Мемлекет меншігіне қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі – Ермек ОМАРҰЛЫ

Мемлекет меншігіне қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі – Ермек ОМАРҰЛЫ

Мемлекет меншігіне қайтарылған жер халықтың игілігіне беріледі – Ермек ОМАРҰЛЫ
ашық дереккөзі
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын. Ауыл шаруашылығы саласындағы осы түйінді мәселені шешу мақ­сатында «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» ко­мис­сиясы еліміздің біраз өңірін аралап, пайдаланылмай бос жат­қан жерді мемлекетке қайтару ісімен айналысып келеді. Комис­сия мүшелері Жетісу облысына барып, жаңа аймаққа қарасты Кербұлақ ауданы Бостан ауылы, Ескелді ауданы Шымыр ауылы, Көксу ауданы­ның Лабасы ауылы тұрғындарымен кездесіп, ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы пайдаланылмаған және заңсыз бөлінген жерді мем­лекет меншігіне қайтару мәселесін жан-жақты талқылаған бола­тын. Нәтижесінде, 106,6 мың гек­тар жер мемлекет менші­гіне қайтарылды. Осы орайда Жетісу облысы Жер қатынастары басқармасының басшысы Ермек Омарұлымен сұхбаттасып, облыстағы жер мәселесіне қатысты мән-жайды сұраған едік. – Биыл «Жер аманаты» комиссия­сы­ның араласуымен Жетісу облы­сын­да 106,6 мың гектар жер мемлекет мен­шігіне қайтарылды. Бұл бағыт­та­ғы жұмыс қалай жалғасып жатыр? – Иә, өзіңіз айтып өткендей, жыл ба­сы­нан бері жалпы аумағы 106,6 мың гек­тар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Оның ішінде 103,2 мың гектар – жайы­лым­дық, 3,2 мың гектар – егістік, 222,5 гек­тар – шабындық жер. Сонымен қатар облыс бойынша пайдаланылмай жатқан, 34 инвес­тициялық жоба арқылы берілген 39,8 мың гектар жер учаскесін мемлекет мен­ші­гіне қайтару жұмыстары жүргізіліп жа­тыр. Облыс әкімдігі тарапынан аудан жә­не қала әкімдіктерімен бірлесіп, кос­мо­мониторинг деректерімен салыстыру жұ­мыстары атқарылды. Нәтижесінде, нақ­ты пайдаланылмай жатқан жер анық­та­лып, иелеріне шара қолдану үшін об­лыс­тық Жер ресурстарын басқару депар­та­ментіне мәлімет жолданды. – Ауыл шаруашылығына арнал­ған жердің игерілмеуіне не себеп бо­лып отыр? – Жетісу облысында жерді тиімді пай­­­далану, жер ресурстарын қорғау, жер те­лімдерін бөлу және игеру, бос жатқан жерлерді халық қажеттілігіне қарай пай­далануға беру жөнінде жұмыс атқарылып жа­тыр. Жалпы, облыстың жер қоры – 11,8 млн гектар. Бұл республика аумағы­ның 4,3 пайызына тең. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайда­ла­нып жатқан жер көлемі – 4,6 млн гектар. Өздеріңізге белгілі, облыстың та­би­ғи орналасу ерекшеліктеріне және жер байлығына сәйкес аграрлы-ин­дустриялық аймақ болып саналады. Об­лыс аумағының 77 пайызы егін және мал шаруашылығын дамытуға қолайлы. Осы­ған орай ауыл шаруашылығына арналған жер­ді қорғау және тиімді пайдалану өзек­ті мәселе. Негізі, ауыл шаруашылығына ар­нал­ған жердің тиімділігін арт­тыруға кері әсерін тигізіп отырған негізгі фак­тор – жер пайдаланушы субъектілер­дің ұсақтығы. Ұсақ шаруа қожалықтары ма­те­риалдық, техникалық және қаржы­лық жағынан әлсіз. Осының салдарынан