Мұхтар ШЕРІМ, сатирик қаламгер: Күлкіден қуат, әзілден шуақ аламын

Мұхтар ШЕРІМ, сатирик қаламгер: Күлкіден қуат, әзілден шуақ аламын

Мұхтар ШЕРІМ, сатирик қаламгер: Күлкіден қуат, әзілден шуақ аламын
ашық дереккөзі
Әр саланың сирек мамандары бо­лады, әдебиетте де солай – сати­рик­тер аз. Оған табиғи икем ғана емес, ше­берлік, батылдық керек. Қоғамдағы ке­леңсіз көріністер мен адам бойындағы жа­ғымсыз әдеттерді сынап-мінеп, әжуа­лай отырып кемшіліктен арылтуды көз­дей­тін сатира жанрының жауынгерлері ха­лыққа қашанда сүйкімді. Алайда бүгін­гі сатираның халықтың көңілінен шыға бермейтін жері көп. Сондықтан сатираға ар­налған бірнеше жүлденің жеңімпазы, бел­гілі қаламгер Мұхтар Шеріммен әңгі­ме­мізде көптің көкейінде жүрген көп­те­ген мәселелерге қатысты сауалдарға жауап іздеген едік. – Мұхтар Шерім мырза, сіздің «ті­лі­нің тікенегі бар» сатирик-жазушы еке­ніңізді қара танитын қазақ баласының бәрі біледі деп ойлаймын. Жұрттың сө­зіне сенсек, «миының сол жақ бөлігі қат­ты жұмыс істейтін» өзіңіздей жа­зушы­лар сирек көрінеді. Керілген кө­ке­лерге, шытынаған шенеуніктерге ұнай бер­мейтініңіз де белгілі. Осы жанрда жа­зуға не түрткі болды, қашан бас­та­дыңыз? – «Миымның сол жақ бөлігін қағазға орап алып, дәрігерге тексертіп көрмеппін» де­ген әзілден бастайын. Әзілге әзір тұра­ты­ным да рас. Сегізінші класта оқып жүргенде «Ұр тоқпағым, ұр!», «Тоғыз тоңқылдақ, бір шің­кілдек» ертегілерін еміп, Алдар көсемен аман­дасып, Қожанасырмен құшақтасып, Таз­ша баламен асық ойнап өстім. Ертегілер күл­діргі еді, тақырыптарына да таң қалып, сон­дай бір әзіл ертегі де жазғым келіп, жа­тарда Қожанасыр атамның әзілдерін бас алмай оқитынмын. Жұртты таңғалдырғым келді. Бала қиял қияларды шарықтап, «Не жаз­сам екен? Не жазсам екен?» деп өзіме-өзім сыбырлайын десем, құлағыма аузым жет­пей, желкемді қасумен біраз жүріп қал­дым. Біздің ауылға Әлима деген есі ауысқан, біртүрлі, егде әйел келіп-кетіп жүретін. Бір күні соның кейпіне келіп, анамның көйлегін киіп, орамалын тартып, қолыма қоржын ұс­тап, көршіміз Зебершенің үйіне жетіп ба­райын. Әйелі мен енесі шәй ішіп отыр екен. Со­дан айттым ғой: «Зеберше оңбаған адам, мені әйелдікке аламын деді де, келмей қой­ды. Зеберше қайда? Айтпай ма, әйелінің ба­рын?» дедім бетімді орамалмен бүркей түсіп. Әртіс болғым келгені ғой. Даусымды да жіңіш­кертіп, бұзыңқырап айтып отырып, қор­қып та кеттім. Қазір Зебершенің әйелі та­нып қойып, «Ойнайтын адамды тапқан екен­сің!» деп қуып шықса қайтемін? Жооқ, олай болмады, тымырайып отырды екеуі. «Зебершені жақсы көріп қалдым, келіп кетсін!» дедім де, үйден шығып кеттім. Сол күні кешке көрші жаққа қарасам, Зеберше кө­кем