Иран азаматтарына Қазақстанда 14 күн визасыз жүруге рұқсат беріледі

Иран азаматтарына Қазақстанда 14 күн визасыз жүруге рұқсат беріледі

Иран азаматтарына Қазақстанда 14 күн визасыз жүруге рұқсат беріледі
ашық дереккөзі

Қасым-Жомарт Тоқаев Тегеранға ресми сапары барысында Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді деп хабарлады turkystan.kz.

Салтанатты түрде қарсы алу рәсімінен кейінгі кездесу кезінде Тоқаев ресми сапармен келуге шақырғаны үшін Ибрахим Раисиге ризашылығын білдірді.

«Сіздің шақыруыңызды зор ризашылықпен қабылдадым. Президент ретінде Иран еліне алғаш рет келіп отырмын. Мен үшін бұл сапардың маңызы ерекше. Қазақта «Көрші ақысы – тәңір хақысы» деген сөз бар. Біз – көршімен әрқашан тату болған елміз. Иран – Каспий жағасындағы жақын көршіміз, сенімді серіктесіміз», – деді ел Президенті.

Мемлекет басшысы екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынас орнағанына биыл 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, осы кезең ішінде ынтымағымыз артып, достығымыз нығая түскен.

«Жан-жақты байланысымыз қарқынды дамып келе жатыр. Бұған өзара сенімге негізделген саяси диалогтың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Біздің үкіметаралық, парламентаралық және іскерлік кеңестеріміз бар. Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз кедергілерге қарамастан, жылдан-жылға артып келеді. Биылғы бірінші тоқсанда сауда-саттық 50 пайызға артты. Ендігі мақсат – осы қарқынды тоқтатпай, барынша көбейту», – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев осы сапарының аясында маңызды шешімін жариялауға ұйғарым жасағанын айтты.

«Біз Иран азаматтарының Қазақстанда 14 күн визасыз жүріп-тұруына рұқсат береміз. Бұл түрлі саладағы ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеді. Сондай-ақ, іскер топ өкілдерінің байланысын жандандырады. Барыс-келіске тың серпін беріп, туристердің көптеп келуіне ықпал етеді. Иран кәсіпкерлері осы жеңілдікті кеңінен қолданады деп сенемін", – деді Тоқаев.

Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раиси Қасым-Жомарт Тоқаевқа ілтипат көрсетіп, шақыруын қабыл алғаны үшін өз алғысын білдірді.