Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі артқан

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі артқан

Елордада тұрмыстық зорлық-зомбылық дерегі артқан
ашық дереккөзі
Елордада жыл басынан бері 2 мыңнан аса тұрмыстық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Оның 100-ден астамына қылмыстық іс қозғалған, 314 әйел шағымын қайта алған деп хабарлады turkystan.kz astanatv.kz сайтына сілтеме жасап. Құқық қорғаушылардың айтуынша, бұрын «102» нөміріне күнделікті 20-30 адам хабарласса, карантин басталғалы 50-ге жуықтапты. Қоңырау шалатындардың дені отбасындағы жанжалдарға шағымданады екен. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың зардабын шегіп жүргендер аз емес. Мамандарды алаңдатып отырғаны да осы. Мәселен, Алматыдағы бір ғана дағдарыс орталығын қазір 38 адам паналауда. Олардың барлығы отбасылық дау-дамайдың құрбандары.
«Біздің дағдарыс орталығымыз 5 жылдан бері жұмыс істейді. Бізге келіп, есін жинап, қосымша курс оқып жатады. Олармен психолог мамандар жұмыс істейді», - деді Дағдарыс орталығының директоры Зульфия Байсақова.
Елордада жағдай мәз емес. Карантин кезінде отбасындағы қылмыс 50 пайызға көбейген. Зәбір көрген әйелдердің 90 пайызын ішімдік ішкен күйеулері сабаған. Мұндай отбасыларды полиция арнайы есепке алады.
«Жұмыстар жалғасуда. Құқық қорғау органдары айналысып жатыр. Қамауға соттың шешімімен алынады. 3 сағаттан 24 сағатқа дейін  әкімшілік қамаққа ала аламыз», - деді Есіл ауданы полиция басқармасының бөлім бастығы Ерлан ТОЙЫМБАЕВ.
Айта кетсек, қазір Парламент депутаттары отбасылық құндылықтарды нығайту бойынша заң жобасын қарап жатыр.