Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі ел болуға үндеп келеді

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі ел болуға үндеп келеді

Бірлігі берекелі, тірлігі мерекелі  ел болуға үндеп келеді
ашық дереккөзі
Жамбыл облыстық Aq jol газетінің жарық көре бастағанына биыл мамыр айында 100 жыл толды. Әулиеата өңірі баспасөзінің қара шаңырағы осы уақыт аралығында аймақтың шежіресін түзіп, оқырманның ақылшы досы әрі рухани серігі болып келеді. Газет 1922 жылдың 1 мамырында Әулиеата ояздық, қалалық партия комитетінің, Кеңес атқару комитетінің органы «Вольная беднота» газетінің қосымшасы ретінде дүниеге келді. Тұңғыш редакторы – Анна Владимировна Алматинская. Aq jol газетінің ардагері, белгілі жур­на­лист Тұрсынхан Толқынбайұлы ағамыз биыл басылымның жүз жылдық шежіресін жасап шықты. Оны газетте шетінен жа­рия­лап жатырмыз. Шежіреде мынандай мә­ліметтер келтірілген: журналист Әк­пар­бек Доспамбетовтің «Қызыл редакторлар» де­ген мақаласында («Еңбек туы», 1972 жыл­ғы 12 қараша) «Кедей еркінің» қалай шық­қаны, тұңғыш редакторы кім бол­ға­ны туралы да біраз деректер бар. Үзінді кел­тірелік: «...Әулиеатада газет шығару мәселесі ше­шілген-ді. Бірақ оның редакторы кім болуы керек? Осы сұраққа жауап бәрінен де қиын соқты. Себебі жергілікті сауатты жі­гіттердің бәрі журналистика, әсіресе по­лиграфия мәселелерінен бейхабар бо­ла­тын. Ұмытылмас сол тұста уездік-қалалық пар­тия комитетіне Ташкенттен Түркістан те­леграф агенттігінің тілшісі Анна Вла­ди­мировна Алматинская келеді. 1908 жыл­дан бері журналистикамен айналысып, та­лай-талай әңгіме, очерк жазып жүрген бұл тілші әулиеаталықтарға қатты ұнап қа­лады. Оған орыс және мұсылман газетін шы­ғаруға атсалысу мәселесі ұсынылады. Анна Владимировна қазақ тілін біл­мейтіндігін айтып, жауапты міндетті мой­нына алғысы келмейді. Басшы партия қыз­меткерлері Сыдық Абланов, Үсіп Саты­балдинов және басқалар Әулиеатаға кел­ген журналисті қолқалап қоймайды. Оған ха­лық мұғалімі Шарап Балтабаевты кө­мек­ші етіп белгілейді. Жаңа баспаханаға Шә­ріп Сандыбаев, Өмірзақов және Хал­ме­тов деген қазақ жігіттерін жұмысқа алады. Алыс­тан келген журналист бұдан соң га­зет­тің шығарушысы болуға келіседі. Сөй­тіп, «Кедей еркінің» тұңғыш нөмірі сол кісі­н­ің редакторлығымен қанат қағады...». Міне, бұл 1922 жылдың 1 мамыры еді. Со­нымен газеттің алғашқы атауы – «Кедей еркі». О баста осы басылымның тұсауын кескендер газеттің алғашқы нөмірін 1-ма­мыр күніне әдейі туралап, ынтымақ пен бір­ліктің мерекесін жақсы ырымға бала­ға­ны анық. Міне, Aq jol газеті содан бері бір­лігі берекелі, тірлігі мерекелі, ынтымағы жарасқан ел болуға үндеп, осы жолда аянбай еңбек етіп келеді. Өз тарихында газеттің атауы тоғыз рет өзгеріпті. Бір өкініштісі, газеттің 1922-1939 жылдар аралығындағы тігінділері облыстық мұрағатта жоқ болып шықты. Ша­масы, Ташкентте сақтаулы болса керек. Жүз жылға жуық тарихында бұл басы­лымға талай редакторлар басшылық жаса­ды. 1922 жылғы «Кедей еркі» аталған ке­зі­нен бері газетті Анна Алматинская (1922-1924), Сыдық Абланов (1924-1936), Ғабды Аманғалиев (1936-1938), Жайық Бектұров (1939-1942), Ғайса Сармұрзин (1943-1959), Төленді Оңғарбаев (1959-1961), Беген Байсақалов (1963-1964), Баттал Жаңабаев (1965-1985), Арғынбай Бекбосын (1985-1995), Әлдихан Қалдыбаев (1995-2004), Мақұлбек Рысдәулет (2004-2010), Ғалым Қасабай (2010-2013), Қуаныш Иембердиев (2013-2014), Көсемәлі Сәттібайұлы (2014-2017, 2018-2020), Қуат Әуесбай (2017-2018) сынды азаматтар басқарды. 