845
Іздеушісі жоқ болса, ақын жетім
Іздеушісі жоқ болса, ақын жетім

Кеңестік кезеңде, қай салада болса да, профессионалдарға басымдық берілді. Сондықтан болар, ел арасында әжептәуір ән шығарып, өлең жазып жүретін – композиторлық, ақындық қабілеті барларды «әуесқой композитор», «әуесқой ақын» деп атайтын. Мұның өзі «қабілеті әлсіз», «оқымаған» деген сияқты түсінілетін. Сондықтан «әуесқой композиторлардың» әндері радиодан беріле бермейтін, «әуесқой ақындардың» өлеңдері аудандық, облыстық газеттерге ара-тұра басылғаны болмаса, республикалық әдеби газет-журналдарға жарияланбайтын. Осындай жағдайда өмір сүрген талай «самородоктардың» таланттары ауыл-аудан деңгейінде қалып, олардың жазған-сызғандары кітап болып шықпаған соң қалың көпшілікке танылмай, уақыт өте келе ұмытылып кетіп жататын.
Өнерге өміріңді арнамасаң, жетістікке жете алмайсың деп жатады, бірақ елдің бәрі ауылын, өскен ортасын, ата-анасын тастап бір күнде Алматы қайдасың деп тартып кете бермейді ғой. Әркімнің басында әртүрлі жағдай бар: біреудің қалаға барып паналайтын танысы жоқ, біреудің шаһарға келіп пәтер жалдап тұруға жағдайы жоқ, тағы біреу ата-анасының жалғыз баласы дегендей... Міне, осындай себептен талай таланттың жанбай жатып сөнгені анық. Ал өмірін өлеңге арнадым деп Алматыда қанша жыл пәтер жағалап қаңғырып, ақыр-соңы шаршап еліне қайтқандардың есебі жоқ. Тіпті, ұзақ жыл кеудесін кернеген шабыттың қалауымен қалада өмірі өтіп, саз, сөз өнерінде елеулі із қалдырғанымен бүгінге келіп ұмытылғаны қаншама?!
Бала кезімізде ақын-жазушылардың бәрі Алматыда туып, сонда өскендей көрінетін. Мықты ақын-жазушылардың бәрі сол қалада тұратын секілді еді. Ал шын мәнінде, қазақтың әдебиет пен мәдениет саласындағы тұлғалардың түгелге жуығы шалғайдағы қазақ ауылдарынан шыққанын кейін білдік қой.
Оқушы кезімізде кітапты көп оқыдық. Сонда кітапқа шығармасы кірген ақын-жазушылардың бәрін түгел қазақ білетіндей сезілетін. Ал шын мәнінде солай ма?
Өткен ғасырдың 80-жылдары жас ақындардың өлеңдері топтастырылған «Көктем тынысы» деген кітап қолыма түсіп, сонда кілең бірінен бірі өткен ақындардың өлеңдерін оқығанда, қазақта талантты ақындар көп екен ғой деп таң қалғанмын. Кейін сол кітапқа өлеңдері кірген ақындардың талайының кітабын оқыдық, кейбірін одан кейін таба алмай жүрдік.
Сол «Көктем тынысына» жырлары кірген екі ақынға әлі жаным ашиды. Біреуі — Еділ Демеқұлов, екіншісі — Темірхан Әліханов. Еділ Демеқұловтың менің жерлесім екенін кейіннен білдім (Қарақалпақстанның Тақтакөпір ауданында дүниеге келген). Ана кітаптағы өлеңдері сұмдық екпінді еді. Үлкен ақын болатын кейіп танытқан. Бірақ заңгерлік білімі бар ағамыз одан кейін әдебиетпен беріле айналыспаған секілді. Тек өткен ғасырдың соңына таман оның «Сағынышты сәруәр шақ» атты жұқалтаң ғана өлеңдер жинағы қолыма түсті. Одан басқа кітабын көрмедім. Өмірінің соңғы жылдарында Ақмола облысында газетте жұмыс істепті. Іздестіріп көргенімізбен ақыннан қалған әдеби мұра әзірше қолымызға тиген жоқ.
Ал Темірхан Әліханов ағамыз Өзбекстанда туған екен. Алматыда білім алған, кейін еліне қайтып сол жақта тұрды. Өлеңдерінің бір-екі рет Ташкенттен шығатын «Нұрлы жол» атты қазақша газетке басылғанын көрдім. Одан кейін ұзақ хабарсыз кетті. Жақында телефонын тауып хабарластым, Түркістан облысына көшіп келген екен, Шымкенттен алысырақ бір ауылдың мешітінде имамдық қызметте екен. Атажұртына келген соң демеушілердің көмегімен екі кітабы аз таралыммен жарық көріпті. Бірақ оның өзі қалың оқырман қауымға жетпегендіктен Әліхановтың ақындығы туралы жалпы қазақ біле бермейді.
