Биыл Астанада 2 493 құдық ашық қалған

Биыл Астанада 2 493 құдық ашық қалған

Биыл Астанада 2 493 құдық ашық қалған
ашық дереккөзі
2022 жылдың басынан бері «iKOMEK109» қалалық мониторинг және жедел әрекет ету орталығына ашық құдықтар мен люктерге қатысты 2 493 өтініш келіп түскен деп хабарлады turkystan.kz. Бұл - өткен аптадағы ресми статистика. Бұдан бөлек, елеусіз немесе кеше-бүгін ашық қалған кәріз жүйелері мен кабельдік құдықтардың санын тап басып айту қиын. Олай дейтін себебіміз, осы деректерді әзірлеп жүріп қала көшелерінде ашық жатқан құдықтарды өз көзімізбен көрдік. Мәселен, жоғарыда ұсынылған фотолар өткен апталарда елорданың сол жақ бөлігінде түсірілген.
«Көбіне осындай құдықтардың қақпағы темір немесе өзге де ерекше материалдардан жасалады. Сондықтан болар, оны көше кезген қаңғыбастар да, ақшаның көзіне айналдырып алған ұрылар да жиі алып кетіп жатады. Одан бөлек, сынып жатқандарын да көргенмін», - дейді қала тұрғыны Қорғанбек Есенгелдіұлы.
Өкінішке қарай, қала тұрғыны айтып отырған күмән орынды. Мысалы, интернеттегі түрлі маркетплейстерде пластикалық люктер орташа бағада 6-7 мың теңгеден сатылып жатыр. Ал шойыннан құйылған люктер кемінде 16-17 мыңнан сатылады. Бұл - біз ұсынған ең арзан бағадағы люктер. Жасалған материалы мен өзгешеліктеріне байланысты баға қымбаттай береді. Керек десеңіз, бір люк үшін 110 мың теңгеге дейін ақша жұмсауға болады екен. Міне, осы секілді көшеде тегін жатқан «құнды тауарға» құныққандар амалын тауып, сап-сау дүниені жоқ қылады. Ал оның жүргіншілерге қауіп-қатері қаншалықты екенін біз айтпасақ та білесіз... Жақында ғана, 5 қыркүйек күні Жетісу облысының орталығында  орта жастан асқан ер адам абайсызда кәріз құдығына құлап кетті. 2 метрге жуық шұңқырға құлаған азаматты құтқарушылар шығарып алған. Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының мәліметінше, кәріз құдығының аузы фанерамен жабылған. Алайда ер адамның салмағының өте ауыр болғандығынан фанера жарылып кеткен.  width= Осыған ұқсас тағы бір жағдай, бұған дейін 19 тамызда Қызылордада болған еді.  Ол кезде екі жасар сәби төрт метрлік құдыққа түсіп кеткен. Абырой болғанда, 15 жастағы Арман Аманжолов есімді студент баланы құтқарып қалған. Кейін Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімі тарапынан оқыс оқиға орын алған жердегі құдықтың аузы бекітілгенін мәлімдеді.  width= Астананың өзінде де осындай оқиғалар жиілеген. Мысалы, 2 тамызда Министрліктер үйінің жанындағы аялдама маңында екі жасар бала кәріз құдығына құлап кетті. Куәгерлердің айтуларынша, әйел арбамен келе жатқан, жанында 2 жасар баласы еріп жүрген. Кенет ол жол бойындағы люктен өтіп бара жатқан сәтте қақпағы ашылып, бала шұңқырға құлаған. Балақанның көрер жарығы бар екен. Маңайдан көпшілік жиі өтетін болғандықтан жүргіншілер тез көмекке келе қалған. Ер адамдардың бірі құдыққа түсіп, баланы шығарып алған. Содан кейін ғана қалалық Отын-энергетика кешені және коммуналдық шаруашылық басқармасы ұңғыманың негізін бетондау және қақпағын ауыстыру жұмыстарын жүргізген.  width= Мұндай оқиғалардың шегі жоқ. Өкінішке қарай, түрлі себеп-салдарға байланысты қайталанып жатуы да кәдік.