әйелін үй айналдыра қуалап жүр. Алға­шында қуаласпақ ойнап жүр екен деп қал­дым. Сөйтсем, екеуі ұрысып қалыпты. Әкем марқұм бір тоқтыны сойып, көршіні үйге шақырды. «Тентек кемпір рөлін ойнаған менің балам!» деді. Екеуі де сенбеді. Сосын, кемпір киімін киініп келіп едім, езулеріне күл­кі үйіріліп, Зеберше көкемнің әйелі бе­тім­нен сүйді. Мәз болдым. Не керек, ертеңіне «Әлиманың әлегі» деген әзіл әңгіме жаздым. Астына, жақшаның ішіне (Әзіл әңгіме) деп жазып та қойдым. «Авиа» деген конвертке жазғанымды салып, жиегін тіліммен жалап жабыстырғым келген, желімі кеуіп қалған ба, онша жабыспады. Сосын, анамның нан пісіру­ге ашытып қойған қамырынан алып, кере­мет желімдедім. Аудандық «Алғабас» газе­тінің мекенжайын жазып, бір шетіне: «Гүл­денген әлем, Мұхтардан сәлем!» деп жаз­ғаныма өкініп те қалдым. Мұндайды біздің кластағы балалар ұнатқан қыздарына хат жазғанда пайдаланатын еді. Мен редакцияға жазып қойдым ғой! Конверт біреу ғана еді, амал жоқ, пошта жәшігіне салып жібердім. Бір күні үйге келетін «Алғабас» газетінің соң­ғы бетін қарасам, «Әлиманың әлегін» кө­ріп, гуу етіп, бірден аспанға ұшып кеткен­дей болдым. Қалықтап жүрмін, жерге түсетін ойым да жоқ. Қайта-қайта оқимын, бір жерін де өзгертпепті! Астындағы «Мұхтар Шері­мов» (ол кезде «овпын») деген аты-жөнімді көріп, секіріп билеп жүрмін ғой. «Аяғыңа тікен кіріп кетті ме, неге секіріп жүрсің?» дей­ді анам Бейсенкүл. Газетті көрсеттім. «Сен жаздың ба?» деп сұрады. «Ия, мен жаздым, мен, мен!» деймін айқайлап. Айқайлағаным жақ­сы болыпты, ертеңіне «Айқайлай береді» де­ген әзіл жазып тастадым. Сол, сол екен, ш­а­бытым шарықтап, кәдімгідей қалықтап, ой не бір әзілдерді жаза бастадым. Бірақ өзі­ме қатты ұнайды, енді бала қиялдан туған шығармаларым солғын да болуы мүмкін ғой, аудандық газет редакторы, белгілі қаламгер Еркінбек Тұрысов ағам кешіріммен қарап, бірінен соң бірін жариялап тұрды. Сөйтіп, са­тирик жазушы болып қалыптасуыма тен­тек кемпір көп әсер еткен еді. – Өзіңіз қоғамда болып жатқан ке­леңсіздікті сатира найзасымен түйреп, ше­неуніктерді іреп, сойып, сынап жа­тасыз. Ал өзіңізді сынағандар болды ма? Сыни көзқарасқа қалай қарайсыз? – Ақиып, қақиып қарамаймын. Өзіме шақ теріме сыймай, ісіп-кеуіп жүрген де емес­пін, терім жыртылып кетер деп қор­қа­мын. (Әзіл ғой, інім.) Қазақ мемлекеттік уни­верситеті Журналистика факультетінің екін­ші курсында оқып жүргенімде жас жазу­шылардың «Жібек жел» топтамасына менің де әзілдерім енді. Бұл жолы Байқоңырдан ра­кета болып ұшып кеткендеймін. Сол ұш­қан­нан ұшып, айға да қонғандаймын. Неге дей­сің бе? Екінші «кітабым» шықты. Кітабым де­генде, менің кітабым емес, Бақыт Сарбалаев деген кісінің «Қызыл алма» атты сын кіта­бында аты-жөнім жүр! Аямай сынапты. Ар­қам­нан да қақпаған. «Мына Мыжбан-Тыж­бан­дары еш күлдірмейді, сендірмейді, сатира жазуды қоя салғаны дұрыс-ау!» деген сарында тоқпақтапты. Сенесің бе, түк те рен­жімедім. Қайта, қуаныштан жарылып кете жаздадым. Кешір, інім, кім оқуда жүріп сы­налып жатыр? Кімнің аты-жөні сын­шы­ның кітабында жүр? Газетте болса мейлі, кітап­та ғой, кітапта! Демек, мен елендім! «Мей­лі, сынасын, мен оған сатираның кө­ке­сін көрсетемін!» деймін ішімнен. Курстас ағам Елгезек Әзбергеновке (марқұм) көр­сеттім. «Мұндайға қуанғаның не? Қайта жы­лау керек қой?» деді ағам жымиып. Сосын, «Түсіндім, әлі жассың ғой, ширайсың. Тә­жіри­бе жинақтайсың. Тек алға, інім!» деді ар­қам­нан қағып. Бақыт Сарбалаевқа рақмет, сы­нағаны үшін. Мақтай салғанда қайтер едім? Тоқырап, тоқтап қалар ма едім? Сынның көкесі облыстық «Оңтүстік Қа­зақ­стан» газетінің «Қақпан» сын-сықақ бұры­шын басқарып жүргенімде болды. Түр­кістан қаласындағы балабақша мең­геру­шісінің жемқорлығы туралы «Алақаным қыши береді» деген фельетон жарияладым. Ол кезде сатира, фельетондар көп оқылатын. Га­зетке сыналып шыққандар қызметтерімен де қоштасып жататын. Бір күні сотқа ша­қырды мені. «Не болып қалды екен?» деп дег­бірімді дірілдетіп, жетіп барайын. Сот ал­дында отырған әйел кейіпкерім фелье­тонымды сынап, быт-шытын шығарды. «Жа­за алмайды» екенмін. Оның алақаны қы­шымайды екен. «Апай, бұл образ ғой, сти­ль ғой, гротеск қой» деп түсіндірсем, тілін шай­нап сөйлеп, дес берер емес. «Гротеск де­ген грек­ті танымаймын!» дейтінін қай­тер­сің? Ке­шірім сұрамай, шығып кеттім. Міне, осын­дай да, сын астына қалғаным бар. – Өзі сатира жазып, жұртқа таныл­ма­са да, осы жанрды зерттеген, сөйтіп ар­тында «Сатира – күштілер қаруы» де­ген сөз қалдырған Темірбек Қожакеев айт­пақшы, бұл жанрда жазатын қазақ қа­ламгерлері расымен де «жүрегінде түгі барлар» ма? Олардың жазғандары ха­лыққа несімен сүйкімді? Сондай-ақ өз­дерін халықтан жоғарымыз дей­тіндерге несімен сүйкімсіз? – Шынында, сатира – күштілер қаруы. Бұл жанрға кез келген адам қалам тартып, са­тира сарайына бас сұға алмайды. Сатира са­райын сығалап, жалақтап жүретін сати­рик­сымақтардың қолында снайпер емес, әшейін, жас балалардың торғай ататын ро­гаткісі бар. Біреудің мінін айтып, шал­қа­сы­нан түсіремін деп, өздері шалқасынан тү­сіп жатады. Ал сөздері мірдің оғындай, мық­ты деген сатириктердің жазғандары ха­лыққа, қалың жұртқа ұнайтын себебі олар­дың көкейінде жүрген қыжылды дөп баса алады. Олар айта алмай жүрген, айт­қысы келсе де, шындықтың ауылына қайта алмай жүргендердің жүректеріне жол тауып, қорамсаққа қол салып, қол