«45 жылдан соң қауышқаныма қуаныштымын» – Асқар Ақаев

«45 жылдан соң қауышқаныма қуаныштымын» – Асқар Ақаев

«45 жылдан соң қауышқаныма қуаныштымын» – Асқар Ақаев
ашық дереккөзі
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қырғыз Республикасының тұңғыш Президенті, профессор Асқар Ақаев дәріс оқыды деп хабарлады turkystan.kz. Білім ордасына арнайы келген көрнекті ғалым алдымен қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған кітап және сурет көрмесін тамашалап, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты. Академик Асқар Ақаевтың «Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісіне қоғам қайраткерлері, ҰҒА академиктері, қаламгерлер, БАҚ өкілдері, оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері қатысты. ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы шақыртуды қабыл алып келген мейманға алғысын білдіріп, оның ғылымға қосқан үлесі жайлы сөз қозғады.
«Асқар Ақайұлы – өте білімді, ерекше тұлға. Тәжірибелі ғалым ретінде  Қырғызстанда есептеу оптоэлектроника және голография бойынша Қырғыз ғылыми мектебін құрды. Аталмыш орталықтан көптеген ғалымдар мен докторлар шықты. Осылайша профессор әлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талдау мен болжаудың ғылыми мектебін қалыптастырды. Ресей, АҚШ, Жапония және Еуропаның жетекші ғалымдарымен бірге терең зерттеулер жүргізді. 400-ден астам ғылыми мақала мен 15 кітаптың авторы», – деді университет ректоры.
 width= Академик Асқар Ақаев білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғыс  білдіре отырып,  ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын толқыныспен жеткізді. «Мен мұнда 45 жылдан соң қайта қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рақмет. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Биік табыстарға көптеген жоғары оқу орындары өте ұзақ жолдан өтіп жетеді.  Бұл – жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі», – деді профессор. Дәріс барысында Асқар Ақайұлы «Демографиялық ауысу» ұғымына кеңінен анықтама берді. Сонымен қатар әлем елдері тарихындағы демографиялық өзгерістер, оның себептері мен салдары туралы айтып берді.
Көрнекті ғалым «ХХ ғасырда Жер шарындағы халық саны 4 есеге, ал әлемдік жалпы ішкі өнім 20 есеге өсті. Демографиялық ауысу елеулі ғылыми-техникалық прогреспен, мәдениет пен білімнің өрлеуімен, сондай-ақ халықтың көп бөлігінің ауылдардан қалаға көшуімен қатар жүрді. Ал ХХ ғасырдың басы көптеген ғылыми-инновациялық жобалармен ерекшеленді. Олардың ішінде атом энергетикасы, кванттық электроника және лазерлік технологиялар, электронды есептеу машиналары мен ғаламдық спутниктер бар. Қазір – цифрлық технологияның заманы», – деген тұжырымдарымен бөлісті.
Дәрістен кейін Жансейіт Түймебаев академик Асқар Ақаевқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық унверситетінің «Құрметті профессоры» атағын  табыстады. Шара соңында Асқар Ақаев ҚазҰУ-ді үздік бітірген докторанттарға салтанатты түрде дипломдарын табыстап, түлектерге сәт-сапар тіледі. Айта кетсек, 21 маусым күні Ө. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында  Асқар Ақаевтың «Цифрлық экономика» тақырыбындағы екінші көшбасшылық дәрісі өтеді.