«Биылғы қыста осы астананың Абай көшесінде орналасқан дәмханалардың бірінің маңайына көлігімді қойып жатып, кәріз жүйесінің құдығы орналасқан жерді басып кеттім. Сол-ақ екен машинамның артқы доңғалағы тарс етіп, тесікке түсіп кеткені. Сөйтсем, құдықтың люгі сыртында тұрған шеңберлі темірімен қоса босап қалыпты. Үстін қар басып қалғандықтан екі кештің ортасында өзім де көрген жоқпын. Абырой болғанда, көлігіме еш зиян келмепті. Үш жігіттің күшімен әрең шықтық», - дейді Думан есімді таксист.
Оның айтуынша, қазіргі кезде люктерді ешкім ұрлай қоймайды. Тек олардың сапасы сын көтермейді. Әсіресе, қала ішіндегі тас жолдың бойындағы саңырауқұлақтай қаптаған түрлі құдықтардың қақпағы көлік жүрісіне де қауіп төндіретін көрінеді.  width=
«Жол бойы толған құдық қақпақтары ғой... Үстінен басып өтсең, тарс-тұрс етіп, зәре-құтыңды қашырады. Қашайын десең, қасыңда келе жатқан машинаға соғылуың мүмкін. Соның кесірінен тегіс жолдар ойқы-жиқы болып жатыр. Соларды теп-тегіс етіп, жымын білдірмей істесе болмай ма?» - дейді Думан.
Осы орайда, қала әкімдігінің тұрғындар мәселесін шешуге арналған орталығындағылар кез келген қауіп пен қолайсыздықтар жайлы шағымдануға болатынын айтады.
«Әрбір өтініш ақпараттық жүйеде тіркеледі. Ашық құдықтар мен люктер тұрғындардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретіндіктен, бұл өтініштердің маңыздылық деңгейі «аса жоғары» деп белгіленеді. Жедел түрде елорданың аудандық әкімдіктерімен бірлесіп, құдықтың баланс ұстаушысы мен жауапты орындаушысы анықталады. Жауапты орындаушы тарапынан коммуналдық қызметтердің жұмыс бригадасы оқиға орнына аттандырылып, олар 3 сағат ішінде люкті, құдықты қалпына келтіруі немесе құдықты уақытша жабу үшін қоршау орнатуы тиіс», - дейді орталықтың баспасөз қызметіндегілер.
Олар қорғаныс қоршауын орнатқаннан кейін 3 тәулік ішінде жауапты ұйым люкті, құдықты мұқият бекітіп, инцидентті жоюы керек. Жұмыс нәтижелері бойынша iKOMEK109 қызметкерлеріне өтініштің пысықталғанын растайтын фото-бейнематериалдар ұсынылады. Мысалы, төмендегі фотолар соның айғағы.  width=  width=  width= Кейін мамандар өтініш берушіге (тұрғынға) фото-бейнематериалдарды жібереді және жұмыстардың аяқталғанын растауды сұрайды. Сондықтан да люкке қатысты мәселеде ғана емес, кез келген қала тұрғындарының тіршілігіне кедергі келтіретін жағдайларға бей-жай қарамаған жөн.  Біздің бұл ойымыз орталықтың басшысы Асқар Тақсымовтың да пікірімен үндес.
«iKOMEK операторлары әрбір өтінішті тіркелген сәттен бастап, өтініш беруші растағанға дейін толықтай бақылауда ұстайды. Мұнан басқа, тұрғындар цифрлық сервистер: телеграм-бот және iKOMEK мобильді қосымшасы арқылы өтініш жолдап, ашық қалған құдықтың суреті мен геоорнын жібере алады», - деді iKOMEK109 басшысы Асқар Тақсымов.
Біздің ойымызша, қоғамдағы қауіпсіздік қағидаттары жауапты сала өкілдері мен қала тұрғындарының ортақ үндестігі бар жерде қатаң сақталады. Жоғарыдағы мәселе де түрлі факторлардың салдарынан туындап жатады. Сондай қолайсыздықтарды болдырмау үшін мамандар құдық қақпағын тастан жасап жабады, люк астынан тор жүргізіп қояды, тағысын-тағы... Бұл енді бөлек әңгіме. Бірақ әр басқан қадамыңызға өзіңіз де жауап беретініңізді ұмытпағаныңыз абзал.