салғанда мол са­лып, сын садағын кере тартады. Күлкі, ащы ке­лемеж нысанасына дөп тиіп жатса, «Әп, бәре­келді!» деген оқырман риза болып қала­ды. Жылауық өлеңдерден гөрі, осындай ой­мақтай ойлы, күлкі шақыратын сатираларды жұрт іздеп оқиды. Қазір жастардың да, жа­са­мыстардың да қолдарында қолақпандай Айекең – айфон, Смекең – смартфон. Көшеде кеңкелес сияқты күліп жүретіндері де, ав­то­буста отырса, ұялы телефондарын жұ­тып қоярдай, үңілетіндері де бар, тіпті, толғатып жат­қан келіншек те айфонын аймалап жа­та­тын сияқты. Жылауық нәрестеге ұялы те­лефон бере қойсаң, сап тыйлады. Қазіргі заман осындай. Жұрт ұялы телефондары ар­қылы бір мезгіл көңіл көтеріп, күлкі із­дейді. Әлеуметтік желілер арқылы шағын әзіл-сықақтарды оқиды. Күлкіге көметін бей­небаяндарды тамашалайды. Ал жоғарыда отырған шенеуніктерге несімен сүйкімсіз? Олар сатирадан өлердей қорқады. Өзін-өзі танып, тыпыршиды. Достарына, туыстарына, жалпақ жұртқа талтақ немесе қалтақ болып, масқара болғысы келмейді. Оған өзімнің ба­сымнан өткен мына мысалды айтқым ке­ліп отыр. Тәуелсіздіктің жемісін көріп, Шым­кентте «Барыс» газетін аштым, бас редакторы болдым. Басылымда өткір сын мақалалар, әсі­ресе аудандық соттардың быламық бы­лық­тары, әділетсіз шешімдері жиі жария­ла­нып жатты. Бір күні облыстық соттың төра­ғасы (кейін істі болып кетті) ка­бинетіне шақыртты. Бірден түсіндім, үр­кітіп, қорқытпақ оймен шақырды. Барсам, кең кабинетінде соттың ығай-сығайлары тізіліп отыр екен. Есіктен кірдім де, «Ассалау­мағалейкум, сот мырзалар! Сіздердің ал­дарыңызда сатирик-жазушы Мұхтар Шерім! Шығармашылық кешіме жиналған­дарыңызға көп рахмет! Қазіргі орындай­тыным – «Ішім пысты...» сатирам. Бір атақты мил­лионердің іші пысып, көшеде келе жат­қан бір кісінің құйрығынан бір теуіпті. Анау жалт қарап: «Жындысың ба?» деп сұрайды. «Жоқ, миллионермін. Жәй, ішім пысты. Теп­кенім үшін, бір миллион теңге бере са­лайын!» дейді. Сөйтіп, ақшасын береді. Анау байғұс талып қала жаздапты. «Светке, газға қарыз едім, несием де бар еді, жақсы болды ғой!» деп кемсеңдеп жылапты. Сөйтсе, кезекке тұрғандар көп екен. Бәрін бір-бір теуіп, қолдарына ақша ұстатыпты. Бір кезде полицей жетіп келіпті. «Оңбаған! Бұзақылы­ғың үшін қамап қоямын!» дегенде, миллио­нер ішінің пысқанын, тепкені үшін мил­лион­дар беретінін айтады. Сол екен, полицей де еңкейе қалыпты. Оны да бір тебеді. Ақ­шаны санап алған бейшара тағы еңкейіп жа­тыр дейді. Кешікпей, сот келеді... Облыс­тық сот төрағасы...» дегенімде, соттың көз­дері шарасынан шыға жаздады. Өзге әріп­тестері қипақтап, күлейін десе бастық­тарынан қорқып, қыбыр-қыбыр, жыбыр-жыбыр, сыбыр-сыбыр бола қалды. «Содан, сот