Қасымның ұлы Ермұхаммед

Қасымның ұлы Ермұхаммед

Қасымның ұлы Ермұхаммед
ашық дереккөзі
964
..Патшалы Ресейдің қазақ жерін жаулап алу саясатының нақты жүзеге аса бастауы ұлт арасына ғана емес, сұлтандар арасына да іріткі салды. Хандық басқару жүйесі тәрк етілген соң Кенесары, Сыздық төрелер тәрізді бір-жар ашық күреске шыққандар болмаса, сұлтандардың басым көпшілігі билік жағына – орыс қызметіне ауысты. Бұлардың араларында қай патшалықтың үстем шығарын білмей саясат дауылының ауаны әрі-сәрі етіп сергелдеңге түскендері де жетерлік. Солардың бірі – Қасымның ұлы Ермұхаммед. «Сұлтан Еликей праправнук хану Абулхаиру. Абулхаир-Ирали-Булекей-Касым-Еликей» (ЦГА РК, ф.4, оп. №1, св. №484, д. №3622, стр. 23). Елікейдің ата-бабаларының дені Ырғыз бен Торғай өзендері қосылатын Құйылыс деген жерде қалған. Әбілқайыр ханның мазары мен Қасымның бейіті де сонда. Елікей Ырғыз бойында дүниеге келген, осы өлкеде өмір кешкен. Қырық үй төлеңгіті бар. Хан ұрпағы ретінде аумалы-төкпелі заман, әлеуметтік жағдайға байланыс­ты ізіне қалың жұрт еруі де мүмкін. Орыс әкімшілігінің оның басқан ізін қалт жібермей бақылап отыруының басты себебі – осы. Дәл сол кезеңде қазақтардың хан ұрпағына деген құрметі де жоғала қоймаған. Исатай мен Махамбет көтерілісінен толық хабары бар, бұл жерге Кенесары келгенде ізіне ермей қалды, түптің түбі орыс қызметіне өткен Есеттің басына түсіп жатқан құқайды көріп отыр. Кейін Сыздық төре де арнайы ат шаптырып, өзіне қосылуға шақырғанмен, оған еріп атқа мінген жоқ, жай туыстық ілтипаттан аспады. Қызметіне негізінен Әбілқайыр ұрпақтарын пайдаланып отырған орыс басшылары Елікейге келгенде салқын. Бұған сұлтандар арасындағы бәсекелестік әсер еткен де болуы мүмкін. Алайда қағазға түсіп қалған мәліметтерге қарағанда, оның аумалы-төкпелі мінезі, жеңіл, дәйексіз болмысы да сенімсіздік туғызған тәрізді. Қалың ел де желаяқтау сұлтаннан гөрі қайрат-күшімен де қорған болып отырған әділ Жанқожасынан айырылғылары жоқ. Осылардың бәрін сараптаған Елікей ентелеп келе жатқан орыс­тардан іргесін аулақ салған. Райым бекінісі салына басталмастан бұрын-ақ біржола Азия хандықтарына іргелес Қызылқұмға қоныс аударды. Ошағы Қуаңдарияда. Өзіне қараған қазақтарды Бұқар әмірлігіне жақын Жүзқұдыққа көшіп келіңдер деп зорлаған. Бұған еріп барған Хиуа ханына төлемге 6000 қой, 300 түйе беріңдер деп талап етеді. Билер бұған келіспеген. Мәселенің басын ашу үшін Хиуа ханы билерді өзіне шақыртады. Хан қаһарынан қорыққан олар Елікейге құлақ аспай, кері қарай – дарияның оң жағына көшіп кетеді. Зекет құйып тұратын халқы сиреп қалған соң сұлтанның да халі мүшкіл. Енді ол орыс бетіндегі қазақтарға дүркін-дүркін жаушы шаптырып, қайта көшіп келулерін талап етеді. 