Кемедегі 24 адамды құтқарған азаматтар марапатталды

Кемедегі 24 адамды құтқарған азаматтар марапатталды

Кемедегі 24 адамды құтқарған азаматтар марапатталды
ашық дереккөзі
Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданындағы Бұқтырма су қоймасында 24 адамды құтқарып қалған төрт азамат марапатталды деп хабарлады turkystan.kz. Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметі бойынша, сын сағатта батыл әрекет еткен Асқар Сайлаубаев, Дәулет Сайлаубеков, Дамир Мұхамадиев пен Сұлтан Тайжанов марапатталды. Оларға Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен «Суға батқандарды құтқарғаны үшін» медалі және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің Құрмет грамотасы табыс етілді. Оқиға 17 шілдеде Бұқтырма су қоймасының бойындағы «Аюда» демалыс базасынан үш шақырым жерде болған. Жолаушылар тасымалдайтын кеме қатты желдің салдарынан суға бата бастаған. Кеме «Садко» демалыс базасынан «Аюда» базасына қарай келе жатқан. Сол кезде скутермен келе жатқан 4 жігіт кемені байқап, көмекке ұмтылды.
«Ойланатын уақыт болған жоқ. Дереу жетіп, бірнешеуіне жилет бердік. Көптен бөлектеніп қалған 2 адамды қайтадан сол жерге жеткізіп тастадық. Қасымдағы жігіттер суға секіріп, сонда қалды да мен скутермен кеме алып келуге кеттім», – деді Асқар Сайлаубаев ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. 
Бейбіт күннің батырларына марапаттарды облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Ерлан Нұрпейісов табыс етті.
«Жағдайды бағалауға уақыт болмаған осындай қиын сәтте сіздер дұрыс әрі жедел әрекет еттіңіздер. Осылайша, батылдық пен батырлықтарыңызды көрсеттіңіздер. Соның арқасында көптеген адам құтқарылды», – деді Е.Нұрпейісов.