төрағасы: «Мен сені соттатып жіберемін! Бұл не масқара?» депті. Мән-жайды түсінген соң тойымсыз сот төрағасы да үш рет ең­кейіп, майлы құйрығынан тепкізіп алыпты. Ал осымен бүгінгі кездесуіміз аяқталды. Хош, сау болыңыздар!» дедім де, асықпай есікті ашып, кабинеттен шығып кеттім. Рас айта­мын, еш қоспасы жоқ. Редакцияға кел­ген соң өзімнің де таң қалғаным бар. «Арқам» бар ма, білмеймін. Солай істедім. Соттардан еш қорықпадым. «Мынау бізді келемеждеп отыр ғой!» деп пәле жаба ма деген ой санамнан да сы­ғаламады. «Мен олардың аты-жөндерін ата­м­­адым ғой? Бұл сатира!» деймін ішімнен. – Кезінде тілінен у сорғалаған Асқар Тоқ­мағамбетов, Оспанхан Әубәкіров, Үм­бетбай Уайдин, Сейіт Кенжеахметов, Көпен Әмірбектен кейін солардың дең­гейінде халыққа танылған өзіңіз секілді сатириктер аз. Жоқ десе де болғандай. Бұл неліктен? Халыққа сатира керек емес пе, әлде, бұл жақтың шаруасын «квн­щиктер» мен қаптаған әзіл-оспақ театрларына беріп қойдыңыздар ма? – «Сатира қайтыс болып кетті...» деп қайғырып, «көңіл айтып» жатқандар бар. Бір жағынан көңілің босап, еңіреп жылағың, әлдекімнен «Неге сатира жоқ?» деп сұрағың, ештеңе айтпаса, құлағыңды жауып құлағың келіп кетеді екен. Өзім кезінде Оспанханнан бата алған бақытты адаммын. Ал бүгінде сатириктер санаулы ғана. Жас сатириктер жоқ десек те болады. Жастардың көбі жылауық өлең жазып кетті. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, шеттерінен ақын. Шөп те, шыбын-шіркей де өлең. Әсіресе, ажырасқан келіншектер «тағдырым» деп өлеңдеткенде, көз жастары көл, көңілдері нөл болады. Сатира жаза­тын­дар жоқ. Бар болғанның өзінде, жиі көрін­бей­ді. Тас тиіп кетер ме дегендей бұғып оты­ра береді. Белсенділігі аз. Расында, сатира жазу оңай шаруа емес қой. Оған тарыдай бол­са да, талант керек, шабыт керек, білім ке­рек. Сатириктер көшет емес, есіктің ал­ды­на егіп қоя салатын. Сондықтан болар, әзіл-сықақ театрының кей жетекшілері әртіс екен­дерін ұмытып, бірді-екілі авторлық қойы­лымдарын алға тартып, өздерін сати­рик­пін деп қояды. Ақтөбеде Нұрлыбек Жұбатқан бар. Са­ти­рик әрі әртіс. Міне, оның сатирикпін деп жа­зуға моральдық құқысы бар. Сатираларын жұрт сүйсініп оқиды. Бірақ сирек жазады. Ша­масы, «Екі езу» театрынан қолы тимесе ке­рек. Шенеуніктерді шымшылап «шеміш­кеше» шағатын, сатираға адаспай жол та­батын Үміт Зұлқарова қарындасым кейінгі кез­де мүлде көрінбей кетті. «Үрит, соқ!» деген кі­табымен танылған ақтөбелік Ардақ Қо­нақ­баева да «тығылып» қалды. Жақсы жа­затын. «Квнщиктер» мен қаптаған театрлар күл­кіні күлге, әзілді әрдеңеге айналдырды. Рас, арасында уытты сатира айтып қоя­тын­дары бар. Алайда айтқандары мен орын­да­ған­дары