1847 жылдың 12 сәуірінде Райым бекінісінің бастығы подполковник Ерофеевке, орыстың жалдамалы жансызы Бостанбай Елдешов сұлтан Ермұхаммед Қасымов қазір 300 үймен Қазалыда отыр, олар енді орыс шекарасына бет бұрмайды деп мағлұмат береді. Сұлтан бірнеше адамды ертіп Хиуа ханының аяғына жығылуға барған. Хан оған Сырдарияның сол жағалауындағы қазақтардың билігін беріп, елден салық жинау міндетін жүктеген. Жиналған салықтың бірсыпырасын Қожанияздағы бекініске өткізіп, бірсыпырасын өзі алады. Бұдан былай орысты желкемнің шұқыры көрсін дейтін көрінеді (ҚР ОММ, №4 қор, №1 тізбе, №3408 іс, 12-14-беттер). Осы жылдың көктемінде Елікейді Хиуа ханы шақырып, сұлтан 30 адам ертіп, 30 жылқы айдап, ханға 30 текемет сыйға алып барған. Хан сұлтанға қазақтардан үш жыл бойы зекет жинау­ды осы жолы жүктеген болуы тиіс. Көптеген мақалаларда Елікейді хан көтерген Хиуа деп көрсетіледі. Бұл дерек донесениелерде де бар. Елікейдің өзі жазған түсініктемелерінде «мені Жаңадария, Қарақұм жағында көшіп-қонып жүрген елге хан етіп сайлаған Бұхар әмірлігі еді» деп жазған. А.Байхожаевтың көрсетуінше, 1844 жылы пәрмен беріп, күмістен мөр жасатып, хандық дәреже беріп жүрген Бұқар әмірлігі. 1847 жылдың 2 маусымында Бөрі төре бастаған Жанғазы Шерғазиев пен сұлтан Ермұхаммед Қасымовтың 29 жортуылшысы Ырғыз бекінісі маңындағы Ботамолада отырған егіншілерді шауып, бері жылжып келе жатқан орыс­тар туралы мәлімет алу үшін Балталы Базарбаевты тұтқындап алып кетеді. Демек, орысқа қарсы әрекет бастады деген сөз. Осы жылдың тамызында Жанғазы екеуі 1500 нөкермен елді қайта шабады. «Ол Қожанияз қонысынан Сырдария бойының қазақтарына қарақшылық шабуылдар жасап тұрды. Қ. 1847 жылы шекті руының 1000 үйін шауып, бар малын айдап әкетті» («Қазақ Совет энциклопедиясы». А. 1975, 6-том, 540-бет»). 1849 жылдың ақпанында Жанқожаның ауылын тонап, өзін ұстауға шыққан Рахманберді Елтүзеров бастаған 8000 шапқыншының құрамында Елікей жүзбасы не мыңбасы. Бұл мағлұмат орыстарға мәлім. Орыс әкімшілігіне жеткен хабарларға қарағанда, ұшқалақ сұлтан жұрттың басын қосып, орыстарға тойтарыс беруге де шақырып жүр. «Султан Иликей до 1852 года сос­тоял на службе у Хивы, грабил и обирал приаральских казахов, нес охрану крепости Ходжа-Ниаз, посылал отряды для захвата урожая у егинши и поджога посевов, собирал пошлину с проходящих через Куван-Дарью караванов и т.д.» («Известия казахского филиала АН СССР. Серия историческая. Выпуск №2 (27)» Алма-Ата. 1946 г., стр. 110). Кейін №54 дистанцияның бастығы Ғали Тұнғаншинге берген түсінігінде сол 64 шапқыншылықтың бәріне де Хиуа ханының зорлығымен қатыстым деп жазады. Сұлтанның екі хандықтың да көңілдерін аулап, арада олжаға кенелу харекеті жүзеге аспады. Бұқар әмірлігінің Елікейді қамқорлыққа алғандығын аңғартарлық мағлұмат кезікпейді. Оның есесіне бұны көзден таса еткісі келмейтін Хиуа ханы 1850 жылы ілтипатпен қабылдап, жеке өзіне жиырма сарбаз бекітіп берген. Екі хандықтың да тап Елікейге зәрулігі шамалы. Олардың көкейлерін тесетіні – сұлтанның қалың қазақтан жинап беретін зекеті, әрине. 1852 жылдың наурызында орыс әкімшілігі бас сауғалап жүрген Елікейді ұстауға Қожанияз биді аттандырған. Ермұхаммед Қасымов үшін осы – 1852 жыл нағыз жанұшырған аласапыран жыл. Аласұрған сұлтан хан атағын пайдаланып, Қоқан мен Хиуаны шаппаққа ұран тастайды. Бұдан бұрын 19 мамырда оразадан кейін Хиуаға аттанамыз деп Жанқожаға арнайы хат жазған. Ол хатты №54 дистанцияның бастығы Ғали Тұңғашин ұрлап алып, хабарды орыс әкімшілігіне жеткізеді. Сұлтанның хандық мөрі заңсыз, оны тездетіп тартып алмаса, елді бүлдіреді деген ұсынысын да қосып жазған. Тіпті Нұрбай биге жазған хатында бұл әрекетіме генерал-губернатордың өзінің ұлықсаты бар деп те көрсеткен. Әрине, арақатынасты ушықтырғаны болмаса, ешқандай нәтиже бермейтін бұл «еркелік» генерал-губернатор В.