Ақтауда аяусыз соққыға жығылған жігіттің анасы мәлімдеме жасады

Ақтауда аяусыз соққыға жығылған жігіттің анасы мәлімдеме жасады

Ақтауда аяусыз соққыға жығылған жігіттің анасы мәлімдеме жасады
ашық дереккөзі
Әлеуметтік желілерде бетін тұмшалап алған жастардың жалғыз адамды қоршап алып, шынжырмен ұрып, зорлық-зомбылық көрсеткен видеосы тарап кетті деп жазды turkystan.kz. Маңғыстау облыстық Полиция департаменті дәл осындай екі оқиға  да Ақтау қаласында әртүрлі уақытта болғанын растады. Екі факті бойынша да ҚР ҚК 293-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал аталған оқиға халық арасында қызу талқыланып жатыр. Осы орайда, зардап шеккен жігіттің анасы әлеуметтік желі арқылы үндеу жасады.
«Тарап кеткен, жұрт таратып жатқан видеоны қарамадым. Қарау үшін де жүрек керек болар? Дос-туыстарым мүсіркеп, аяушылық білдірген сайын жаным жүдеп, аяқ-қолым қалтырап, бүйірімнен тікенек қадалып, ішкі құрылысымды біреу жұдырығына уыстап қысып алғандай, жүрегім қатты-қатты соғып, қазір аузымнан шығып кетердей сезімдемін… Мен мықтымын деп өмір сүріп келемін. Балаларыма да соны үйретудемін... «Еркек тудым, қалжа жедім» деп құлақтарына құйып отыратыным бір басқа. «Ер жігіттің басына не келіп, не кетпейді… Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» деген әңгімені сүрініп қалса да айтып отырамын. Ешқашан алдыма жылап келме, жылайтын болсаң, дырау қамшымен арқаңнан таспа тілем дейтін менен шынымен де ұлым сескенетін. Балам сол оқиға болған күні ертеңіне «Дамбыдан суға секіріп жарақаттанып қалдым» деп хабарласты. Дәрігерлерге қаралды», - деп жазды белгісіз жігіттердің соққысына жығылған жігіттің анасы Құралай Ізбасар.
Баласының сөзіне сенген ана ұлын 2 ай бойы сынықшы мен дәрігер жағалап, емдеткен. Ал оқиғаның бейнежазбасын әлі көрмеген. Көргісі де келмейді.
«Ұзын сөздің қысқасы, оқиға маусым айында болған… Балам аман, қазір қасымда жүр. Бірге жұмыс істейміз, менің лидерім. Статусын алып Алматыға сабаққа бірге келдік. «Бастан құлақ садақа» деген ұлы сөзді де қаперіме алып, шүкірлігімді айтып отырмын. Неше түрлі анықталмаған ақпаратты таратып отырған БАҚ өкілдеріне айтарым, анықталмаған ақпаратты абайлап таратыңыздар, әйтпесе дәрі ішіп, дәрігердің көмегіне жүгініп отырған жайымыз бар», - деді Құралай Сатымбайқызы.
Сондай-ақ ол аймақтық тәртіп сақшыларының хабарласып жатқанын, бірақ оларға сенім арта алмайтынын аңғартқан.
«Полицияға салсаң нашақор, не тағы басқа деп жала жабады. Олардың жұмысы ғой… Тап қазір Алматы қаласындамыз. Келіп, қан алып, сараптама жасасын. Маған арыз жазыңыз деп Ақтау қалалық ІІД бөлімшесінен таң атпай хабарласты. Мен видеоны жіберіңіз дедім. «Жібермейміз, ішке келіңіз» дегесін «Балам аман, қасымда. Біз Алматыда сабақтамыз, ешкімге ештеңе жазбаймын» деп жауап бердім. Сол сөзіме бола жала жауып отырса, полицейлер тіпті адам емес екен», - деп жазды жігіттің анасы.
Өзінің осы жазбасы жарияланғаннан кейін 8 сағат өткен соң Құралай Ізбасар әлеуметтік желіде тәртіп сақшыларына жүгінгені жайлы пікір қалдырған.
«Қазір Масанчи Калинин көшесіндегі ІІД-де отырмыз. Балам арыз жазып, оқиға барысын айтып жатыр. «Жаныңыз қиналмады ма?» деп сұрап отырған адамдарға менің бүгінгі күйімді ешкімге бермесін деп тілеймін. Шырқырап жылаған шығар құлыным! Жаным ай, жан-дүнием өртенуде. Алла ешкімнің басына бермесін!» - делінген жазбада.
Әзірге оқиғаның мән-жайы белгісіз.