ауыз толтырмайды, түкіріп тастай саласың. Дөрекі анекдоттармен «қаруланып», көрерменді күлдіріп әлек. Қазіргі көрер­мен­нің өресі де өгізаяң болып кеткен бе деп қа­ла­мын, не болса соған тырқылдап, ыңқыл­дап, дірілдеп күліп жатқандары... Бір кездері бұл үрдіс те тоқтайды. Нағыз сатира келе жа­тыр! – Баяғыда халық көңілінен шыққан әзіл­дерге риза болып, ал әзілді келістіре алмай жат­қандардың бейшаралығына мысқылмен күлетін еді. Ал қазір дөрекі әзілдерге ішек-сілесі қататын болыпты. Бұл талғамның таяздап кеткені ме, әлде қазақы қалжың деген жарықтықтың демі таусылып, біржола «иті жоқ ауылға» көшіп кетті ме? – Жаңа айтып кеттім, әуесқой әртістер дө­рекі анекдоттармен қаруланып, жұртты күл­діріп әлек. Бұл мәселеге кеңінен тоқталып өтейін. Расында, дөрекі әзілдер өте күлкілі ке­леді. Сол дөрекілігімен күлкілі. Дөрекі же­рін алып тастасаңыз, әлсіз, солғын болып, басы салбыраған баладай немесе мөңірей бер­ген танадай болып қалады. Мұндай әзіл­дерді достар арасында, моншада отырғанда, сыралатып жүргенде айтуға болар. Ал көп­шілік алдында, сахнада орындау әбестік, өйт­кені көрермен жасы әртүрлі. Жас бала да, аяу­лы ана да, ақсақал да отыр. Өзің айт­қан­дай, ішек-сілесі қатып, сандарын шапаттап күлетіндердің өресі төмен деп тағы да қай­талап айтамын. Әсіресе, қазіргі жастардың дені – дені дұрыс емес әзілдерге масқара күледі. Бәріне күл шашып отырған жоқпын, әрине. Кітап оқымаған, өнегелі сөздерді көңіліне тоқымаған, атыс-шабыс, кекс-секс киноларды көріп өскен жастар әзілдің ма­ғынасына бойлай бермейді. Дөрекі «при­кол­дарды» қабылдайды. Кезінде «Тамаша» әзіл-сықақ театры қандай еді? Құдайберген Сұлтанбаев, Тоқсын Құлыбеков, Мейірман Нұре­кеевтер әдемі әзілдің, қазақы қалжың­ның түбін түсіретін. Қандай нәрсе болсын, ас­тарлап жеткізетін. Қазіргі жастар сол «Та­ма­шаға» тамсанбайды. Езу де тартпайды. Неге? Түсінбейді. Түсіне алмайды... – Бұрын да, қазір де қазақ сати­рик­терінің адамның атын келемеждеп не сөзді ойнатып, сонымен халықты күл­діремін дейтін арзандау тәсіл бар. Ал сөз­ді емес, оқиғаны ойнататын, сол ар­қылы жазғандары өзге тілге ауда­рыл­ғанда бар қуатымен жететін Әзиз Несин сияқты атақты сатириктердің тәсілі бізде тым аз сияқты. Оған не дейсіз? Әлде біздің сатириктер бұл жанрды жеңіл-желпі күлкі шақыратын нәрсе деп ойлай ма? – Біздің менталитеттің бөлек екені бел­гілі. Әзиз Несиннің оқиғаны ойнатуы кере­мет. «Әйтеннің күйеуі» сияқты дүниелері оңай тәржімаланады. «Әйтеннің күйеуін» оқы­саң, кедей отбасынан шыққан Метин бей атақты миллионердің қызы Әйтенге үй­ленгені сол, азан шақырып қойған аты өшіп, жұрт оны «Әйтеннің күйеуі келе жа­тыр, Әйтенннің күйеуіне