Путиннің жыл сайынғы баспасөз конференциясы 23 желтоқсанда өтеді

Ресей президенті Владимир Путиннің жыл сайынғы баспасөз конференциясы 23 желтоқсанға белгіленді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков хабарлады.

Оның айтуынша, бейсенбіде Ресейдің Түркиядағы елшісі Андрей Карловты жерлеу рәсімі өтетіндіктен, президент дәстүрлі брифингті бір күнге шегеру туралы шешім қабылдаған.

19 желтоқсанда қастандықпен өлтірілген Андрей Карловтың денесі Анкарадан Мәскеуге жеткізілді.

Сейсенбі күні Анкараға ресейлік мамандар келді, олар кісі өлтіру қылмысын тергеуге қатысады. Түрік билігінің хабарлауынша, дипломатты атып өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Мевлют Алтынташтың алты туысқаны күдікті ретінде ұсталған. Алтынташтың өзі арнайы операция кезінде өлтірілді.

Анкара мен Мәскеу дипломат Андрей Карловты өлтіру арқылы екі елдің енді ғана жақсарып келе жатқан қарым-қатынасына сызат түсіргісі келген деп есептейді.

Back to top button