«Америка сапары»: Мұхтар Әуезовтің жолжазбасынан үзінді

«Америка сапары»: Мұхтар Әуезовтің жолжазбасынан үзінді

«Америка сапары»: Мұхтар Әуезовтің жолжазбасынан үзінді
ашық дереккөзі
17/ІІ. Түн. Копенгагенде сағатты Америкаша қойдық. Москвадан 7 сағат кейін. Түн бойы ұшып таңертең сағат 7-де жетпекпіз. Кеште ас берді – ішкілігі бар, дәмі өзгеше. Кейін шамдар сөніп, ұйқыға кірістік. Ұйқы оңай емес. Әйткенмен аяқ астына үзеңгі берді, өте жайлы (шамасынша) жағдай жасады. Мен айналып кезек-кезек аунай түсіп жиыны 6 сағаттай ұйықтадым. Бұл жол үшін көп ұйқы - мәз ұйқы. Таңертең самолет әуесі (кондицированный) өте жайлы, таза қоңыр салқын. Үсте жұқа көрпе. Самолет астында көбінше су - көк теңіз. Аспан мен төмен екеуі де бірдей. Ояну сағат 4-ке тақау болды. Алғашқы таңғы кофе асын берді. Өзі бір көп дәмді жұқа нандар. Май, сыр, джем бар. Екі рет жуст қосқан. Бар астан бұрын жуст - аспен бірге және де қызметкер – түндегі бір қыз, бір жігіт. Бұлар еңбегі зор. Самолет бұл жолы толы емес, бос орындар көп. Біздің орын І класс, бөлімде 8-ақ орын, артта екі диван, қол, бет жуатын ыстық орамал, қаттаулы, сулы қағаз – бәрі бұл жәйдің бар күтімін «құданың» күтіміндей етеді. Әлі ұшып келеміз. Сағат 5 1/2 таң білінбейді. Жол картасын әкеп беріп еді. Көбімізге сол әзіргі ермек. Копенгагеннен екі жол бар – біреуі көбінше құрғақты ала ұшады, 6300 ды асады. Екіншісі 6200-ден аз асады - бұл соңғы су үстін көбірек басып өтеді. Сағат 7:15. Бір сағаттан бері Америка жағасындамыз. Ай жарық еді. Жер жақсы көрініп отырды. Самолет қанаты астында селдір-селдір топ-топ оттар – бәрінде аз да болса әр бояулы көрік, рең бар. Дәл қазір бір жағымыз су – асты бұлт, бірақ бұлт астынан ел-ел көрінеді. Таң сызып атып келіп қазір көк сәуле молайды. Бірақ шығыс ғалам қызық боп көп уақыт өз реңімен өзгеше боп тұрды. Дәл көк жиек қан-күрек – ұзын тура сызық... Содан үстіңгі қабат қоңыр қошқыл бұлт. Ал одан жоғары әппақ ақ таңдақ – кәдімгі таң... Ал ең асты, көк жиек орны қызыл күрең, қан күрең боп тұрып алды.

Мұхтар Әуезов, "Америка әсерлері" кітабынан