Егін егіп, нәсібін тапқан көпбалалы әке

Егін егіп, нәсібін тапқан көпбалалы әке

Егін егіп, нәсібін тапқан көпбалалы әке
ашық дереккөзі
Асхат Шонеков – егін салып, күтіп-баптауды кәсіп еткен шаруа. 2013 жыл­дан бері диқаншылықпен айналысады. Егін егу қамындағы қарбалас тірлікке ерте кірісетін ол қызанақ, қияр, қарбыз егеді. Осылайша, жылда жер сауып, он баласының несібесін адал еңбекпен тауып отыр. Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауда­ны­ның тұрғыны егін егуге дайындық жұ­мыстарын ақпан айынан бастайды екен. Өйткені бұл – біраз машақаты бар, бей­неті зор іс. Ерінбей, тырбанып тір­ші­лік етсең ғана бейнетіңнің зейнетін кө­ре­сің. 3 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп отырған шаруа мұндағы әрбір іс уа­қы­тында атқарылуға тиіс екенін айта-ды.
«Биыл отбасылық жағдайыма бай­ла­ныс­ты зиянкестермен күрес жұмысын үш күнге кешіктіріп алдым. Соның өзі өнім көлеміне әсер етті. Негізі, гектарына 50 тонна өнім аламын. Қазір 30 тоннадан ай­налдырып отырмыз. Бұл да жаман емес. Бәрі еңбекпен болатын дүние ғой. Екі ұл, сегіз қыз тәрбиелеп отырмын. Ба­­­­­лаларымның төртеуі студент. Жаз ай­ла­­рында демалысқа шыққанда көмек­те­седі. Оқу басталғанда кетеді. Қалған ба­ла­ларыммен өнімді жинап аламыз. Қы­занақ пен қиярдың бейнеті бірдей. Де­ген­мен қиярды күнделікті жинауға жұ­мыс күші көп керек. Әйтпесе, сапасы тө­мендейді. Гектарына 22 мың түп қияр егі­леді. Аспалы түріне қарағанда, жат­қызып егу әдісі арқылы жақсы өнім алуға болады. Өзім осы тәсілді қолданамын. Мы­салы, үш мың түп қияр күнара тер­ген­де, 700 келі өнім береді. Сондықтан үл­ге­ре алмай қаламыз, ондай кезде жұ­мыс­шы жалдауға тура келеді», – дейді ол.
Егін егерде түрлі процесс жүреді. Көң­ді дәрілеп, ішіндегі зиянкестерді өл­ті­ріп, кампос дайындау қажет. Мұнымен қо­са, жерді де күтіп-баптамаса, топыра­ғын тыңайтпаса, өнімге сараң болатыны тағы бар.
«Бұрыннан, кеңес заманынан бері егін егілген жер ғой. Тыңайтылмаған. Бір-екі суарғаннан кейін қатып қалады. Мұн­дағы жақсы жерге көбіне жүзім мен алма еккен. Сондықтан жерді күтіп-бап­тау жұмыстарына, әр істің уақытында орын­далуына көңіл бөлмесек болмайды. Қазір өнімнің қай түрі болсын, халықтың сұранысын толық қанағаттандырмай отыр­мыз. Сондықтан өнімді отандық на­­рыққа өткіземіз, базарға апарамыз. Кө­біне көтерме бағамен алады. Қырғыз Рес­публикасы, Өзбекстаннан келіп ди­қан­дар жұмыс істеп жатыр. Соның өзіне сұра­нысты өтей алмай отырмыз. Егін еге­тін жер көлемін екі-үш есе кеңейткім келеді. Шаруашылықтардан жер сұрап жатырмыз. Жекеменшікте емес. Жерді жалға алып жұмыс істеп жатырмын», – дейді Асхат Шонеков.
Кейіпкеріміз өнімдеріне сұраныс жо­ғары екенін айтады. «Көбіне «Алтын Орда» базарына апарамыз. Қыркүйек айы­ның аяғына таман Жетісу облы­сы­нан, Шымкент, Тараздан диқандар өні­мін әкеледі. Баға сол кезде, бір аптаның ішін­де ғана сәл түседі. Қалған уақытта жо­ғары бағамен сатады. Өйткені сұра­ныс көп», – дейді ол. Ала жаздай бел жазбай еңбектенген ди­қанның шағын жылыжайы да бар. Маңдайы терлемегеннің қазаны қай­на­майтынын жақсы түсінетін кейіпкеріміз оның да жұмысын назарынан тыс қал­дырмайды.