Депутаттар Тінікеевтің депутаттық өкілеттік мерзімін тоқтатуға дауыс берді

Депутаттар ҚР Мәжілісінің жалпы отырысы кезінде Мұхтар Тінікеевтің өтінішін қанағаттандырды.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 52-бабы 5-тармағына, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 24-бабы 3 және 8-тармақтарына сәйкес Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мұхтар Бәкірұлы Тінікеевтің орнынан түсуіне байланысты оның өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуға әкелетін негіздер туындады деп белгіленсін.
  2. Қоса беріліп отырған ұсыным Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне енгізілсін.

ОСК төрағасының міндетін уақытша атқарушы Владимир Фоос», – деп оқыды ҚР ОСК мүшесі Марат Сәрсенбаев отырыс барысында.

Кеше Мұхтар Тінікеев өкілеттік мерзімін тоқтату туралы өтініш берген болатын. Кейін Қазақстан Парламентінің ресми сайты Желіде даулы видео пайда болғаннан кейін өкілеттік мерзімін тоқтату туралы өтініш берген депутат Мұхтар Тінікеевтің мәлімдемесінің мәтінін жариялады.

Еске салайық, таяуда Мұхтар Тінікеев жайлы даулы видео Желіде жария болған еді. 20 желтоқсанда таралған видеода Мәжіліс депутаты басқа бір депутатпен дөрекі сөйлесіп, шапалақпен ұрады. Роликте былапыт сөздер айтылады.

Тінікеевтің өзі бастапқыда бұл видеоның екі жыл бұрын әзіл екенін мәлімдеген, алайда Tengrinews.kz тілшісі оқиғаның 2016 жылдың желтоқсан айының ортасында болғанын анықтады.

Кейін Мұхтар Тінікеевтің жүрегі сыр беріп, ауруханаға түскен болатын.
27 желтоқсанда жазылған мәлімдеменің мәтіні:

«Құрметті әріптестер, партияластар, сайлаушылар! Сіздерге неліктен мәлімдеме жасап отырғаным белгілі шығар. Қоғам назарын аударған видеоматериал бойынша түсіндіруді және жасаған шешімім жайлы айтуды борышым деп есептеймін. Оқиғаның өзі жеке бас сипатындағы мәселе, сондықтан оның мән-жайын айтпаймын.

Кәсіби қызметіммен байланысы жоқ жағдайлардағы қате әрекетім болғаны үшін барлық сайлаушыдан, барлық қазақстандықтан кешірім сұраймын. Оқиға демалыс күні, жұмыстан тыс уақытта болғанына қарамастан, бұл мені депутат ретінде, «Нұр Отан» партиясының мүшесі ретінде жауапкершіліктен босатпайды.

Сондықтан мен ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты ретіндегі өкілеттік мерзімімді тоқтату туралы өтініш бердім, мұндай шешімді жасау оңайға соқпағанын жасырмаймын. Отанға, Қазақстан халқына, Парламент қабырғасында партияға ұзақ уақыт бойы жасаған қызметім жасампаз еңбек деп есептеймін.

Әріптестерім – депутаттар мен партияластарымды жерге қаратқанымды білемін. Бұл оқиға үшін өкінемін және кешірім сұраймын. Бұл маған үлкен сабақ. БАҚ өкілдеріне де айтқым келеді. Біз сіздермен әрдайым конструктив жұмыс істедік. Сіздерден сұхбаттан қашқан емеспін, әрдайым өз әрекетім үшін жауап бердім. Сондықтан, Сіздер де, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, шын көңіліммен өкінішімді білдіргенімді қабыл алыңыздар. Бұрынғыдай Президентке, еліме және халқыма қызмет етуге өмірімді арнауға дайынмын. Түсінгендеріңізге рақмет». 

Back to top button