«Алтын Орда» базарындағы былықтардың беті ашылды

«Алтын Орда» базарында сауда орындарын жоғары бағада жалға берген. Бұл туралы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі өкілі мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Ведомство мәліметінше, Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС қызметін тексеру нәтижесі бойынша базарға қатысты әкімшілік іс қозғалған.

«Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС бұйрығына сәйкес, сауда орнын күнделікті жалға алу бағасы жүк көлігіне 15 мың теңге, MAN, КАМАЗ автокөліктеріне 7-ден 8 мың теңгеге дейін, Sprinter 6 мыңнан 7 мың теңгеге дейін, Газельдер 5 мың теңге, жеңіл автокөліктерге 3,5 мың теңге болған» делінген хабарламада.

Сондай-ақ,  көтерме-әмбебап базарда сауда орындарын ұсыну қызметтері нарығындағы бәсекелестік ортаның былтырғы жай-күйіне талдау жүргізілген.

«Монополияны 100 пайыз акциясы бар Altyn Orda QazTrade Ltd ЖШС иеленіп отырғаны анықталды. Осы базардың маңызы және сауда орындарының жоғары бағалары азық-түлік бағасының көтерілуіне әкелетінін ескеріп, базардың іс-әрекеттерінде үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану бойынша бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманы бұзу деректері анықталды», – деді монополияға қарсы қызметкерлер.

Тексеріс қорытындысы бойынша, мамырда Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғалған. Материалдар Алматы облысының Қарасай мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданған.

Айта кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ақпанда әкімдерге «Алтын Орда» базарында тәртіп орнатуды тапсырған еді.

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button