А.Перовскийдің қанын қайнатып, шекара комиссиясына шұғыл әрі ерекше тапсырма береді. Шығыс бөліктің басшысы сотник Мұхамед Жантөринге бұл бассыздықты дереу тоқтатуды тапсырады (ҚР ОММ, №4 қор, №1 тізбе, №3631 іс). Кейінгі жазбаларында «Ертеңгі күнім не болмақ» деуіне қарағанда, Елікей Ресей бетіне өтуді алдын-ала ойластырған, ара ағайындыққа бергі беттегі сұлтандар мен билерді пайдаланған. Ермұхаммед ізіне ерген азғана төлеңгіттерімен түнделетіп қашып шығады. Қашқындардың жүрістері тым суыт, күндіз бой тасалап, тек түнемелік қана жортады. Ханның кісілері сұлтанның қашып кеткендігін үш күннен кейін ғана біліп, хан оның 12 үйден тұратын отбасын тұтқындап, дереу қалаға алдыртады. Аса суыт жүріп отырған қашқындар алдымен Дәуқарадағы Қарағұлға, одан Қожатөбені асып, Бесқұдыққа жеткен. Жаубұлақсайда отырған билер Қазанғап Ботбаев пен Бәймен Бекмұрзиннің ауылдарына түнеген. Одан түнделетіп жортып отырып Қояндыбасқа жеткен. Үшөткелге, одан Өтетілеу сағасына дейін сондай сүргін жүріс. Тағы бір мәліметте көрсетілетіндей, Жанқожаның ауылына жақын Ізтілеудің үйіне тоқтаған. (Батырмен туыстығын да, маңында отырғанын да ескерер болсақ, Жанқожаның бұрын Хиуа ханына тұтқындарды босатуға жұмсаған Ізтілеу деген қазағы осы тәрізді – М.Қ.) Титульный кеңесші Сұбханқұлов орыс әкімшілігіне осы жылдың, демек 1852 жылдың 12 қаңтарында Елікей Қасымов тұтқыннан біржола қашып шыққандығын хабарлайды. Онда үш әйелі, мал-мүлкі түгелдей сұлтанның өзінің бағалауынша 5220 рубль – 1527 тіллә тұратын заттары аманатқа қалған. Сұлтанның өзі 7 жасар қызына дейін тұтқында қалғанын көрсетеді (ҚР ОММ, №4 қор, №1 тізбе, №3635 іс, 21-23-беттер). Ырғызға Қамыстыбастан келген Дәрмен Сармановтың айтуынша, сұлтанның жанындағы 102 адамның барлығы сонда қалған, өзі ертең Хиуаны орыстар жаулап алғанда менің күнім не болады, бұндағы қазақтарды талай шапқаным үшін орыстар жазаға тартпас па екен деп қорқатын көрінеді. Енді арғы бет – орыс жері. «Мемлекеттің хас дұшпаны іргеге келіп тұр» деген суыт хабар жету бойына бекіністе тұтасып жатқан әскер дүрк көтерілді. 50 атты казак жасақтап алған капитан Шкуп алды түн екендігіне қарамастан кешкі сағат алтыда дереу Елікейді тұтқындауға аттанады. Сұлтан жолай Қарқұлға соққанда өзіне тиесілі 213 жылқы, 44 түйе, 10 үй мен 24 адамды қоса ала шыққан-ды. Сұлтанның соңынан келе жатқан сол ауыл әлі жүктерін түсірмеген екен. Көш дереу қоршауға алынды. Елікейдің өзі қашып, ұстатпай кетеді. Шкуп Елікейге екі қазақ қуғыншы жібереді. Сұлтан олармен бірге келуге қорқып, Шкуптың атына бөтен ойы жоқ, орыстарға біржола берілгелі келе жатқандығын мәлім етіп, хат жазады. Ұзамай өзі де келген Елікейді атты казактар түнгі сағат тоғызда тұтқындап алады. Қарудан