сәлем!» дегендерін қоймайды. Сосын ол профессор атанса да, «Әй­теннің күйеуіне сөз береміз!» деп мас­қара­сын шығарады. Ақырында, ажырасады. Сол екен, «Әйтеннің бұрынғы күйеуі келе жа­тыр!» деген сөзді естіп, өлгісі келді. «Әйтен­нің енесі» атанған анасы: «Сен өлсең, Әйтен­нің күйеуі өліп қалыпты!» деген сөзге қаласың деп ақыл айтады. Ғажап сюжет емес пе? Несиннің де барлық әзілдері шедевр емес. Қуығы ұстамай, дәретхана іздеген кейіп­керін қабылдай алмадым. Дегенмен дөрекі оқиғаның өзіне әлеуметтік астар беретіні бар. Ілмиген арық шал көшеде келе жатыр. Сұлу бір келіншек «үйге кіріңіз!» дейді. Шал ойлайды, «Ее, қайыршыны аяп, нан бергісі келген ғой». Келіншек «шешініңіз» дейді. Шал ойлайды, «Ее, кір киімімді жуып бер­гісі келген ғой...» деп. Келіншек керіліп, «Бар киіміңізді шешіңіз, ата!» дегенде, «Ее, ын­дыны қураған болды ғой, менің шамам келер ме?» деп қайғырады. Дөрекілеу сюжет қой. Ойың он саққа кетеді. Бірақ бай ке­ліншек балаларын шақырып: «Тамақ ішпе­сеңдер, дәл осындай арық боласыңдар, ата, сізге рахмет!» дегенде барып әлеуметтік тең­сіздіктің астарына аунап түсесіз. Оқиға ой­нату деген осы. Біздің сатириктердің кей­бірі оқиға ойната білмейді. Ал, сатира ге­нера­лы Оспанхан Әубәкіровте оқиға ойнату да, сөз ойнату да бар. Бір ғана «Дігідік, ді–гі–дік!» әңгімесін еске түсіріңіз. Сосын ой­лай­мын, сөз ойнатып, әзіл жазған да дұрыс. Ол арзан тәсіл емес. Біздің халық сөзге шешен бол­ғанымен, сатира тілінде сөз ойнату екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сосын, «ше­телге аударылмаса, одан әрі!» дейтіндер де бар. Қазақ еліне сатирасы жетіп жатса, соның өзі бақыт! Өз басым оқиғаны да, орайы келсе, сөзді де ойнатып, құтыртып, секір­тіп, кекіртіп, осып, ойып жазғанды жа­ным қалайды. – Бұрынғы сатириктер қоғамдағы ке­леңсіз құбылыстарды тап басып, шыбын жанын шырқыратып жазатын. Ал қазір әкім-қараларды сынаса ғана қы­бымыз қанып, теріміз жайылып қа­лады. Халықтың өз бойында да сынауға болатын теріс әдеттер болады емес пе? Бүгінгі қазақ сатирасы қазақтың бойындағы небір дарақылықты жет­кілікті түрде іреп-сойып жатыр ма? – Әрине, от басы, ошақ қасы төңірегінде титықтап, тайғанақтап, етпетіңнен түсіп, жатып алуға болмайды. Арасында әкімдерді де, міні болса, «тұмсығынан бір періп, құла­тып, сұлатып» қойған дұрыс. Бірақ әлеу­мет­тік желіні қарасаң, диванда отырып алып, әкім біткенді сынап, пиар жинайтындар көп. Блогерлер әкімдерді бопсалап, ақша тапқысы келеді. Президентті сынағандар айға қарай ұшып, бастарын соғып алып жатыр. Өздерін мықты, керемет санайды. Орынды сын болса мейлі ғой. Ал сатирада салмақтыдан гөрі, қаңбақты сатиралар басым. Көз дүрбімен ай­­налаға