт басқармасына көркем гимнастика және мәнерлеп сырғанау шараларын өткізуге 30 млн теңге, активтер мен мемлекеттік сатып алу басқармасына әскери комитет ғимаратын сатып алу жобасын қаржыландыру көлемі 520 млн теңгеге дейін ұлғайтылады. «Сондай-ақ Құрылыс басқармасына «Ramada Plaza» ғимаратын жобалау мен қайта жаңартуды бастау үшін стационарға 100 мың теңге көлемінде қаражат қарастырылған. Көлік және көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына тасымалдаушының шығыстарын субсидиялауға қосымша 200 млн теңге бөліп, жалпы сомасын 4,2 млрд теңге жеткізу жоспарланды.
Енгізілетін өзгерістерді ескере отырып, Астананың 2022 жылға арналған нақтыланған бюджетінің жалпы көлемі 911,19 млрд теңгені құрады. Оның ішінде өз табысы бойынша түсімдер 579,2 млрд теңгені, республикалық бюджет пен трансферттер түсімі 236,5 млрд теңге, сондай-ақ қарыздар түсімдері 32,1 млрд теңге болып белгіленді», - деді басқарма басшысы.
Елорданың экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Манқараев бюджетті нақтылау аясында қалалық ортаның сапасын жақсартуға және әлеуметтік маңызды мәселелерді шешуге қосымша қаржыландыру қарастырылғанын мәлімдеді. Таяу жылдары бюджеттік саясаттың басымдықтары инвестициялық жобаларды қаржыландыру және азаматтарды әлеуметтік қолдау, барлық әлеуметтік кепілдіктер мен халық алдындағы міндеттемелерді сақтау екенін айтты. Осы орайда ол бас қаланың бюджет кірістері туралы да жеке тоқталды.