Жексенбі, 2 Қазан, 2022

Машина жасау комитетінің құрамы мен ережесі бекітілді

«AMANAT» партиясының Орталық аппаратында Машина жасау комитетінің ұйымдастыру жиыны өтіп, оның құрамы мен ережесі бекітілді. Комитет төрағасы болып Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әмірхан Рахымжанов сайланды.

Осы алаңда мүдделі мемлекеттік органдардың, кәсіпорындар өкілдерінің, сарапшылар қауымдастығының қатысуымен саланың проблемалары тұрақты негізде талқыланатын болады.

Әмірхан Рахымжановтың айтуынша, комитеттің негізгі міндеттерінің бірі – заңнаманы жетілдіру үшін талдау, ұсыныстар әзірлеу және сала өкілдерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету.

Өз кезегінде комитет мүшесі, Қазақстан машина жасаушылар одағының төрағасы Мейрам Пішембаев импортқа тәуелділікті азайту, өз өндірісін ұлғайту және соның салдарынан бәсекеге қабілеттілікті арттыру өзекті мәселелердің бірі екенін атап өтті.

«Тұтастай алғанда, машина жасауды кез келген ел экономикасының индустриялық қуатының өзегі деуге болады. Салаға әлемдік өнеркәсіптік өндіріс құнының 40%-ы тиесілі. Ал Қазақстан өнеркәсібіндегі машина жасаудың үлесі 7%-дан аспайды. 2021 жылы тауарлар импортының жалпы көлемі 41 млрд АҚШ долларын құраса, оның ішінде 17 млрд АҚШ доллары немесе 41% машина жасау өнімі. Соңғы 10 жылда өндіріс көлемі 6 есеге артып, өткен жылы 370 млрд теңгеден 2,4 трлн теңгеге дейін өсті. Стратегиялық міндет – импорттан барынша арылу. Экономиканың өсуіне байланысты машина жабдықтары импортына деген тәуелділіктің де артуы тоқтамайды», – деді ол.

 

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button