қарасаң, толып жатқан оқиға­лар­дан көз сүрінеді. Тақырып деген теңіз! Рахат. Қалағаныңды жаз! Таңдап жаз. Рас айтасың, ха­лық арасындағы келеңсіз оқиғалар, кем­шіліктер «Мұхтар, мені жазшы, мені жазшы!» деп шақырып тұрады. Жақында «Қазақтың тойы қатқанский!» деген сатиралық өлең жаздым. Міне: Кеше кешке, Бәрі есте, Тойға бардым, Басымды ұрып, Көзімді жұмып, Ойға қалдым. Бір еркек, Өзінше ертек, Бұтына банан қыстырды, Көтеріп қойып, ышқырды, Келіншек кенет, Банан «жегісі» кеп, Ой, Аллай, ышқынды! – «Қатқанский той!» Ой, ой, ой! – деп біреу ысқырды. Сосын қыз бен жігіт, Мәдениетті іліп, Тақастырып шарды, Тақ еткізіп жарды, Ұялғаным-ай, Ұмытқан ба арды? Бір келіншек келіп, Маған қолын беріп: – Ағай, билейік, давай! – Билей алмаймын, ойбай! – Ой, «тормыз!» – деп билеп кетті, Ана тілін осылай Илеп кетті... Бір қарасам, Билегендер көп санасам, Біреуі – ұшайын деп жүр, Екіншісі – құсайын деп жүр, Үшіншісі – дария кешті. Төртіншісі – шалбарын шешті. Бір қыз жата қалды, Биге шақырып, ақсақалды. Семіз әйел ысқырды, Жегендей болдым, қышқылды... Бір бойжеткен, Анайы еді, ой неткен, Тарсылдап, тақылдап өкшесі, Өзі емес, билеп жатты бөксесі! Анау жынды сияқты, Билегені талтаң-талтаң. Кетіп қалдым тойдан, Апам да, мен де аң-таң! Міне, осылай халық арасындағы кем­ші­ліктерді де сынап жазатыным бар. – Бұрынғы басылымдарда сатира­лық бұрыштар көп еді. Қазір жоқ десе де болғандай. Ал сіз сатираларыңызды кө­біне әлеуметтік желіге саласыз. Мұ­ның себебі не? – Қысқа ғана қайырайын. «Қазақ әде­бие­тіне» сирек шығып тұратыным рас. Өйткені әлеу­меттік желіден бәрі оқиды. Тіпті, он мың­нан аса тұрақты оқырманым бар. Мұ­ның өзі керемет бақыт емес пе? Әрі пікір жа­зады. – Бүгінге дейін не жазып, не сызып қойдыңыз? Әлеуметтік желіні шолып қарасам, күнде жазатын сияқтысыз... – Иә, күнде тамақ ішем деген сияқты, күн­де жазамын. «Талтайып тұрғым келеді», «Ымбаппа», «Кешіріңіз, сіз есек емессіз!», «Быт-шытыңызды шығарамын!» атты төрт томдығым мен «Құдағи құшақтай береді», «Қуғандар мен қашқандар», «Бюрократпен қоштасу» кітаптарымнан кейін он жылдан аса «декретке» шығып кетіп едім. Осы жа­қында ғана «Наурыз» баспасынан «Ештеңенің керегі жоқ», «Біз ұялмаймыз!» атты екі кіта­бым жарық көрді. «Әкеме әйел керек», «Мас­қара махаббат», «Супер сүмелек» атты кино ко­медияларым сөреде жатыр. Ал оқыр­мандарымның реакциясына келсек, желідегі жазбаларымды мақтап жатады. «Нөмірі бірінші сатириксіз!», «Классик екенің рас» деген мақтауларды салқын қабылдаймын. Қартайған соң ба, маған маңызды емес. Маңыздысы – сатираға ғашықпын. – Рахмет, Мұхтар аға! Астары терең әзілдеріңіз көбейе берсін!

Сұхбаттасқан Ахмет ӨМІРЗАҚ