Англия мен Иран арасындағы ойында 8 гол соғылды

Англия мен Иран арасындағы ойында 8 гол соғылды

Англия мен Иран арасындағы ойында 8 гол соғылды
ашық дереккөзі
Әлем чемпионатының екінші ойын күнінде Англия құрамасы Иранды 6:2 есебімен жеңді деп хабарлады turkystan.kz. В тобының басты фавориті саналған ағылшындар әп дегеннен ойын тізгінін өз қолдарына ала білді. Қос қапталмен шабуылға шығып, жылдам гол соғып алудың жолын қарастырды. Алайда, ойынның бастапқы минутында Иран қақпашысы Ализера Бейнранванд жарақат алып, матч барысында аздаған үзіліс болды.  Медициналық көмек көрсетілген соң қақпашы кездесуді қайта жалғастырғысы келген, бірақ жарақаты сыр беріп, Ализера 20-минутта алаңдағы орнын босатты. Дегенмен әрмен қарай ойын қайта жанданды. Ағылшын футболшылары бірінші таймның өзінде Иран құрамасының қақпасына үш гол соқты. Джуд Беллингем 35, Букайо Сака 43, Рахим Стерлинг 45-минуттарда мергендігімен көзге түсті. Екінші кезеңде ирандық футболшылар есеп айырмасын қысқартуға тырысып бақты. Әсіресе Мехди Тареми шабуыл шебінде белсенді қимылдады. Қарымта шабуылдардың бірінде Букайо Сака екінші голын соғып, 62-минутта басымдықты арттырды. Араға 3 минут салып Мехди Тареми Иран құрамасының Мундиальдағы алғашқы голын салды. Кездесудің 71-минутында Маркус Рашфорд, 90-минутында Джек Грилиш Англия құрамасының бесінші және алтыншы голын соқты. Ойын аяқталар тұста Мехди Тареми пенальтиден гол соғып, дубль авторы атанды. Осылайша Англия құрамасы Иран футболшыларын 6:2 есебімен ойсырата жеңді. Бір қызығы, бразилиялық төреші Рафаэл Клаус ойынның бірінші кезеңіне - 14, екінші кезеңіне 10-минут қосымша уақыт қосты. В тобында тағы бір кездесу түнгі сағат 01:00-де басталады. АҚШ - Уэльс арасындағы ойынды «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Айта кетейік, қазір А тобында Сенегал мен Нидерланды құрамалары арасындағы ойын өтіп жатыр.