БҰҰ Бас хатшысы ҚазҰУ-ға алғыс айтты

БҰҰ Бас хатшысы ҚазҰУ-ға алғыс айтты

БҰҰ Бас хатшысы ҚазҰУ-ға алғыс айтты
ашық дереккөзі
304

БҰҰ Бас хатшылығы қызметіне кіріскелі отырған Антониу Гутерреш әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры, академик Ғалымқайыр Мұтанұлына хат жолдап,  университеттің БҰҰ-мен жемісті ынтымақтастық орнатуына қосқан оның сүбелі үлесі үшін алғыс білдірді.

БҰҰ Бас хатшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға қазіргі жаһандық мәселелерді шешудегі сенімді серіктесі ретінде шынайы ризашылығын білдірді. «Мен Сіздермен бірге барша адамзаттың бақытты өміріне бағытталған жұмыстарды атқаруға асықпын», – деп атап өтті Антониу Гутерреш.

Өз хатында Бас хатшы БҰҰ ұстанымдары мен бастамаларын алға жылжытудағы және халықаралық ұйымның өркениеттің өзекті мәселелерін шешудегі медиатор және  жасампаз «көпір» рөліндегі қызметінің ашықтығы мен шынайылығын қамтамасыз ететін достық көңіл-күйді орнатудағы ҚазҰУ-дың БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» жаһандық хабы ретіндегі маңызды рөлін атап өтті.

Ресми хатта: «БҰҰ негізін салушылардың арман-мақсатта­ры­ның орындалуы үшін бізді ортақ көптеген жұмыстар күтуде. Жұмыс кестесі мүмкіндік берген сәтте әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне бару –  мен үшін үлкен мәртебе», – делінген.

Айта кету керек, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Орталық Азиядағы тұрақты даму бойынша БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» жаһандық хабын және ЮНЕСКО-ның аймақтық хабын басқара отырып, Біріккен Ұлттар ұйымының өзіне жүктеген міндетін нәтижелі орындауда. Осылайша, ҚазҰУ ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жасыл көпір» және «G-Global» бастамаларының энергоэкологиялық стратегиясына қолдау ретінде ТМД университеттері ішінде жалғыз «RIO+20» Әлемдік саммитінде секция ашу жоғары мәртебесіне ие болды. Колумбия университетімен бірге ҚазҰУ-да тұрақты даму бо­йынша мамандар даярлайтын «MDP Global Classroom» бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Сондай-ақ, университет «БҰҰ моделі – Жаңа Жібек жолы» дүниежүзілік студенттік бағдарлама-ойынының бір бөлігі болып табылады.

Ұлттық университет жаһандық мәселелерді шешуге арналған көптеген халықаралық деңгейдегі бастамалар мен ауқымды жобаларды жүзеге асыруда ең белсенді әрі тиімді алаңдардың бірі болып табылады. Мысалы, ҚазҰУ тұрақты даму мәселесі бойынша университеттердің халықаралық консорциумын құруға бастама жасады. Аймақтағы интеграциялық үдерістердің қозғаушы күшіне айналған ІІІ Азия университеттері ректорларының форумын ұйымдастырды. Университет БҰҰ Өркениеттер альянсі VII Ғаламдық форумына белсене қатысып, «Әл-Фараби – өркениет философы» секциясын ашты және қайырымды қоғам дамуының тұжырымдамасын көрсетіп, шетелдік ғылыми элита арасында жоғары бағаға әрі қолдауға ие болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мыңжылдық мәселелерін шешуге бағытталған БҰҰ бастамаларын ілгерілету ісінде мойындалған көшбасшы болып табылады. БҰҰ Бас Хатшысы Антониу Гутеррештің жоғары бағасы Қазақстанның және ұлттық оқу орнының әлемдік беделін, оның халықаралық білім беру кеңістігіндегі танымалдылығын тағы бір рет дәлелдеп берді.

 

Серіктес жаңалықтары