276
Ортақ түркі оқулығы түркі елдерінде мектеп бағдарламасына кіреді
Ортақ түркі оқулығы түркі елдерінде мектеп бағдарламасына кіреді
Бұл туралы бүгін Түркі академиясында өткен жиында айтылды. Түркі академиясы халықаралық ұйымы (TWESCO) Астанада түркітілдес мемлекеттер Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай ұйымның соңғы жылдарда атқарған жұмыстарын қорытындылап, жиын өткізген болатын.
Академия кітапханасында өткен басқосуға көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлері, елшілер, дипломаттар мен танымал ғалымдар қатысты.
Жиынды ашқан TWESCO басшысы Дархан Қыдырәлі Қазақстанмен қатар биыл Әзербайжан, Қырғызстан және өзге де түркі мемлекеттері егемендіктерінің 25 жылдығын атап өткеніне тоқталып, олардың ширек ғасырдағы жетістіктері жайлы айтты.
Сонымен қатар, Академия басшысы ұйымның соңғы жылдары атқарған іс-шаралары жөнінде кеңінен баяндады. Мысалы, биыл TWESCO жеке дара және басқа халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жалпы саны 70-ке жуық ауқымды шара өткізген. Бұл іс-шаралардың географиясы да кең: АҚШ, Әзербайжан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Ресей Федерациясы, Түркия және Үндістан. Ғылыми жобалар аясында әзірлеп басқан Ортақ Түркі тарихы оқулығы Түркі кеңесіне мүше мемлекеттердің құзырлы мекемелерінде мақұлданып, жаңа оқу жылында мектеп бағдарламасына енетін болды. Бүгінде арнайы жұмыс тобы Ортақ Түркі әдебиеті мен Ортақ Түркі географиясының концепцияларын дайындап, Түркі кеңесіне мақұлдауға жіберді.
Бұдан бөлек, Түркі академиясы биылғы жылы 56 кітап әзірлеп басты. Ал Түркі музейі 246 жаңа экспонатпен толықты. Музей қоры негізінен, биыл жазда Моңғолияға жасаған «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін» атты халықаралық экспедиция жәдігерлерімен толыққан.
Кездесу аясында, сонымен қатар, мемлекет және қоғам қайраткері Мырзатай Жолдасбеков, Түркі Кеңесі ақсақалдар кеңесінің мүшесі Әділ Ахметов, ҚР ҰҒА академигі Болат Көмеков арнайы баяндама жасады. Олар дербес Түркі мемлекеттерін Тәуелсіздіктерінің 25 жылдығымен құттықтап, Түркі елдерінің сындарлы да маңызды кезеңнен өтіп, сенімді даму жолына түскені жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды.
Жиын барысындағы тағы бір маңызды шараны айта кеткен жөн. Түркі академиясы Түркі интеграциясының дамуына қызмет етіп жүрген екі дипломатты арнайы медальдармен марапаттады.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Бағдат Әміреев Түркі әлемінің дамуына және ынтымақтастығына қосқан өлшеусіз үлесі үшін, ал Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы, Қырғыз Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Сухээ Жагир Түркі әлемі және Моңғолия арасындағы ынтымақтастықтың нығаюына қосқан өлшеусіз үлесі үшін Академияның арнайы медальдарымен марапатталды. Сухээ Жагирдің таза қазақша сөйлеп, еліміз тәуелсіздігін құттықтауы басқосуға жиналған қонақтарды сүйсіндірді.
Марапат иелері Академия басшысы Дархан Қыдырәлі мен ұйым ұжымына шынайы алғыстарын білдірді.
Анықтама
Бағдат Құлтайұлы Әміреев — 1959 жылы Қазақтанда дүниеге келген Төтенше және өкілетті елші. Қазақстанның арнайы өкілі, ҚР премьер-министрінің кеңесшісі. Түрлі жылдары Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясындағы, Оман, Бахрейн, Кувейт, БАӘ елдеріндегі, Египет Араб Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған. Сондай-ақ, Сирия Араб Республикасындағы, Марокко Корольдігіндегі, Ливиядағы Төтенше және өкілетті елшісі міндетін қоса атқарды. 2008-2010 жылдарда Қазақстанның Түркия Республикасындағы елшісі болған Бағдат Құлтайұлы 2011 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Иран Ислам Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарып келеді. «Құрмет» орденінің иегері.
Сухээ Жагир — 1959 жылы Моңғолияда дүниеге келген. 1985 жылдан бастап Моңғолияның Сыртқы істер министрлігінде түрлі қызметтер атқарып келеді. Моңғолияның Азия және Америка департаментінде, БҰҰ-дағы Тұрақты өкілдігінде хатшы, атташе болған. Моңғолияның Қытайдағы, Корея Республикасындағы елшіліктерінде жауапты лауазымда қызмет еткен. 2013 жылғы шілде айынан бері Моңғолияның Қазақстан Республикасындағы, Қырғыз Республикасындағы және Тәжікстан Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі.