Қазақ мәдениеті туралы кітап жазған америкалық жазушы

Қазақ мәдениеті туралы кітап жазған америкалық жазушы

Қазақ мәдениеті туралы кітап жазған америкалық жазушы
ашық дереккөзі

Америкалық жазушы Эшли Ланина On a train in Kazakhstan (Қазақстанды пойыз­­бен шарлағанда) кітабын жазуға қа­­зақ мәдениеті түрткі болғанын айтады. Атырауда алты жыл тұрған ол қазақ мәде­ние­­тінің ерекшелігіне таң-тамаша болып, өзі­не қызық көрінген құбылыстар мен бұйым­дардың суретін салып, қағазға түр­тіп алған. Сол жазбалары бүгінде Гүлмира есім­ді қазақ қызының шытырман оқи­ға­лары баяндалған кітап болып басылып, Amazon-да сатылымға шықты. Қазақ­стан­ды пойызбен шарлағанды ұнататын, біз­дегі мединициналық қызмет көрсетудің бә­сі бәрінен биік екенін мойындаған Эш­лиге хабарласып, сұхбаттасқан едік. – Атырауға көшіп келгенге дейін Қа­зақ­стан туралы аз-кем мәлімет білетін бе едіңіз? – Жоқ, мүлде ештеңе білмейтінмін. Өзім Нью-Йорк штатына қарасты Friendship деп ата­латын шағын қалашықта қарапайым от­ба­сын­да туып-өскенмін. Онда тұрғындардың кө­бі ауыл шаруашылығымен айналысады. Ал мен бала күнімнен суретші болуды арман­да­дым. Сөйтіп, колледжге оқуға түстім. Сол жер­де Атырауда туып-өскен, ұлты орыс аза­мат­пен көңіл жарастырып, соңында екеуіміз от­басын құрып, шаңырақ көтердік. Бастап­қы­да Американың бірнеше қаласында тұрдық. Кейін күйеуім туған жерін, туыстарын сағын­ған соң Атырауға қоныс аударуды ұйғардық. Ба­сында онда екі жылға тұруға келіскен едім. Бірақ жылға жыл қосылып, арада қалайша алты жылдың зулап өте шыққанын сезбей қал­дым. Ал оған дейін күйеуім Қазақстанды қан­ша сипаттаса да, толығымен түсіне ал­май­тынмын. Күйеуімнің айтқанын жай ғана сөз ре­тінде қабылдап, көз алдыма ештеңе елес­темейтін. Дұрысы, Қазақстанды мың рет есті­ген­ше, бір рет көріп қайтқан жөн екен. Сол кез­де ғана ел туралы мол түсінік пайда бо­лады. – Гүлмира есімді қазақ қызы туралы хи­кая жазу идеясы қайдан туындады? – Атырауға көшіп барған соң екі жылдан кейін балаларға арналған кітап жазғым келді. Бірақ «кітапқа арқау болатын қызықты оқи­ға­ны қайдан аламын?» деп ойладым. Кейін ой­­­ланып қарасам, мен шетелде тұрып жа­тыр­мын. Маған бұл жерде бәрі таңсық. Оған қоса, қай­да барсам да, қазақ мәдениетіне ұшы­ра­са­мын. Бұл хикая жазуға керемет орта емей не­­­­мене?! Сөйтіп, бұған ден қойып, сюжет ой­лас­тыра бастадым. Кітаптағы басты кейіпкер Гүл­мира есімді қыз пойызда көп уақыт қала ал­майтынына қапа болады. Отбасымен бірге пойыз­ға мінген ол келесі күні Атырауға жетуге тиіс. Бірақ сол бір түннің ішінде Гүлмира түрлі шы­тырман оқиғаның куәсі болып, қызық жайт­ты бастан кешіреді. [caption id="attachment_184739" align="alignnone" width="2048"] width= On a train in Kazakhstan кітабынан көрініс[/caption] – Кітап қолымызға тимесе де, әлеу­мет­тік желідегі парақшаңызға