Мен айтып отырған екі кісі де кезінде әдеби қабілетін танытқан, әдебиетпен біраз айналысып болашағынан үміт күттірген адамдар. Ал жазғандарын еш жерге республикалық әдеби басылымдарға жариялата алмай, қаламынан шыққан туындылардың басы бірігіп бір мұқабаның ішіне топтасып тұрғанын көре алмай арманда кеткен қаламгерлер қанша...
Мен 1989-1994 жылдар арасында Әжінияз атындағы Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының филология факультетінде оқыдым. Сол тұста өлең өнеріне біржола бет бұрдым. Бағымызға орай біз азамат болып қалыптасар тұста «Қайта құру» атты үдеріс басталып, әр ұлт өз әдебиеті мен мәдениетіне қатысты мәселелерді көтеріп біраз алға ілгерілеу болды. Мәселен, 1991 жылы қазақ тілінде Ташкентте «Достық туы», 1992 жылы Нөкісте «Достық үні» атты атты газеттер шығып, Өзбекстан көлемінде қазақтар тұратын барлық жерде Қазақ ұлттық мәдени орталықтары ашылып үлкен бір серпіліс болды. Мен өзі 1994-2002 жылдар аралығында «Достық үні» газетінде, кейін ол «Өркен» журналына айналғанда сонда қызмет атқардым. Сол кезде ғана мен туған жерде қаншама тұншығып жатқан қазақ қаламгерлері бар екенін көрдім. Солардың өлеңдері мен прозалық шығармалары аталған газеттерге басылып жататын. Тек өкініштісі сол, солардың біразы бүгінде қатарымызда жоқ, кейбірі бір-екі кітап шығаруға үлгірді, біреулерінің кітабы қайтыс болғаннан кейін шықты, ал енді біреулерінің шығармалары әлі кітап болып шыққан жоқ.
Мәселен, сол кезде қазақ, өзбек, қарақалпақ басылымдарында бірталай өлеңдері жарияланған, туған ауылымда менімен бір мектепте жұмыс істеп математика, информатика пәндерінен сабақ берген Жалғасбай Шайқұсов (Шайқыісләм) ағамыздың кітабы әлі шықпай жатыр, өлеңдері менде сақтаулы. Институтта бізге сабақ берген белгілі тілші ғалым, жазушы Еркебай Мергенбаевтың тірі кезінде қарақалпақ тілінде «Сезімден алысу» атты шағын прозалық кітабы шықса да, одан кейін бірде бір әдеби шығармалары баспасөз бетін көрмеді. Ал бұлардың туындылары кезінде «Қазақстан мұғалімі», «Лениншіл жас» сынды мерзімді баспасөз беттерінде жарияланған. Ал Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы мектепте ұзақ жыл ұстаздық қызмет атқарған ақын Мусағали Бижановтың жыр кітабын 2019 жылы шығаруға көмектестік. Бала-шағасы өз ақшасына шығартты. Бұлардан басқа марқұм боп кеткен қанша адамдардың кітабы шықпай жатыр әлі... Мысалы, кезінде ҚазМУ-дың (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) филология факультетін бітірген, ұзақ жылдар бойы Нөкістегі жоғары оқу орындарындағы филология факультетінде дәріс берген Төлеген Айбергенов шығармашылығы бойынша ең алғаш кандидаттық диссертация қорғаған ақын, ғалым Рахмет Аяпбергенұлының 3 томдық шығармалар жинағын дайындағаныммен оны қалай шығарарымды білмей отырмын. Бұл бір ғана өзім туып-өскен жерден шыққан қаламгерлер жайындағы сөз. Ал күллі қазаққа келсек ондайлар тіптен көп.
«Іздеушісі жоқ сөз – жетім» дейді халқымыз. Егер белгілі сыншы Зейнолла Серікқалиев айналыспаса, 60-жылдардың талантты ақындарының бірі Өмірзақ Қожамұратовтың кітаптары шығар ма еді, сол сияқты марқұм Табылды Досым қолға алмаса тағдыры қиындықта өткен ақын Сағат Әбдуғалиевтің жинағы жарық көрер ме еді? Бұндай мысал біздің әдебиетімізде көп. Сондықтан тірілердің алдындағы парызымызды бір сәт те ұмытпай жүрген дұрыс. Қабырғалы елі бар ақындар іздеушісіз қалмауға тиіс. Ұлттың ұлылығы да әдебиеті мен мәдениеті үшін тер төгіп өткен перзенттерін ұмытпай, лайықты бағалауында болса керек.