егістік жерлердің біраз бөлігі игерілмей қалып жатады. Жалпы, жер қорын пайдаланудың тиімділігін арттыру бағытында жер­ді тү-гендеу және тексеру жұмыстары ұдайы жүргізіліп тұрады. – Жер иеленушілер негізінен қан­дай заңсыздықтарға барған? – Жер иеленушілер жер учаскелерін не­гізгі мақсатына пайдаланбаған. Егістік пен жайылымды мүлдем қолданбаудың ке­сірінен жоғарыда аталған мәселе туын­дап отыр. – Жер басқармасы ұйым­дастыр­ған тексеру жұмыстарының нәти­же­сіне тоқталсаңыз. – Биыл Жер ресурстарын басқару де­пар­таментімен бірлесіп тексеріс жұ­мыс­тары жүргізілді. Осының нәтижесінде жал­пы аумағы 107,2 мың гектар пай­да­ла­нылмай жатқан ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы жайылымдық жер учас­ке­сіне байланысты 35 жер пайдаланушыға жер заңнамасына сәйкес заңбұзушы­лық­тар­ды жою үшін 1 жыл мерзімге нұс­қа­малар берілді. Нұсқамалардың орындалуын тек­серу 2023 жылдың шілде айы­нан бас­талады. Заңбұзушылық жойылмаған жағ­дайда сотқа талап арыз беріледі. – Облыс халқына неше гектар жайы­лым жетіспейді? Осы мәселені шешу үшін қандай жұмыс атқарылып жатыр? – Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы «Жайылымдардың жалпы алаңына түсетін жүктеменің шекті рұқ­сат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйры­ғына сәйкес, облыс бойынша ауыл шаруашылығы жануарларының 1 басына шөлді, таулы аймақты қосқанда орташа есеп­пен ірі қараға 5 гектар, қой мен еш­кіге 1 гектар, жылқыға 6,3 гектар, түйеге 7,3 гектар жайылымнан айналады. Облыстың өзіндік қосалқы шаруа­шылықтарында 1,5 млн мал басы бар. Ауыл тұрғындарының малын жаю үшін барлығы 719,4 мың гектар жайы­лым­дық алқап бекітілген. Қазіргі есеп бойынша, елді мекен халқының жайы­лымға деген қажеттілігі 688 мың гектар болып отыр. Еліміздің «Жайылымдар туралы» заңы­на сәйкес, қазір облыстың 6 ау­данында жалпы көлемі 30,9 мың гектар жайылым учаскесін мемлекет мұқтажы үшін алу жұмысы жүріп жатыр. Мемлекет меншігіне қайтарылып жатқан жерлер елді мекен халқының жайылымға деген мұқтажын қанағаттандыру мақсатында бекітіліп, беріледі. Қазақстан Президентінің 2022 жыл­ғы 3 мамырдағы Жарлығымен Жетісу об­лысының құрылуына байланысты об­лыста жалға берілетін ауыл шаруа­шы­лығы алқаптарының түрлері бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің шекті (ең жоғарғы) мөл­шері әзірленіп, мәслихаттың кезекті сес­сиясында мақұлданды. – Жергілікті тұрғындарды жерге бай­ланысты тағы қандай мәселе ма­за­лайды? – Қазір жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу мәселесі көтері­ліп жатыр. Облыс бойынша жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 108 684 өті­ніш тіркелген. Оның басым бөлігі Тал­дықорған қаласы және Панфилов ауда­ны­нан. Жер учаскесін алуға кезекте тұр­ған азаматтардың 500 өтінішін қана­ғаттандыруға мүмкіндік беретін Тал­ды­қорған қаласындағы «Жастар 3» тұрғын алабын игеру жобасы іске асырылып жа­тыр. Учаскелер 2023 жылдың басында бері­леді деп жоспарланып отыр. Қазір Ақсу, Алакөл, Панфилов аудан­дарын­да жеке тұрғын үй құрылысын жүр­гізу үшін берілетін жер учаскелеріне