Оралда кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Оралда кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Оралда кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін
ашық дереккөзі
Орал қаласында кәсіпкерді өлтіргендер өмір бойына бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Батыс Қазақстан облысы Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жанболат Жаншин мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz Halyq Uni-не сілтеме жасап.
«Кәсіпкерге бірнеше жерінен пышақ сұққан, ол жарақат салдарынан жедел жәрдем келгенше сол жерде көз жұмды. Осы қылмыс жасалған сәттен бастап Батыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің жеке құрамы түгел жұмылдырылып, күдіктілерді құрықтау үшін кең көлемде іздестіру жұмыстары жүргізілді. Жақын жерде орналасқан барлық бау-бақша, саяжай тексерілді. 2022 жылдың 8 тамызы сағат 10:30 шамасында Орал қаласы Көктем саяжайында осы қылмысты жасаған күдіктілер – 1991 жылы туған және 2001 жылы туған екі азамат құрықталып, қазір Полиция департаментіне жеткізілді, – деді Жанболат Жаншин.
Оның айтуынша, аталған қылмыс Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігіне («адам өлтіру») бойынша қайта сараланды. Бұл бап бойынша 20 жылдан бастап өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Іс ішкі істер министрінің бақылауына алынған. Қылмыс болған жердегі барлық видеокамераны қарап, сараптама жасалды. Қылмыскерлердің қай жаққа кеткені түсінікті болды. Қызметкерлердің көпшілігі олар барған саяжайға жұмылдырылды. Күдіктілер қызметкерлерді көрген кезде қашты, алайда қарсылық көрсеткен жоқ»,- деді ол.
Еске сала кетсек, 2022 жылдың 6 тамызында сағат 19.55 шамасында Махамбет көшесіндегі 15 ғимаратта кәсіпкер адам қолынан өлген еді. Аса ауыр қылмыс жасаған 1991 жылы туған Қожантаев Руслан Фархатұлы, 2001 жылы туған Амангелді Тұрлан Сырлыбайұлына іздеу жарияланды. Полиция таратқан суретте күдіктілердің бірі сақалды болды. Артынан сақалын қырып тастады деп сақалсыз бейнесі таратылды. Бақылау камераларына олардың кафе ішінде кәсіпкерді өлтірген сәті, көшеге қашып шыққан сәті түсіп қалған. Видеолар әлеуметтік желілер арқылы тарап кетті.