Мыңжылдықтың құрдасы

Мыңжылдықтың құрдасы

Мыңжылдықтың құрдасы
ашық дереккөзі
Ұлт үшін туған бір кісі жүз кісінің жұмысын істейді. Сол табан ет пен маңдай тер ұлт тарихын мыңжылдықтардың қойнауына бастайды. Қазақ тарихы – жоқтан бар болып, бардан кемелденіп өз ақиқатын іздеп келе жатқан жас тарих. Осы жолға қаншама өткенін іздеген оқымыстылар саналы ғұмырын арнады. Елдің алдына шығып аузында жүрмесе де, туған халқы үшін адал еңбек етіп жүрген ғалымдар да аз емес. Соның бірі де бірегейі тарихшы, жазушы, профессор Тұрсынхан Зәкенұлы. Қазақ тарихын тірілту жолында ака­де­мик Бейсенбай Кенжебаевтың алар орны ерек­ше. Қылышы қылпылдаған тотали­тар­лық жүйенің құрсауында отырып көл-көсір дү­ние қалдырды. Шәкірттерін ел баспайтын соныға салып, тереңге қарай індете зерт­теу­ге талпындырды. Ары кетсе бір-екі ғ­а­сыр­ды ғана қамтитын қазақ тарихын сонау Күл­тегін заманына апарып тіреді. Осы жол­да Мырзатай Жолдасбеков, Мұхтар Ма­ғауин, Алма Қыраубаева секілді Бейсекеңнің та­лантты шәкірттері қазақ үшін өлшеусіз ең­бек сіңірді. Біз көп өгейлік көрген, қаға­жу­ға ұшыраған елміз. Шын тарихымыз бүр­кемеленіп, қолдан жасалған жүйенің құрбаны болдық. Кім екенімізді, қандай Ұлы халық, Мәңгілік ел екенімізді енді-енді ұғы­нып келеміз. Десе де, тарихымыз толық көр­кем шығармаға, кинофильмге, сахналық қойылымға айналған жоқ. Алтын Орда за­ма­нынан үзік-үзік, хандық дәуірден қадау-қа­дау ғана романдарды айтпағанда бұл жа­ғында әлі де олқылық көп-ақ! Бұл жиі ай­тылып та, жазылып та жүрген мәселе. Жыл сайын шығып жатқан тарихи фильм­дер көңіл қуантады. Бірте-бірте осы ақтаң­дақ­тың орнын толтырамыз деп сенемін. Осы тұрғыдан алып қарағанда Тұрсынхан Зәкенұлы кемімізді толықтырып, кетігімізді бүтіндеп жүрген бірегей тұлға. Мәңгі тастарға маңдайын тіреп ойла­нып, таңдайынан аталы сөз төгілген жазу­шы­ның қаламы қаншама жауһарды тудыр­ды. Көзін жұмса, Күлтегін заманын, қазақ­тың еркін дәуірін көретін, бабалар рухымен үнсіз тілдесетін Тұрсынхан Зәкенұлы тыңға түрен салды. Қара Ертістің бойында туып, ерке Есілдің жағасында толысып, кемеліне кел­ген бүгінгі 60 жас мерейтойына дейін қа­за­ғы үшін жан аямай қызмет етті. Ұлы қа­ған­дарымыздың сөзімен айтқанда күндіз отыр­май, түнде ұйықтамай, ақ қағазына қара сиясын төгіп, қара терін ағызып еңбек­тенді. Тұрсынхан Зәкенұлының қаламынан ту­ған шығармалар шор-шор алтынға пара-пар. «Балқантауға барғандар», «Көк бөрі­лер­дің көз жасы», «Мәңгітас» романдары – осы сө­зіміздің дәлелі. Қолына алғаш қалам ұста­­ған өндір кезінен бастап қазақ тари­хы­ның иіріміне терең бойлайды. Шаң басқан ар­хивтерді ақтарып, қаншама қала мен да­ланы аралап баба тарихын іздеді. Тыр­нақалды туындысы «Балқантауға бар­ған­дар» – бірден ел аузына ілігіп, жақсы баға­сын алғаны осы ізденістің жемісі. Ғұн кө­се­мі Атилланың бейнесін ашып көрсеткен бұл роман қазақ руханияты үшін баға жет­пес байлық. «Аспан қамшысы» атанған даңқты Еділ патшаның ерлік жолын, күрескер рухын қазақ даласына қайта жет­кізді. «Көк бөрілердің көз жасы» романы – Тұр­сынхан Зәкенұлы шығармашылының шыңы. Жазушының өзіндік қолтаңбасын, дара болмысын паш ететін туынды. 