болғаны 4 винтовка, 4 қылыш, 2 найза ғана бар екен, казактар оларын тартып алып, түнгі сағат екіде Райым бекінісіне қайта жетеді (ҚР ОММ, №4 қор, №1 тізбе, №3622 іс, 40-46-беттер). Осы Шкуптың бағалауынша Елікей: «не особенно проницательного ума...» Бұл оқиғадан алдын-ала құлағдар болып отырған №54 дистанцияның бастығы Ғали Тұңғашин мен Алмат Тобабергенов би Елікейді дереу Ырғызға алып кетеді. Бұдан кейінгі оқиғалар Орынбор және Самара губернияларының генерал-губернаторы В.А.Перовскийдің тікелей өз бақылауымен өрбиді. Оның 1852 жылдың 4 наурызындағы бұйрығымен тұтқын дереу Орынборға жеткізілуі тиіс. Сұлтанның өзінің де мақсаты солай-тын. Өлкенің ендігі тізгіні әні-міні орыстарға өткелі тұрғандығын жақсы түсінген Елікейдің бұл келісінде бас­ты екі мақсат – басын аман алып қалу мен орыс әкімшілігі күшімен тұтқында қалған отбасын құтқару болатын. Бұдан былай өзінің орыстарға керек адам екендігін түсінген Елікейдің еркелігі де басталады. Ырғызда аттарды жемдеуге 200 пұт арпа, өзі мен жанындағы қазақтарға кірепұл сұрайды. Жеке басына 15 рубль күміс берілген. Құрамында Ғали Тұңғашин, Ескендір Сарсеков, Алмат Тобабергенов, кіші аудармашы Чанышев (Жанысов болуы тиіс. Осылай жазып, өзін «младший толмач» деп көрсетеді – М.Қ.) топты капитан Михайлов бақылап отырып, тұтқынды Орскке (Жаманқала) 15 наурызда жеткізеді. Орынборға келген соң В.А.Перовскийдің ұйғарымымен жанында төрт қазағы, екі төлеңгіті бар Елікей әкімшілік қызметкері Батыршиннің үйіне жақын жердегі Добрынина деген жесір әйелдің екі бөлмесіне жатқызылды. Жанына Мұхамедшериф Абдрахманов пен Ибрагим Ишимов және қазақша білетін екі казак тыңшы бекітілген. Қызметкерлерінің жеткізулеріне қарағанда, сұлтан үрейлі, аяғын аңдап басады. Жолда келе жатқанда да Чанышевтан сезіктеніп, мынауың кім еді деген мағынада сұлтанның біріне хат та жазған-ды. Өз аяғымен келіп тұрған дұшпанды жазалауға не «құрметті қонақ» етіп, итжеккенге айдап жіберуге де болатын. Орта Азия хандықтарын әні-міні тұншықтыруға бет алғалы отырған әккі губернатор бұл кісіні мықтап пайдалануға тоқтаған. Губернатордың қабылдауы бұның ойындағыдай болып шықты. Сұлтан патшаға адал болуға, сөзі өтетін қазақтарды өкімет жағына тартуға, бұдан былай әкімшіліктің ұлықсатынсыз ешқандай да әрекет етпеуге уағдаласқан. Осы еңбектерінің өтеуіне В.А.Перовский ең алдымен отбасын тұтқыннан құтқаруға әрекет етіп, бар мүмкіндігін пайдаланады. Елікей губернатордан 100 рубль күміс, қосауыз мылтық, күміс поднос, күміс қасық, алтын сақина, 6 фунт шай, 9 фунт қант сый алып шықты. Кейін, 1853 жылы, шәйнек, аққұман, қант салатын ыдыс, 6 фунт қант, 8 фунт шай тағы алды (ҚР ОММ, 4-қор, №1 тізбе, №2724 іс, 7-8 беттер). Ал кіші аудармашы Чанышевтың өзі Елікейді Орынборға алып барып қайтқан 23 күніне 40 рубль «порционный» алады. Сұлтанның қайтар жолдағы көңіл-күйінен хабардар болғылары келген әкімшілікке осы кіші аудармашының жазғаны: «...он остался приемом очень довольным и восхищался сделанными ему подарками, которых показывая встретившимся киргизам выхвалял везде щедрость русского правительства...» Тұтқындағы отбасын алдыруға жанұшыра кіріскен Елікей В.