Құрт сатып несиесінен құтылған кәсіпкер

Құрт сатып несиесінен құтылған кәсіпкер

Құрт сатып несиесінен құтылған кәсіпкер
ашық дереккөзі
Кезінде фосфор өнеркәсібімен даңқы алыс­қа кеткен Жаңатас қаласының тоқ­санын­шы жылдардағы терең тоқырауда тоз-тозы шық­қаны жасырын емес. Өйткені, одақтас елдер ара­сындағы экономикалық бай­ланыстар үзіліп, өн­діріл­ген өнім өт­керіл­меді. Соның салдарынан жұ­­­­­­мыс­сыздық бе­лең алып, тұрғындардың дені сырт жақтарға қо­ныс аудара бастады. Шағын шаһарды электр энергиясымен, су-жылумен қамту мұң­ға айналып, көпқабатты тұрғын үйлер­дің біра­зы қаңырап бос қалды. Дегенмен, мемлекет тара­пынан қолға алынған шара­лар­дың нәтижесінде қала қайта еңсесін тік­тей бастады. Бұл тұрғыда мо­ноқ­алаларды дамытуға арналған бағдарлама­ның тигізген шара­паты мол. Әлеуетті инвесторлар – «Қаз­фос­фат» және «Еврохим» компания­ларының да жобалары же­­місін беріп, әлеуметтің әлеуе­ті арта түсті. Қазіргі Жаңатастың жағдайы осыдан 10-15 жылғы кезеңмен салыстыруға кел­мей­ді. Қазынадан бөлінген қаражаттың есебінен шаһардың шырайы кіріп қалды. Ішкі көші-қон да тұрақталып, жаңа жұмыс орындары көп­теп ашылуда. Жергілікті тұрғындар жаңа кә­сіп түрлерін меңгеріп, өз істерін дөң­геле­ту­де. Со­лардың бірі – Ұлбосын Бақыт. Instagram әлеу­меттік желісінде «Ұлбосынның ұлт­тық та­ғамдары» атауымен танылған жас кә­сіпкер бү­гінде еңбекқорлығымен ел-жұрт­тың ықы­ласына бөленіп отыр. Осы орайда, біз за­ман­дасымызды аз-кем әңгімеге тартып, бизнес са­ласындағы алғашқы қадамдары мен жетіс­тікке жету жолдары туралы пікірлескен едік. Ұлбосын Жақыпбекқызы саудамен ай­налысатын анасының қасына іле­сіп жүріп жастайынан кәсіпке жақын бо­лып өсіпті. Ол Жаңатас қаласындағы М.Әуе­­­зов атын­дағы орта мектепті бітіргеннен кейін бір­ден бизнеске бет бұрғысы келеді. Алайда ата-анасы қарсылық білдіріп, Түркістан қа­ла­сындағы медициналық колледжге оқуға тү­сірген. – Кішкентайымнан еркін еңбекке етене жа­қын болып өскендіктен бе, болашақта кә­­­­сіпкер боламын деп ойлайтынмын. Ал ме­­­­дицина саласының маманы атану үш ұйық­тасам да түсіме кірмеген. Амалдың жоқ­ты­ғынан, анамның шешіміне мойынсұнып, «Мейірбике ісі» мамандығын оқып шығуға тура келді. Сөйтіп қызығы мен қиындығы қатар өріліп жататын студенттік күндерім бас­талып кетті. Колледжде өткен үш жылда сау­даға қызығушылығым басылып қалды. Сондықтан да шығар, диплом алғаннан кейін туған жерге оралып, аудандық орталық ауру­ханаға «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойын­ша жұмысқа орналастым. Айлығым 27 мың теңге болды. Бірге жұмысқа қабылданған қыз­дар сол айлыққа риза еді. Ал маған аздық етті. Арада төрт ай өткенде өз еркіммен шы­ғып кетіп, аудандағы тіс емханасына жұ­­­­мыс­қа орналастым. Емханадан алатын 37-38 мың теңге айлығым да көңілімнен шықпады. Ақы­ры не керек, жоғары жалақы іздеп Тараз­дан бір-ақ шықтым. Дәріханада жұмыс істе­дім. Маған мұнда кім жоғары жалақы бере қойсын. Күніне он төрт сағат жұмыс істеп, 1 мың теңге алып жүрдім. Таразда да тұрақтай алмай, Жаңатастағы тіс емханасына қайтып орал­дым, – дейді Ұлбосын. Ол емханада жұмыс істеп жүріп те кәсіп бастауға бекінеді. «Неге жеке дү­кен ашпасқа?» деген ойға келеді. Оның бұлай ойлауына көпқабатты тұрғын үйдің ал­дында ұзақ жылдан бері қаңырап бос тұр­ған ғимарат себеп болады. Сұрастыра келсе, ны­санның иесі бөтен емес, туыстары екен. Телефон нөмірін тауып хабарласып, мән-жай­ды айтқанда ол кісі сөзге келместен пай­далануға рұқсатын беріпті. – Бастапқыда дүкенді қайтіп ашпақпын де­ген сұрақ мазалады. Ақшам жоқ. Әрі ата-анам да қолдамайды. Көңілімде қорқыныш бол­са да белді бекем буып, тозығы жеткен ғи­маратты жөндеуге кірісіп кеттім. Банктен не­сие алдым. Ешбір банк 150 мың теңгеден ар­тық несие бермеді. Біріндегі қарызымды жап­сам, қайта бірінен несие алып, амалдап жүр­дім. Жөндеу жұмыстарын 2016 жылдың та­мызында бастап, 2017 жылдың мамыр айында аяқтадым. Құрылысын аяқтағаннан кейін «Енді мұнда не сатамын?» деген ой келді. Азық-түлік, киім дүкендері аз емес. Аяқ алып жүре алмайсың. Халықтан сұрастырып, өзім де зерделеп көрсем, сүт өнімдерін са­татын дүкендер жоқ екен. Сонымен ойлана, келе, ұлттық тағамдар сатқанды жөн көрдім. Тұтынушыларды тарту үшін алдымен Instagram арқылы жарнамасын жүр­гізіп, халықты құлағдар етіп алып, 2017 жыл­дың 8 мамырында дүкенімді аштым. Сөре­ге қойылатын өнімдерді әр сенбі сайын Жаңатас қаласында өтетін жәрмеңкеден кө­тер­ме бағамен сатып алып отырдым, – дейді Ұ.Жақыпбекқызы. Осылайша кәсібі ә дегеннен-ақ жүріп, өнімдері тұтынушылар тарапынан да оң бағасын алып үлгереді. Бірақ кәсіп­кер­дің қуанышы ұзаққа созылмайды. Саудасын жүр­гізу үшін алған онлайн кредиттері қиын­дықтар туғыза бастайды. Тапқан табысын не­сиеге төлеп, пайдаға кенелудің орнына шы­ғынға бата түседі. Сөйтіп алты айдан кейін дүкені жабылады. – Онлайн кредиттің пайызы өте жоғары бо­лады екен. Маңдай теріммен сауда жасап тап­қан ақшамды несиеге төлеп, табысымның бере­кесі болмады. Ілгері басқан қадамым кейін кете бергеннен кейін үйде де дастархан ба­сында тыныш отырып ас іше алмайтын бол­дым. Бір күні дүкенге барсам, бір бұрышта бес келі құрт қалып кетіпті. Сол кезге дейін не­ге екені парақшамда құртты жарнамалау ойы­ма келмепті. Сөйтіп жарнамалап жеке парақшама салып қойдым. Сол күні-ақ Семей қа­ласынан екі келі құртқа тапсырыс түсті. «Қаз­пошта» акционерлік қоғамы арқылы са­лып жібердім. Бір жетіден кейін алғашқы тап­сырыс берушім хабарласып, рақметін айт­ты, – дейді Ұ.