ІІМ басшысы Әбіш Кекілбаев жайлы естелікпен бөлісті (ВИДЕО)

ІІМ басшысы Әбіш Кекілбаев жайлы естелікпен бөлісті (ВИДЕО)

ІІМ басшысы Әбіш Кекілбаев жайлы естелікпен бөлісті (ВИДЕО)
ашық дереккөзі
Желіде Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың Ұлытау облысының жұртшылығымен кездесуінде Әбіш Кекілбаев жайлы айтқан сөзі тарады деп жазды turkystan.kz. Сөз ауанына қарасақ, әңгіме аймаққа Полиция департментінің басшысын тағайындауға байланысты пікір білдіруден басталған.
«Жергілікті азаматты әкелмесек, «жергілікті азаматты әкелген жоқсыздар» дейсіздер. «Осындай елдің қамын ойлайтын өзіміздің жігіттеріміз бар еді, сырттан әкелді» деп байбалам саласыздар. Егер жергілікті азаматты қызметке әкеліп жатсақ, сырттан әкеліңдер» дейсіздер. Әртүрлі жағдайлар болады.  Мені дұрыс түсініңіздер. Осы жерге (Ұлытау облысына-ред) ұлтына, руына қарамай халқына қызмет ететін азаматтар келуі керек», - деді ведомство басшысы.
Сондай-ақ ол осы жағдайға ұқсас бір оқиғаны баяндап берді.
«Баянауылда  Әбіш Кекілбаев ағамыз сайлауға түсіпті. Сол кезде бір ақсақал тұрып: «Әбеке, мында осы сайлауға түсіп, Жоғары кеңеске баратын, халықтың қамын ойлайтын жігіттер бар еді. Сіз енді белгілі жазушысыз, белгілі академиксіз. Мыналардың жолын кесіп бара жатырсыз ғой», - депті. Сол кезде ол кісі орнынан тұрып: «Ата-бабамыз айтушы еді: «Аттың бағын сынағың келсе, ат қосқан елге бар, тай кезінде көрмеді деп сипамай қоймас жалынды. Азамат болып өсемін десең, азамат өсірген елге бар, әкеммен табақтас болмады деп сындыра қоймас сағыңды» деп. Осы Қаныш Сәтпаев, Шәкен Аймановты өсірген елге бағымды сынайын деп келіп едім. Елге қызмет жасайын деп келіп едім. Егер қолдамасаңыздар, кеттім», -  деп кетіп бара жатқан кезінде халық тұрып: «Тоқтаңыз! Сізге сенеміз», - деп тоқтатқан екен. Сөйтіп, Әбіш Кекілбаев 99% дауыспен сол Баянауылдан Жоғарғы кеңестің депутаттығына өткен екен. Сондықтан киелі Ұлытау жеріне алдарыңызда отырған азаматтар да қызмет етеміз, халықтың алғысын, батасын аламыз деп келіп отыр», - деді министр.
Еске салайық,  20 қазанда Ұлытау облысы бойынша Полиция департаментінің бастығы болып Қайыркен Әлиев тағайындалды. Ол - Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының тумасы. Екі жоғары білімі бар. Қайыркен Әлиев жаңа лауазымына дейін Қарағанды облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары қызметін атқарып келген.