жүктеген ви­деодан қазақтың мәдениеті мен тұр­мыс-салтынан хабар беретін, айшықты ил­люстрацияларға толы туындыны көріп, бір марқайып қалдық. – Әу баста «Қазақстанды қалайша әдемі си­пат­тасам болады?» деп бас қатырдым. Ай­на­лама ерекше назар аудара бастадым. Жалпы, бұл кітапты жазуға үш жылдай уақыт жұм­са­дым. Графикалық әңгімені қамтитын бұл кі­тап сырт көзге комикс секілді көрінуі ық­ти­мал, бірақ мұнда маңызды жайттар қамтылған. Қа­зақстанның ерекшелігін, пейзажын, салт-дәс­түрін және тағы басқа бұйымдарды оқыр­ман­ға осындай стильде таныстыруды жөн сана­дым. Шетелдіктерге бейтаныс елдің мәде­ние­тін визуалды түрде осылай айшықты етіп көр­сеткен дұрыс. Оның үстіне, мен бұл кітап­ты жазуды Қазақстанда тұрғанда қолға алдым. Бұл – мен үшін керемет уақыт. Атыраудан бө­лек, Ақтау, Алматы, Нұр-Сұлтан және тағы басқа қала­ларға бардым. Айта кетерлігі, мен пойызбен саяхаттағанды жақсы көремін. Аме­рикада онсыз да ұшақпен жиі ұшамыз. Ал пойыз­бен жүру маған әлдеқайда қызық көрі­нетін. – Сол үшін сюжет желісін пойызбен бай­­­­ланыстырып, кітаптың атауын On a train in Kazakhstan деп атадыңыз ба? – Иә. Гүлмираның да саяхаты пойыздан бас­талады. Көпшілігі маған «Пойыздан гөрі ұшақ­пен барғаның дұрыс-ау» дегенді жиі ай­та­тын. Мен ешкімге дес бермей, пойызбен жол жүр­гім келетінін айтып, үнемі солай қаты­най­тынмын. Екі қызыма да Қазақстанды пойыз­бен аралаған ұнады. Пойыздардың іші де, тө­сек-орын жабдығы да тап-таза. Барлығы жи­нақы, ұқыпты. Маған сонысы қатты ұнады. [caption id="attachment_184737" align="alignnone" width="2048"] width= On a train in Kazakhstan кітабынан көрініс[/caption] – Ал кейіпкерді неліктен Гүлмира деп ата­дыңыз? – Негізі, тізімде бірнеше қазақ есімі болды. Ай­тылуы оңай, әсіресе америкалықтар қи­нал­май атайтын болған соң таңдауым Гүлмира деген есімге түсті. Оған қоса, бұл – Қазақстанда көп таралған есім. Қазақстанда Гүлмира атты та­ныстарым жетерлік. Сол үшін осы есімді таң­дадым. Сөйтіп, көпшілік Қазақстанды Гүл­мира арқылы танып жатыр. Кейде айна­лам­да­ғылар Борат туралы сөз еткенде «Ол – қазақ емес, ағылшын. Оған емес, Гүлмираға көп на­зар аударыңыздаршы. Гүлмира – шынайы қа­зақи кейіпкер» деп айтамын. – Көздің жауын алатын иллюстра­ция­ларды суретші маманға салдыртқан бо­лар деп ойласам, қателесіппін. Бұл кітап­ты ешкімнің көмегінсіз бір өзіңіз басып шығарғаныңызға таң-тамаша болып отырмын. – Кітапты басынан аяғына дейін өзім әзір­ледім. Иллюстрациялардың түгелін өзім сал­дым. Десе де, кәсіби редакторлар үстінен бір қарап шықты. Қазақстанда жақын ара­лас­қан бес қазақ әйелге туындыны визуалды түр­де түзеп беруін өтіндім. Олардың «Мынау дұрыс, ал мынау дұрыс емес. Мынаны сәл өз­гер­ту керек» деп ақыл айтып, бір шолып шық­қа­нын қаладым. Өзге мәдениет туралы сөз қоз­ғаған соң сол ұлттан тарайтын азамат­тар­дың