2001 жылғы Қазақстан Республикасы Тәуел­сіз­дігінің 10 жылдығына арналған жабық әде­би конкурстың бас жүлдесін жеңіп алуы осының айғағы. Романның өн бойы толған аталы сөз, кесек образ, кемел байлам, соны жаңа­лыққа толы. Тұрсынхан Зәкенұлы – қа­зақ әдебиетіне алғаш Шыңғыс хан обра­зын әкелуші. Шыңғыс заманынан бұрынғы найман, керей, меркіт хандықтарының тыныс-тіршілігін суреттейтін аталмыш ро­ман көкжиегімізді кеңейте түсті. Ала өгіз­дей мөңіреп ұшқан өткір жебелер бұғауда жат­қан тарихи санамызды жарып өтті. Тари­хи деректермен жұмыс істейтін шын­ның жүзінде, ақиқаттың ақ жолында ғана жүретін қаламгер ұйқыға кеткен қарт тарих­ты оятты. «Мәңгітас» романы – қазақ тарихының түп-қайнары жайлы жазылған тұңғыш шы­ғарма. Көне Түркі қағанатының көркем де жанды тарихы. Тоныкөк абыздың ғұмыр­на­малық шежіресі. Он үш жасында табығаш жұрт Чаң-ан қаласына аттанған бала То­ны­көктен тоқсандағы дана Тоныкөкке дейінгі арда жолын суреттейді. Қапаған, Білге қа­ған, Күлтегіннің өмір жолын баяндайды. Мі­не, бұл біздің тарихымыздың көркем шы­ғармаға айналуы. Енді осы шығарма же­лісімен фильм түсіріп, Ұлы баба­лары­мыз­ға еңселі ескерткіш орната алсақ, тари­хымыздың бір пұшпағының бүтінделгені деп білемін. Орда тіккен белінде күнге мұжылған қой тастар ғана қалған тарихты аршып алу қиын­ның қиыны. Бұл жұмыс мұрағаттың шаңын ғана жұтқызбайды, қиянаттың уын да қоса ішкізеді. Ол қиянатты кім не себепті жа­сағанын біз анық білеміз. Өткенге терең үңілер күн туғанда шын еңбекқор адам ғана сол жолдағы мақсатына жетуді мұрат тұта­ды. Мен Тұрсынхан Зәкенұлын қазақ тари­хын қайта жазушылардың бірі деп тани­мын. Бөгенайы бөлек романдарынан өзге ғы­лыми мақалалары, монографиялары бір төбе. Олардың бәрі қазақтың жоғын жоқ­тап, мұңын мұңдайды. Мысалы, Қытай та­рих­шысы Су Бэйхайдың «Қазақ мәдение­тінің тарихы» және төрт томдық «Қазақтың жалпы тарихы» атты зерттеу еңбектерін ана тіліне тәржімалады. Бұл қазақ халқы үшін өте құнды, жауһарлы дүние болып са­нал­мақ. Қазақ тарихы – парағы сарғайған, жыр­тылған, көп жері жұлынып жоғалған ескі кітап сынды. Осы кітаптың әр бетін әр та­рих­шы толықтыруға, кемелдендіруге хақы­сы бар. Ғалым Тұрсынхан Зәкенұлының осы миханатты жолдағы ақ адал еңбегін біз әрқашан жоғары бағалаймыз. Мыңжылдық тас ескерткіштерге тіл бітіріп, көркем ше­жіре­ге айналдыра алған жазушының кесек те кемел романдарын біз қашан да жата-жас­тана оқимыз. Қазақ халқы тегіне үңіліп, өт­кеніне бойлаған сайын Тұрсынхан Зәкен­ұлы шығармаларына айналып келіп ат ба­сын тірейді. Көк Түріктің өр рухымен тілдесіп, алапасы артады. Елдіктің жолында ең­се­сін тік ұстай алады. Мәңгілік ел бол­мақ­тың мұраты да осы. Тұрсынхан Зәкен­ұлы мәңгітастардың маңдайындағы жазуды тірілту арқылы қазақтың Мәңгілік ел болу жолына алтын көпір салып отыр. Өткен мен бүгінді жалғаған, рухты оятып, ділімізді тірілткен жазушыға ұзақ ғұмыр, шығар­машылық табыс тілейміз!

Берік УӘЛИ