
«Інім, екі балам бар. Осылай өмір сүріп жатырмын. 90 мың теңге зейнетақы аламын. Жалғыз өзім пәтер жалдап тұрып жатырмын. Үлкен ұлым Қостанайда анасымен бірге тұрады. Біреуі осы жақта. Әскерден келген соң, 19 жасымда үйлендім. Сол кезде бір аяғымнан айырылған едім. Соған қарамастан басында бәрі жақсы болды. Торғай облысы Арқалық қаласында тұрдық. Балалы болдық. Ал қазір жағдай басқа. Осылай күнімді көшеде өткіземін. Сөйлесетін ешкімім қалмады. Өмірдегі ең үлкен өкінішім – отбасымнан ажырап қалғаным. Қазір солармен тыныш өмір сүретін едім», – дейді жасы елуге келген Санат ағай.

«Асыраушым жоқ. Денсаулығым жарамайды, мына балаға тамақ керек, ешкімнен кем қылғым келмейді. Мектепке барады. Жұмысқа денсаулығым жарамайды. Неше түрлі адамдар бар. «Аяқ-қолыңыз бүтін. Неге жұмыс істемейсіз?» дейді. Балам түрмеге 5 жылға кетті. Қамалғаннан кейін артынан бардым, сол жақта тұрмақшы болдым. Туысқандарым көмектеседі. Бірақ әркімнің өз отбасы, проблемасы бар. Қашанғы көмектессін. Жолдасыммен ажырасып кеттік. Көрсетпегенді көрсетті. Құрылыста жұмыс істейді, ішеді. Бізге түк пайдасы жоқ, үйдің берекесін қашырды. Оның жүріп-тұруына мен ақша тауып беруім керек. Балаға теріс тәрбие береді. Қыз баланың тағдыры қиын ғой. Мешітке шығамын. Қарапайым халық бұйырғанын береді, көмектеседі. Үйіңе әкеліп береді. Туыстарым, балам бұлай жүргенімді білмейді, намыстанады», – дейді Ақнұр.Кейіпкеріміз кейбіреулер, әсіресе жас қыздар бұл істі кәсіпке айналдырып алғанын да жасырмады. «Жас қыздарды көремін. Күйеуі бар. Өзіміздің қазақ қыздары. Балалары бар. Жас қой, жұмысқа жарайды. 20-дан енді асқан қыздар осы жерде жүреді. Кәсіпке айналдырып алған. Мен осы уақытқа дейін жұмыс істедім. Қазір денсаулық жарамаған соң амалсыздан отырмын. Дәрімен жүрмін. Алдымыз қыс. Мына бала мектепке барады. Түрмедегі балама киім керек. Жақсы адамдар да бар. Мұңайып отырғанда бір келіншек келіп, «Қандай дәрі ішесіз?» деп сұрады. Бүкіл дәрімді алып берді. Үйге әкеліп те көмектесіп тұрады. Оның да күйеуі жоқ екен. Енді балам түрмеден шықса, ел қатарлы күн кешеміз деген үмітім бар», – дейді кейіпкеріміз.


«Күйеуімнің бұрыннан бір аяғы қысқалау еді. Құрылыста кірпіш құлап, қазір жатып қалды, денсаулығы жоқ. Қайын атам да үйде. Ол кісіге де қарауым керек. Мына кішкентай ұлым сөйлемейді. Екі бауырым бар. Біреуі жүйке ауруымен ауырады, анаммен бірге тұрады. Ал сіңлім менімен тұрады, кафеде жұмыс істейді. Кішкентай кезімізде әкеміз тастап кетті. Таразда тұрғанбыз. Бұл жерге ештеңе болмай қалғанда амалсыздан келемін. Адамдар тиын-тебен береді. Білім алсам, бұлай жүрмес едім. Кезінде оған әке-шешемнің жағдайы болмады. Басында ренжіп, кінәлайтынмын. Қазір балаларым оқып, білім алып, ел қатарлы азамат болса екен деп армандаймын», – дейді Айгерім.Ең бастысы, кейіпкеріміздің үміті үзілмеген, алдағы күннен жақсылық күтеді. Соған қуандық. Жас болса да, нәзік иығына түскен ауыртпалықты көтере білген табандылығына сүйсініп, амандық, бақыт тілеп қоштастық. Түйін: Қазір әлем елдері қайыршылықпен күресіп келеді. Ал біз қалай күресеміз? Көшеде алақан жайған азаматтарымыздың санын қалай азайта аламыз? Жұмыла көтерген жүк жеңіл емес пе?!.
Фото: автор