жазған-сызғаныңды тексеріп шыққаны дұрыс әрі өзің де сенімді жүресің. Атырауда тұр­ғанда қазақ достарым сыйлаған түрлі кәде­сый­ды, қызым мектепте өткен концертке ки­ген сәукелені, жиендеріме сыйлық ретінде ал­ған тақияларды, бәрін-бәрін кітапқа кірік­тір­дім. Мен оларды қазақтың қазыналары деп атай­мын. Сондай-ақ Қазақстанды аралаған кез­де өзіме қызық көрінген заттарды суретке тү­сіріп алатынмын. Сонымен қатар таңғал­дыр­ған деректерді бірден қағазға түртіп ала­тын едім. [caption id="attachment_184740" align="alignnone" width="2048"] width= On a train in Kazakhstan кітабынан көрініс[/caption] – Кейбір бұйымдарды суретке қарап салу оңай болғанымен, енді бірін қағаз бе­тіне түсіру қиын. Мысалы, кітапта са­лын­ған киіз үйді суретке қарап салу мүм­кін емес секілді. Оны арнайы зертте­ген боларсыз? – Иә, киіз үйді суретке қарап салу қиын еке­нін білемін. Атыраудағы жергілікті кітап­ха­на қызметкерлері киіз үйді сипаттайтын кітап тауып берді. Сол кітап арқылы киіз үйдің жабдықтарымен танысып, суретін саларда не­ні ескеру керек екенін ойыма түйдім. Бәл­кім, ол иллюстрация керемет болып шықпаған бо­лар, бірақ оны шынайы етіп салу үшін қо­лым­нан келгеннің барлығын жасадым. Ұмытып барамын, оқырмандар дәл осы сурет­ке көп жылы пікір айтты. Олардың көңілінен шыққанына қуаныштымын. Жалпы, кітаптың оқырман жүрегіне жол табуы үшін барымды салдым. Тіпті, әлеуметтік желідегі парақшама кі­тап туралы жүктеген видеома қазақ музы­ка­сын қолдандым. Кітапта домбыра, қазақ биі туралы да мәлімет қамтылған. Оқырман оны тек визуалды түрде көреді. Ал мұның қандай өнер екенін сезсін, білсін деген мақсатпен қа­зақ музыкасының «көмегіне» жүгіндім. Му­зыканы күні бойы сипаттауға болады, бірақ бір рет тыңдасаң, оның астарындағыны бір­ден түсінесің. Видеоны көрген, кітапты оқы­ған америкалық оқырмандар тек жақсы фид­бэк беріп жатыр. Соның ішінде Қазақ­стан­мен байланысы бар азаматтар бұл кітапты сүй­сініп оқитынын айтады. Айтпақшы, Аме­ри­када тұратын қазақ әйел бұл кітапты өз ұлы­на сатып әпергенін, оның кітапта өз есімін көр­генде қатты қуанғанын айтады. Мен кітап­та қазақша есімі бар бірнеше кейіпкерді кірік­тіргенмін. Онда Мыстан кемпір секілді орыс кейіп­кер тағы бар. Қазақстан көпұлтты мем­ле­кет болғандықтан, орыс кейіпкер қосу әділ деп ойлаймын. Әлгі әйел мәдени элементтерді қос­қаныма алғыс білдіріп, кітапты қайта-қай­та оқи бергісі келетінін айтты. Бұл – мен үшін ең жақсы пікір. Білуімше, АҚШ-та тұра­тын қазақ отбасылардың түгелі бұл кітапты сатып алса керек. Олар туған күн­ге, мереке күндері балаларына сыйлауға тап­тырмас сыйлық екенін айтады. Мақ­тан­баймын, бірақ көпшіліктен тек жағымды пікір ес­тідім. Бұл – менің бірінші кітабым. Бірінші туындым болса да, жақсы жұмыс істеген секіл­дімін.  