14 жастағы баланың қазасы – ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

14 жастағы баланың қазасы – ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады

14 жастағы баланың қазасы – ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады
ашық дереккөзі
ІІМ жолда барынша сақ болуға шақырады деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. Ведомство өкілдері жолдағы балалардың қауіпсіздігі әрқашан полицияның бақылауында болатынын атап өтті.
«Түсіндіру жұмыстарына қарамастан, апаттың себебі балалар болатын жол-көлік оқиғалары азаймай отыр. Қазіргі таңда ата-аналардың көбі балаларына еркіндік береді. Ол өз кезегінде қайғылы жағдайға айналуы мүмкін. Ата-аналар балалардың «сынақ пен қателік» арқылы үйрену қабілетін асыра бағалайды. Кей жағдайларда ата-аналар қауіпсіздік туралы ойламай, балаларына автокөлік кілттерін береді. Бұл кәмелетке толмағандардың және жол жүрісіне қатысушылардың өміріне қауіп төндіреді. Жыл басынан бері Қазақстанда жасөспірімдердің көлік тізгіндеуінен 70-тен астам жол-көлік оқиғасы болды. 10-нан астам адам қаза тауып, 90-нан астам адам жараланды. Мәселен, кеше Атырау облысында Жасталап ауылының жанындағы жолда Toyota автокөлігін басқарған 14 жастағы бала аударылып қалды. Салдарынан бала қайтыс болды. Ал 4 жасөспірім жолаушы ауруханаға түсті. Осыған байланысты ІІМ көлік құралын басқару құқығы жоқ адамға бергені үшін жауапкершілік туралы ескертеді (ӘҚБтК-нің 612-бабының 5-бөлігі)», - деді ІІМ ӘПК-нің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.