қа­жетті инженерлік желілер жүргізілу үс­тінде. Аталған жұмыстар аяқталған соң, ретімен берілетін болады. Коммерциялық мақсат үшін жер учаскелері Қазақстан Жер кодек­сі­нің 48-бабына сәйкес, сауда-саттық (аук­цион, конкурс) арқылы беріледі. Сон­дай-ақ конкурстан тыс Кәсіпкерлік ко­­дексінің 284-бабына сәйкес инвест­и­ция­лық жобаларды іске асыру үшін беріледі. Биыл 15 қарашада Талдықорған қа­ласы бойынша электронды сау­да арқылы екі коммерциялық учаске аук­цион арқылы табысталды. Облыс бойын­ша келесі жылы аукцион арқылы жер учаскелерін табыстау жұмыстары жүр­гізілетін болады. – Осы орайда ауыл шаруашылығы жұмыстарын тиімді жүргізу мақ­са­тында қанша конкурс өткенін айта кетсеңіз. – Облыста бос жатқан жер көлемі – 4,6 млн гектар. Биыл облыста ауыл шаруа­шылығы жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесіне құқық беру бойынша 11 кон­курс өткізілді. Конкурста 44 905,5 гектар болатын 276 жер учаскесі шығарылды. Сонымен қатар Ақсу, Қаратал, Кер­бұ­лақ аудандарында конкурс өт­кізу жоспарланған. Барлығы 129 учаске, яғни 64 457,5 гектар жер. – Жер қатынастары басқармасы қыз­мет сапасын арттыруда қандай бас­тамаларды қолға алып жатыр? – Ашықтық пен жариялылықты қам­тамасыз ету мақсатында Жер комиссиясы құра­мына қоғамдық кеңес, мәслихат де­пу­таттары, мемлекеттік емес бірлестік өкіл­дері тартылған. Олардың үлес сал­мағы 50 пайыздан кем емес. Қазір өңірлік геоақ­параттық жүйе құрылды. Онда бар­лық қолданыстағы салалық дерекқор мен кадастрлар біріктірілген. Геопортал – көрсетілетін қызметті алу­шымен де, көрсетілетін қыз­метті берушімен де электрондық үкімет пор­талының өзара іс-қимылын жүзеге асыратын бірыңғай платформа. Жер қатынастары басқармасы Құрылыс, сәулет және қала құ­ры­лысы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармалары, Ақпараттық тех­но­логиялар орталығымен бірлесіп ке­шен­ді картаны жетілдіру бойынша жұ­мыс жүргізді. Осының нәтижесінде мем­­­­лекеттік қызмет көрсету процесін өті­ніштерді қабылдаудан бастап, жер учас­кесіне сәйкестендіру құжатын беруге дейін электронды форматқа толық кө­шіріп, жер учаскелерін беру процестерінің ашық­тығы мен бақылануы қамтамасыз етілетін болады. Пилоттық жоба ретінде облыстық маңызы бар Талдықорған, Текелі қа­ла­ларында жер қатынастары сала­сын­дағы 10 мемлекеттік қызмет және сәулет және қала құрылысы саласындағы 6 мем­лекеттік қызмет автоматтандырылды. Бү­гінде мемлекеттік қызметтерді авто­мат­тандыру жұмыстары аяқталды. Бұдан басқа, табиғи монополиялар субъекті­ле­рін инженерлік желілерге қосуға техни­ка­лық шарттар беру және ведомствоара­лық келісу процестері қосымша автомат­тандырылды. Жоба құрылыс мақсаттары үшін жер учаскелерін беру, топо­тү­сірі­лім, техникалық шарттар, аумақтарды дамыту жоспарлары және тағы басқа мақ­сат бойынша онлайн қызмет көр­се­туге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, жер қа­тынастары саласында мемлекеттік қы­змет көрсету мерзімі 1 жылдан 30 күн­ге дейін, сәулет және құрылыс саласында 100 күннен 10 күнге дейін қысқарады. – Әңгімеңізге рақмет!