Патронаждық қызметті қолдау үшін нақты шаралар қабылдану керек – Қарақат Әбден

Патронаждық қызметті қолдау үшін нақты шаралар қабылдану керек – Қарақат Әбден

Патронаждық қызметті қолдау үшін нақты шаралар қабылдану керек – Қарақат Әбден
ашық дереккөзі
Президенттікке кандидат Қарақат Әбденнің ел өңірлеріндегі сайлауалды сапарлары жалғасуда. Бүгін ол Тараз қаласының сайлаушыларымен кездесті. Үйде патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап жетілдірілген моделі аясында кандидат патронаждық медбикелермен бірге жүкті әйелдердің отбасыларына барды. «Жанұя» емханасының бас медбикесі Сәуле Калетаева атап өткендей, патронаждық қызметтің бұл моделі ана мен бала денсаулығын бақылап, зиянды факторлардың алдын алуды көздейді. Жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралап, әлеуметтік қызмет көрсету – өзінің нәтижелілігін дәлелдеген маңызды бағыт. Сондай-ақ кездесу барысында патронаждық қызметкерлер бұл салада кәсіби мамандардың жетіспеушілігі жайлы сөз қозғады. Қарақат Әбденнің пікірінше, әлеуметтік маңызы зор патронаждық қызметке қолдау көрсету қажет.
«Ана мен бала денсаулығы – ұлт байлығы. Жүкті әйелдердің денсаулығына зиян келтіретін жағымсыз факторларды болдырмау керек. Статистикаға сүйенсек, жағдайдың қиын екендігін аңғаруға болады. Қазіргі кезде аутизммен ауыратын балалардың саны 20 есе өскен, орфанды және ауыр науқасқа шалдыққан балалар көп. Сондықтан бастапқы кезеңдерден бастап профилактикалық жұмыс жүргізіп, күрделі мәселелердің алдын алу қажет. Осы орайда, патронаждық қызметтің маңызы зор, қызметкерлердің еңбегі сұранысқа ие. Алайда біздің қоғам патронаждық медбикелерді күтуші немесе қараушы ретінде қабылдайды. Шын мәнінде, патронаждық медбике – жоғары білікті маман және қоғам мен мемлекеттің оларға деген көзқарасы да басқаша болғаны абзал. Патронаждық қызметті қолдау үшін нақты шаралар қабылданып, оның мәртебесін арттыру мақсатында халық арасында ақпараттық-идеологиялық жұмыс жүргізу керек», - деді кандидат.
Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс Президент сайлауы өтеді. Кандидат Қарақат Әбден ел аймақтарын аралап, 10 облыста 40-тан астам кездесу өткізді.