Шомылу маусымының басталуына байланысты елордада энтеровирустық инфекцияның маусымдық өсуі байқалады деп хабарлады turkystan.kz.
Бұл туралы елорданың бас санитар дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді.
Атап айтқанда, соңғы екі аптада Нұр-Сұлтан қаласы бойынша сырқаттанушылық деңгейі 2,6 есе өскен.
"Жалпы, жыл басынан бері 453 адам ауырды, оның 52%-ы немесе 234 жағдай жазғы кезеңге келеді. Балалар, сондай-ақ, иммун тапшылығы бар немесе басқа сырқат түрлерінен әлсіреген адамдар бұл инфекцияға көбірек бейім. Жыл басынан бері тіркелген барлық жағдайлардың 98% немесе 443-і - 14 жасқа дейінгі балалар. Қазіргі уақытта 63 бала ем алып жатыр", – деп атап өтті ведомство басшысы.
Қаланың бас санитары оған себеп – эпидемиялық маусымда балалар арасында энтеровирустық инфекцияның көп таралуының негізгі себебі, су қоймаларында, бассейндер мен субұрқақтарда шомылу екендігін атады.
Астаналық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті эпидемиологиялық маусымда мамырдан қыркүйекке дейін зертханалық зерттеулерге су сынамаларын ала отырып, субұрқақтардың су сапасына санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргіземіз деп отыр.
"Зертханалық зерттеулер нәтижелері бойынша сәйкессіздіктер анықталды: атап айтқанда, лайлылық бойынша рұқсат етілген мәннің 1,04 - 1,4 есе артуы, Есіл және Сарыарқа аудандарында орналасқан санитариялық-химиялық көрсеткіштер бойынша фонтан кешендерінің суында (ҚазМұнайГаз ауданындағы «Каскад» фонтаны, «Водно-зеленый бульвар», Сарыарқа ауданы аппараты ғимаратының алдында), фонтан кешендері бойынша сәйкессіздік І. Есенберлин көшесінде орналасқан «Жастар» театры алдындағы, Абай-Жеңіс даңғылдарының қиылысында, Жеңіс-Кенесары даңғылдарының қиылысында, Әуезов-Дүкенұлы көшелерінің қиылысында, Сарыарқа ауданы әкімшілігінің алдында орналасқан су бұрқақтарында анықталды", – деді Сархат Бейсенова.
Сондай-ақ Абай және Жеңіс даңғылдарының қиылысында орналасқан субұрқақта вирусологиялық көрсеткіштер бойынша энтеровирус РНҚ-сы анықталды.
Осы жайттарды назарға ала отырып, елорданың Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарға балалардың денсаулығын сақтау бойынша барлық шараларды қабылдау және олардың өміріне қауіп төндіретін барлық жағдайлардың алдын алу қажеттігін ескертті.