2020-2022 жылдар аралығында осы басылымға өзімнің де басшылық жасағанымды зор мақтаныш тұтамын. Бұл бас редакторлардың қолтаңбасы га­зеттің сарғайған тігінділерінде жатқаны анық. Осы жылдар ішінде газеттің маз­мұ­ны жаңарып, сапасы артты. Талай та­лант­тардың тұсауын кесті. Қазақ детектив жан­рының тұңғышы, әдебиетіміздің көр­некті өкілдерінің бірі Кемел Тоқаев та 1948 жылы осы газетте журналист болып еңбек еткен. Aq jol-ды басқарған редакторлар батылдығымен ерекшеленді. Шынында басылымның батылдыққа толы жолы жыл­дар бойы жалғасып келеді. Комму­нис­тік режімнің тұсында-ақ бұл басылым Ке­не­сары ханды ақтап жазған мақалалар бер­ді. Бүгінде күллі қазақ қадір тұтатын ұлты­мыздың ұлы перзенттері Дінмұхамед Ахмет­ұлы Қонаев пен Асанбай Асқаровқа та­ғылған айыптауға ең алғашқылардың бірі болып араша түскен, ұлының артында ұлты тұрғанын танытқан да дәл осы Aq jol бо­латын. Бұл туралы Арғынбай Бекбосын өзі­нің «Тағдыр етсе Алла...» атты кітабында жан-жақты жазып кеткен. «Өзімнің педу­чилищеде дәріс алған ұстазым, парасат-ұста­мы аса тағылымды Әкім Садықбеков аға­мыздың «Қонаевтың кінәсі не?» деген ма­қаласын жариялап жібердік. Ел дүр ете тү­сіп, хат дегеніңіз борап кетті. Жария­лау­дан жазбадық. Редакция қызметкері Қыс­таубай Байтуов Димекеңе екі рет барып, ол кісімен сұхбат жүргізді. Жалпы, осы бір азаматтық абыройлы іске Қыстаубай үл­кен үлес қосты. Кейінірек мен де Димаш аға­ға сәлем беріп, «Адам – Алатау» атты кө­лем­ді сұхбат-очерк жаздым. Ол бро­шю­ра түрінде жүз мың дана боп басылып, қа­­лың жұртқа таралды» деп жазады Арғын­­бай ағамыз. Сол жылдары белгілі журналист Жақ­сылық Сәтібековті Бішкекке Асанбай Ас­қа­ровтың сотына аттандырған ғой. Көп кешікпей газетте оның «Асқаровтың соты» атты очеркі жарияланған. «Еңбек туынан» соң оны Шерхан Мұртаза «Социалистік Қа­­зақстанға», Әмірсейіт Әлиев «Оңтүстік Қа­зақстан» газетіне басқан. «Күллі Қазақ­стан көтеріліп кеткендей болды! Үнсіз­дік­тің іргесі бұзылды. Асқаровты қорғау жө­нінде қоғамдық комитеттер құрылды» деп еске алады сол күндерді Арекең. Шынында ерлік қой. Жалпы, редактор қан­дай болса газет сондай боп шығады дей­ді ғой. Рас сөз. Басшы бүгежектей берсе, тіл­ші де кең көсіле алмайды. Бас редактор ба­тыл, тәуекелшіл болуы керек. Оқырм­ан­ның, жұрттың не қалайтынын сезуі тиіс. Сон­дықтан бәрі бас редакторға байла­ныс­ты. Aq jol газетінің 100 жылдық мерекесіне орай биыл көптеген іс-шаралар жос­пар­лан­ған. Алды ақпан айынан басталып кет­­ті. Жыл сайын жыр алыбы Жамбыл Жа­баев­тың туған күнінде ұйымдас­ты­ры­ла­тын «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар ай­тысы биыл Aq jol газетінің 100 жылды­ғына да арналды. Редакция өз жүлделерін тікті. Сәуір айының басында «Жүз жыл­дық­қа – жүз терек» акциясы бойынша «Жеңіс» саябағына ағаш отырғыздық. Жә­не белгілі марафоншы Жақсылық Ма­мыр­бекұлы Aq jol газетінің 100 жылдығына ар­нап 100 шақырым жүгіріп, Талас пен Тараздың арасын жалғады. Яғни, Талас ау­данының Тамды ауылынан Тараз қала­сындағы Баспасөз үйіне дейін жүгіріп кел­ді. Астана қаласындағы Ұлттық акаде­мия­лық кітапханасында Aq jol және қазақ баспасөзі» атты дөңгелек үстел өткізіп, іс-шараға қазақ баспасөзінің мықты­лары­ның барлығы дерлік қатысты. Енді мере­той өтетін күні «Ғасыр шежіресі» кітабы мен фотокөрменің тұсаукесер рәсімі өтеді. Одан бөлек тарихи орындарға экспедиция жасау және Тараз қаласынан Aq jol газе­тінің атына берілген көшенің тұсаукесерін өткізу секілді іс-шаралар жоспарланған. Қара­ша айында оқырмандармен кездесу өт­кі­зіп, Aq jol газетінің 100 жылдығын ау­дан­дарда жалғастырсақ деген де жос­пары­мыз бар. 2020 жылы Жамбыл облысының ақ­па­рат айдынында «Aulieata-media» ЖШС құры­лып, Aq jol, «Знамя труда» және «Арай» газеттерінің басын қосты. Қазір үш облыс­тық газеттің ұжымы бір ғимаратта отыр. Қыз­меткерлер бір бірімен араласып, ұжым­ның әр қуанышын бірге бөлісіп, бір от­ба­сының баласындай тату тәтті еңбек етуде. Aq jol газеті 2020 жылы баспа, радио және интернет-журналистика саласын­да­ғы «Үркер – 2020» ұлттық сыйлығының «Жыл басылымы» номинациясы бойынша жеңімпаз деп танылды. Бұл әрине, ынтымағы жарасқан еңбекқор әрі берекелі ұжымның әділетті жеңісі еді. Мерейтой құтты болсын! Баршаңызға Aq jol газетінің жасын берсін, құрметті оқыр­ман!

Жамбыл облысы