А.Перов­скийге жазған хатында: «.. при одном воспоминании, что они в плену, во мне рождается мысль броситься в огонь или в воду» деп жазады. 1852 жылдың мамырында Хиуаға отбасын босаттыруға шөмекейдің билері Нұрлыбай мен Сары жіберіледі. Нәтиже жоқ. Байсал Шерғазиевтің мәлім етуіне қарағанда, Елікей екінші рет ханға хат жазып, Пірәлі Өтетілеуов, Тасмен Жабағин мен Арқабай бастаған 7 адам елші жіберген. Осыны естіген губернатор шекара комиссиясының төрағасы Ладыженскийге «бұдан былай хандықпен біздің сыртымыздан ешкім де қарым-қатынас жасамайтын болсын» деп ескерту жасайды. Енді бұл іске ресми өкімет – Орынбор әкімшілігі кіріседі. Генерал-губернатордың тапсырмасымен шекара комиссиясының төрағасы Ладыженскийдің өзі Хиуа ханына дипломатиялық жорға тілмен бірнеше рет хат жазып, Ермұхаммед Қасымовтың отбасына бостандық беруді өтінеді. Хан бұған да селт етпейді. Келесі амал хан жанындағы лауазымды кісілерді сатып алу әрекеті басталады. Ханның мехтері мен дуанбегіне пара дайындалады. Пара әрқайсысына 100 голланд червонецтен 200 червонец. Әкімшілік арнаулы ағаш қорап дайындап, сол қораптарға екі банкнотты бөлек-бөлек салдырған. Мөлшері қағазға түспеген алтын да бар. Алтын былғары қалтаға бөлек тігілген. Пара арнаулы шабармандармен Ырғызға жеткізіледі. Нұсқау бойынша Ырғыздағылар бұл параның аман жеткендігін хабарлап кері Орынборға жаушы шаптырады. Пара одан әрі Қазалыға есен-аман келген соң Орынборға тағы да шүйіншілеп жаушы кетеді. Пара түгел жеткенде хан қаһарынан қорыққан мехтер мен диуанбегі бұл сыйдан бас тартады да, қаржы кері қарай – Орынборға түгел қайтып келеді. Өз отбасын құтқаруға жұмсалмақшы осы 200 червонецтің 100 червонецін Елікейдің өзі алған. Алтын туралы мәлімет жоқ. Енді ең соңғы әрекет – іске арағайындыққа дін өкілдерін тарту ұйғарылған. Бұған оңтайы келетін Қазалыдағы имам – Ғазиз қожа Шахганиев. В.А.Перовскийдің өтінішімен қожа Хиуа барып, ақыры ханды амалдап көндіреді. Мал-мүліктер түгел сонда қалады да, 1853 жылдың қаңтарында отбасы тұтқыннан босатылды. Елікейден сүйінші сұрап келетін төлеңгіті – Ермұхаммед Тілеуов. Сұлтан орыс әкімшілігін мойындаған соң істі біржола тиянақтау үшін Ырғыз бекінісіне шақыртылып, 1854 жылдың 29 тамызында патшаға адалдығына ант қабылдайды. Елікей Қасымовтың бұдан былайғы да барлық іс-әрекеттері В.А.Перовскийдің тікелей мұқият бақылауында. Орыс қызметіне өткен соң 200 рубль күміс жалақысы бар вой­сковой старшина, 1853 жылы 200 сарбазбен Ақмешітті алуға көмектескені үшін подполковник. Қазалыдағы Жанқожа Нұрмұхам­медұлы бастаған көтерілістің Есет Көтібаровтың көтерілісімен ұласып кетуіне мүмкіндік бермей, тез арада басу үшін В.А.Перовский Ақмешіттегі орыс әскері, атты казактар, Елікей Қасымов бастаған қазақтары бар мұздай қаруланған қол тартқаны мәлім. Көтерілістің жай-күйін барынша терең зерттеген Т.