Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды

Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды

Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығының президенті болып сайланды
ашық дереккөзі
Altyn Qyran Foundation қайырымдылық қорының президенті Исламбек Салжанов Ұлттық спорт қауымдастығы президенті болып сайланды деп хабарлады turkystan.kz. Бұл туралы Исламбек Салжанов әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
«Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен Ұлттық спорт қауымдастығы құрылтайшыларының жалпы жиналысы өтті. Қауымдастықтың соңғы үш жарым жылдағы жұмысы жайлы есеп беріліп, жаңа жарғысы қабылданды. Дауыс беру нәтижесінде қабылданған тағы бір шешім – Ұлттық спорт қауымдастығы президентін қайта сайлау. Қауымдастық президенті қызметіне мені ұсынып, сенім артқандары үшін құрылтайшыларға ризашылық білдіремін. Бұл – қоғамдық негіздегі, артар жүгі мол, жауапкершілігі зор жұмыс», - деп жазды ол.
Бақдәулет Сәбитов пен Рауан Кенжеханұлы қауымдастық президентінің орынбасары болып сайланды.
«Ұлттық спорт – халықтың рухын көтеріп, баршаға ортақ құндылықтарды қалыптастыратын, отаншыл және мемлекетшіл сана-сезімді күшейтуге ықпал ететін маңызды сала. Оның статусы – мемлекеттің абыройы. Біз ұлттық спортты дамытуға көңіл бөлу арқылы елдік рух пен бірлікті күшейтеміз. Мемлекеттің халықаралық беделін көтереміз. Ұлттық ат спортын модернизациялау мақсатында «Ұлы Дала Жорығы» марафон-бәйгесіне жан-жақты қолдау көрсетеміз. Болашақта ұлттық спорт жарыстарына тікелей трансляция жасауды жолға қою қажет. Одан бөлек, спорттық инфрақұрылымдар салу, отандық тренерлер мен судьяларды дайындау, балалар спортын дамыту сияқты көптеген мәселелер бар», - деді Исламбек Салжанов.
Айта кетейік, «Ұлы Дала Жорығы» – тұңғыш жалпыреспубликалық ат марафоны. Марафон еліміздің 6 өңірін (Нұр-Сұлтан қаласы, Ақмола, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан облыстары) қамтиды. Іс-шара Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен, The Great Steppe Tour, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорларының ұйымдастыруымен өтеді.