Бақыт. Жас кәсіпкер күннен-күнге тапсырыс көбейе бастаған соң алғашында дайын құртты Тараз, Шымкент қалаларынан са­тып ала бастайды. Құрт сатып та табысқа ке­­нелуге болатынын түсінген соң өзі жасауға кө­­шеді. Дегенмен қаланың қызы қайдан құрт жа­­сай білсін. Әжесінің көмегіне жүгініп, құрт жа­саудың технологиясын үйрене бастайды. То­лық меңгеріп алғаннан кейін шаруашы­лық­тардан күніне 100 литрге дейін сүт алып, құрт жасауға білек сыбанып кірісіп кетеді. Айтуынша, 100 литр сүттен 5-6 келі құрт дайын­дауға болады екен. – Көпқабатты тұрғын үйдің бесінші қаба­тын­да тұратынбыз. Әжем екеуміз таңғы сағат 3-4-ке дейін құрт дайындап жүрдік. Құртыма «Балдай» деп ат қойдым. Бірақ қатты шар­ша­дым. 100 литр сүтті бесінші қабатқа жеткізу де оңай емес. Тапсырыс берушілерге де өзім та­сып беремін. Тіпті тұтынушылар көбейген соң үлгере алмай кеттім. Сөйтіп құртты дайын­дап беретін серіктес іздеп, Шымкент қа­ла­сынан таптым. Бірақ серіктесімнің құр­ты ұнамады. Мен үшін құрттың сапасы, та­би­­­ғилығы маңызды болды. Сондықтан өзім­нің мәзірімді алып барып, басқа құрт жа­садық. Ойымдағыдай құрт шығару үшін де бір жылға жуық уақыт өтті. Біз құртты вакууматор аппаратымен қап­­таймыз. Аталған аппаратты тап­сы­рыс беріп Қытайдан алдырдым. Әрқай­сы­сы­ның құны 250 мың теңге тұрады. Екі ап­па­рат бір күнде 400-500 келі құртты қаптап бе­ре­ді. Құртты қаптағанның пайдасы алты айға дейін бүлінбей, жақсы сақталып тұрады. Бүгінде өнімдерімізді Қазақстанның түкпір-түкпіріне жөнелтеміз. Әсіресе Батыс және Түркістан облыстарынан тапсырыс жиі-жиі тү­седі. Белгілі өнер азаматтары да тапсырыс бе­ріп тұрады. Одан бөлек Кореяға да ай сайын 300 келі құрт жіберіп тұрамын. Қыс мезгілінде айына алты, жазда екі-үш тон­на сатамын. Негізі біз де «UUT» (Ұлбо­сын­ның ұлттық тағамдары) атауымен патент­тел­ген құрттың 8 түрі бар,– деген Ұлбосын Ба­қыт Instagram-да бизнес парақшасын жүр­гізу, дамыту көп адам ойлағандай оңай емес екенін айтады. Бүгінде Instagram же­лі­сін­де 224 мың тіркелушісі бар екен. – Әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта пай­да­лана білгенімнің және өзімді көп нәрседен шек­тегенімнің арқасында қазіргі жетіс­тік­тері­ме жеттім. Кәсіпті алғаш бастағаннан бе­рі 14 несие алыппын. Instagram-ның және құрт­тың арқасында былтыр несиелерімнің бар­лығынан құтылдым. Баспана да, көлік те алдым. Ең бастысы, бұрын «Сен өзі не істеп жүрсің?» деп ренішін білдіретін ата-анам да қа­зір үлкен сенім білдіріп, қолдап отырады. Енді алдағы мақсатым – мал шаруашы­лы­ғымен айналысу. Сондай-ақ қазір ау­дан орталығындағы жалға алып отырған ғи­маратты сатып алып, кәсібімді кеңейту жос­парда бар. Сондай-ақ тапсырыс берушілер көп болғандықтан Шымкент қаласынан да сау­­да орнын аштық, – деген Ұлбосын Жа­қып­­­­бек­қызы сөз соңында бизнесте алға ай­қын мақ­сат қойып, сол жолда кездескен ке­дер­гілермен табандылықпен күрессе ғана та­бысқа кенелуге болатынын жеткізді. Біз де еселі еңбегімен көпке үлгі болып жүрген кәсіпкерге асқақ арман­дары­ның орындалып, жаңа табыстарға жете беруі­не тілектестігімізді білдірдік.

Тұрсынбек Темірланұлы, Жамбыл облысы, Сарысу ауданы