Шойынбаев былай деп көрсетеді: «Прибыв в форт 5 января, Фитингоф решил как можно быстрее выступить для подавления восстания. С 6 по 8 января он занимался формировнием карательного отряда. В разные места, на ближние и дальние урочища были разосланы разведчики с целью выяснить местонахождение основных сил Джанхожи Нурмухамедова. Этих разведчиков давали генерал-майору Елекей Касымов из своего отряда, а также баи и старшины, которые поспешили явиться к Фитингофу» (Т.Шоинбаев. Восстание сыр-дарьинских казахов. 1949. стр. 86). Осы шапқыншылықты өзі басқарып, жүзеге асырып отырған Сырдария жүйесінің командирі, генерал-майор барон Фитингоф өз қолымен жазған есебінде былай деп көрсетеді: «...по пути скакавшие с ними султаны и бии, взятые вблизи форта Перовский, забрали брошенных хищниками верблюдов...», «имею также честь доложить о похвальном поведении султанов и биев, которые как охотники для изъявления своей преданности русскому правительству, следовали со мною из окрестностей форта Перовский и участвовали в деле, где они вели себя прекрасно» (ЦГВИА РФ, ф. 1442, оп. 1, д. 1, стр. 183). 1858 жылы жарияланған кешірімге әлі де сенбей, төңірегіндегі мыңдаған халқымен Қызылқұмда көшіп-қонып жүрген, қайта көтерілуі әбден мүмкін Жанқожаның көзін жойып, қазақтарды Сыр бойына қуып әкелуге әкімшіліктен қаржы бөлуді сұрап отырған генерал-губернатор қазақтарға қазақтардың өздерін салып, бұл істі саяси жағынан қолайлы, қаржы жағынан үнемді тындырғандығын 1860 жылдың 25 наурызындағы №6764 қатынасында соғыс министрлігіне қуана хабарлайды: «...Такое беспокойное состояние в местности, на которой пролегают главные караванные дороги с Сыр на Хиву и Бухару, и постоянные нападения хищников на наших ордынцев заставили меня еще прошлым летом обратить особенное внимание на этот угол на Сырской степи и поручить Командующему Сыр-Дарьинскою линиею изыскать, по возможности, местные средства, и водворению там спокойствия. ...Сообщая Вашему Высочеству о таковых распоряжениях мне генерал-лейтенанту Дебу и войскового старшины Касымова, которыми без всяких расходов, без потери и изнурения чинов гарнизонов достигнуты столь важные для спокойствия степи результаты, имею честь присовокупить, что официальное о сем донесение я не замедля представил Вашему Высокопревосходительству вслед за сим, получения окончательных подробных донесении по сему предмету. При этом считаю долгом довес­ти до сведения Вашего Высо-тва, что я разрешил Командующему Сыр-Дарьинскою линиею препровождать ко мне в Оренбург войскового старшину Касымова и султана Бюре, из коих первого я намерен послать предстоящим летом в С-Петербург для представления к высочайшему Двору в числе прочих отправляемых туда почетных ордынцев. С совершеннейшим почтением и истинною преданностью имею честь быть Вашего Высоко-ства покорнейшим слугой. А.Катенин». Қатынаста мынадай бұрыштама бар: «Высочайше повелено разрешить принять сюда Касымова в числе почетных ордынцев. 15 апреля 1860 г. Генерал-адъютант Суходанетов» (Өзбекстан Ұлттық мұрағаты. №И715 қор, №1 тізбе, №23 іс, 46-бет). Орыс зерттеушілері де былай деп жазған: «Участь Джан-Ходжи была решена в 1860 г. Начальники Сырдарьинской линии постарались оправдать предположения Джан-Ходжи о непродолжительности его жизни. Начальник Сырдарьинской линии Дебу поручил расправиться с Джан-Ходжой султану Илекею Касымову. Илекей вместе Сеилом Байкадамовым, батыром табынского рода и другими байкадамовцами в 1860 г. предательски напали на Джан-Ходжу и убили его, разгромив кочевавших с ним казахов» (Известия Казахстанского филиала Академии наук СССР, вып. 1, 1940 г., стр. 7). Өзі бастаған 600 қарақшының Қызыл жайлап жатқан жазықсыз елдің өлтіргенін өлтіріп, тірісін тонап, Сырдария желісінің басшылары Осмоловский мен Дебудің тапсырмасын тындырып келген соң 1860 жылдың ақпанында Елікейдің өз қолымен жазып берген есебі (Тұңғыш рет жарияланып отыр – М.Қ.): Орынбордың судие камиссие мекемесіне шөмекей руғы илан моәббэрленушіден рапот Сыр бойындағы қазақлар илан мұдапберлангушы ндурын сауытның құрматлу Османловскинің әміріне. Мақсұс 4-ғинуарда алты иүз кіші бірлан Жаңадария бойында тұрған харамилдарын Дәуқараға шейін құмақ үшын шығып, Қожанияз бірлан Жаңадария бойында Қостам диган жерден иүріп, 21-шілдеде (?) Қасдиган жерге барып, андан иүірп, бірнеше күнде Дәуқараға бардық. Мәзкүр Дәуқарада беш кіші қарауылшыларға ұшырадық. Бұл қарауылшылардан хабар алдық. Бес иүз қара халық қамалып ятұр. Бозойнақ диган башлығы дид, біз анда Бозойнақны шақырдұқ. Мәзкүр Бозойнақ айтты: Хиуаның Әллаберді Мирам мың кішіминан киліп, Сұлтан Бөрі һам Даболының ауылын шабұп, Даболыны ұстап алып, Бөрінің үш қатұнын, он алты бала һам ғиры қатұн, еркек адамларын алып кетті. Андан Жиделі диган жерге бардұқ, шол иерде балықшылардан хабар алдық. Бұ балықшыларға Бөрі төре қонып кеткен, ирган сұлтан... Инскендірұғлы бірлан сұлтан Базар Сауқымұғлының иүз кіші бірлан Қаруылторға қоя беріп, түнде өзім бардұм. Мәзкүр Бөрі төре біз барған өзі бизга килді дүр. Әмақожа аумиұғлы бірлан Қосалбай диган соғышқан соң біздің қазақларымыз өлтүрді, аның иолдашлары Жанқожаға қарап қашып китті. Аның изіминан біз де иүрдік. Сұлтан Қарағай Бөрі төре ұғлыны бижан (жансыз) етті, һам ертеңгі күн Бозөзек һам Қараөзек диган жерде Жанқожаға жеттік. Мұнда соғыш болды. Шол шоғышта Жанқожа өлді. Біз анда Итжемес Жанқожа баласы, Жанмырза Ақмырза баласы, Қалыш Ақша баласы, Жаманбала Жауыр баласы һам Көбек Құштан баласы, Нысанбек Башықара баласы біраз адамлдары бірлан бір паре малларын алып ташұп киті. Сұлтан Базар һам сұлтан Ғадил Сауқым ұғланлары бірлан сұлтан ... (Жанмырза) Искендірұғлы, сұлтан Дулат Бошанұғлыны иүз кішіминан ибарып қудырдым. Әма біздің атларымыз арықлық сипаптан жетпеді әма харамилар (арамзалар) Хиуаға қитмасұн дип андын Кер деңізді жағалап иүріп, Дәуқара бірлан айланып келіп, 24-фебралда форт Первоскийге мағлұм болдым. 136 түйе, 11 жылқы, 216 сиыр, 2234 қой, бұ хисаптан біздің қазақтар тануп алдылар. Алтмыш түйе, 40 жылқы шол малларыны иесіне қайтарұп бердім, қалған малларын 1241 өлген аталарының төлеуіне бердім, мәзкүр алған маллар сондай арұқ болды, жүре алмаған бір пәр емаллар жолда қалды һам бір пәре маллар азық болды. Әма сұлтан Бөрі бізга килган соң биңа айтты: «патшаға тұғры қызмет етұп сізнің қол аштұнда тұрамыз» деп. Мұхамәдия закун бірлан ант үшін, бізні айнандұрған соң камыл инабт айтұп алып келіп, ол Османловский илан ғинарал һзіретіне мағлұм қылдым. Мәзкүр төре биным қармағұма тапшұрды. Әма Қоқан атрапынан бұл қазақларымыз тыныш истрахатшілік. Үшбуының хақында камиссие мәкамасы аңа хақдар айтып ғаскерия расулатына сұлтан Ермұқмет Қасымұғлы мөғрим бастым (ҚР ОММ, №4 қор, №1 тізбе, №3774 іс, 9-11-беттер; Арабшадан кирилл харпіне түсірген М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты қолжазба бөлімінің ғылыми қызметкері Елесбай Нұржұма). Орыстардың көрсетуінше, сексен үш, қазақтардың есептерінше сексен алты жасқа келіп отырған батырдан өкіметке де, оның үстіне Ермұхаммед Қасымовтың жеке басына да төніп тұрған қатер жоқ-тұғын. Құдай қылса қайтесің, бұдан былай сұлтан басқыншыларға құрдай жорғалап қана күн көреді. Сонда да сенімсіз, әкімшілік тарапынан қатаң бақылауда. Одан әрі өріс алып кетпес үшін Қызылқұм жаққа ошарыла көшіп кеткен көтеріліс басшыларының көздерін жойып, ошағын талқандау не болмаса әрі асырып тастау көтеріліс басылу бойына-ақ Орынбор әкімшілігінің бас ауруына айналды, күн тәртібінде тұрды. В.А.Перовский бірден-ақ орыс әскерін, атты казактарды аттандыру жағында, бұл – шығын. Қазақтарға қазақтардың өздерін салса, қаржы жағынан тиімді, саяси жағынан да ұтымды. Бұндай шаруаға кім лайық дегенде ең алдымен көзге Ермұхаммед Қасымов ілініп басшылар арасында талқыға түскен болатын. Орынбор шекара комиссиясының төрағасы губернаторға Жанқожа өлтірілместен үш жыл бұрын 1857 жылдың қаңтарында былай деп жазады: «А от посылки противу Джан-Ходжи Нурмухамедова и султана Бури, являющихся главными зачинщиками волнения – султана Илекия Касымова я не ожидаю пользы, во-первых, что едва ли Касымов имеет достаточно влияния над подведомственными ему, чтобы заставить их действовать враждебно противу Джан-Ходжи, во-вторых, потому что не считаю его как киргиза и потом весьма степного, способным к исполнению таких мер, какие предписаны ему г. Осмоловским» (ЦГА РК, ф.4, оп. 1, д. 2791, стр. 8). Тағы бір мінездемеде былай деп көрсетіледі: «Султан Елекей Касымов не обладает ни особою проницательностью ума, ни тою препримчивостью характера, которой при подобных обстоятельствах могла бы нанес­ти вред правительственным предприятиям, действия его, как при подчинении своем Хиве, так и желание передаться то на сторону бухарцев, то на сторону русских, показывают сильное легкомыслие, слабость и нерешительность. Поэтому и появление его снова в наших пределах на умы киргизов как потомка ханов, к которым киргизы питают уважение, не может произвести вредного влияния» (ЦГА РК, ф. 4, оп №1, д. №3622, стр. 30-31) деп жазды орыс шенеуніктерінің бірі. Мұрағаттарда хаттаулы мағлұматтар мен зерттеушілердің пікірлерін байыптап, өзімен қоян-қолтық қызметтес болған замандастарының көрсетулерін саралар болсақ, Ермұхаммед Қасымов отаршылардың қолындағы қолшоқпарға айналған шөре-шөре сұлтан болған сияқты. Бұл сұлтанның арпалыспен өткен өмір жолы барған сайын іри берген хандық тарихтың қасіретті бір парағы. Молдахмет Қаназ, жазушы

Серіктес жаңалықтары