width=– Америкада тұратын қазақтардан бө­лек, Қазақстандағы кітапқұмар қауым да On a train in Kazakhstan кітабын қай­дан сатып алуға болатынын сұрап жатыр. Оны өзіңіз де байқаған боларсыз? – Иә. Қазір осы мәселені шешу – басты мақ­­­­сатым. Бірақ мен – жалғызбын. Сондықтан бұл мәселені тез арада шешуге қауқарым жоқ. Қа­зір On a train in Kazakhstan Amazon-да және та­ғы басқа кітап сатылымын қамтитын сайт­тарда қолжетімді. Бұған көңілім толмайды, се­бебі келіп түскен табыстың бір бөлігі Amazon-ға емес, қазақстандық компанияға бұйыр­ғанын қалаймын. Сол үшін қазір Қа­зақ­стан­нан бірге жұмыс істейтін баспагер мен принт компания қарастырып жүрмін. Қазақ­стан­дағы кітап дүкендерінің сөресіне жеткі­зе­тін, маған шынымен көмектесе алатын адал жан кездессе, қуанышымда шек болмас еді. – Бір жазбаңызда «Қазақ мәдениеті – менің алғашқы кітабымды жазуға ынта­лан­дырды» депсіз. Біздің бай мәдениет тек бұл кітаппен шектеліп қалмайтын шығар. Тағы хикаялар шығару ойыңызда бар ма? Жалпы, шығармашылығыңызда қандай жаңалықтар бар? – On a train in Kazakhstan-ның трилогия бо­лып шығуға «әлеуеті» бар. Оны қазақстандық д­ү­кендерге жеткізе алсам, болашақта бұл тура­лы тағы екі кітап шығарып қалуым мүмкін. Өзіңіз айтқандай, Гүлмираның бастан кешір­ген хикаясының мәдениеті бай, локациясы көп Қазақстанда қалай өрбитінін көргім ке­ле­ді. Жалпы, Гүлмираның хикаясы жалғасын та­буға тиіс деп ойлаймын. Ал шығарма­шы­лығымды сөз етер болсам, туған қалама қай­тып оралған соң балаларыма арналған The Great Booger Debate (Бургер үшін ұлы тайта­лас) атты кітап жаздым. Сосын Нью-Йорк қа­­­ласында тұратын, TikTok-та 5.6 миллион жа­­­зылушысы бар музыка пәнінің мұғалімі Чез Брюс­пен бірлесіп, The Brucegang Coloring Book бояу кітапшасын басып шығардық. Онда мен оның TikTok-қа жүктеген 32 видеосының суре­тін салдым. Қазір үш кітабым да Америка мен Еуропа кітап дүкендерінің веб-сайт­тарын­да сатылымда тұр. – Үш күн бұрын Америкада жергілікті мек­тептердің бірінде өткізілген автормен кез­десу кешіне қонақ ретінде ша­қырыл­ғаныңызды жаздыңыз. Ол жаққа құра­ла­қан бармай, кішігірім көрме ұйымдас­ты­рып, онда қазақтың ұлттық киімі, сәу­келе, көрпе және тағы басқа кәде­сый­ларды көпшілік назарына ұсынғаныңыз­ға риза болдық. – Мені кездесуге шақырған оқушылар мен айт­қанға дейін қазақ мәдениетінен хабарсыз бол­ған екен. Құр сөзбен айтқанша, дәлелім бол­сын деп Қазақстаннан алты жыл ішінде жи­на­ған бұйымдарды алып бардым. Меніңше, ең танымал бұйым – көрпе мен ұлттық киім. Қы­зым Қазақстанда мектепте оқығанда кон­цертте ұлттық киім киген, сол киімді көрсетіп «Қа­зақстанда концертке барғанда осындай әде­мі көйлек киесіңдер» деп қызықтырып қой­дым. Олар көйлек пен сәукеленің дизай­нына жоғары бағасын берді. Жалпы, алдыңда улап-шулап отырған жүзге жуық баланың сырттан келген бөтен адамға бағынбасы анық. Әрі айтар әңгімең қызық болмаса, олардың іші пысып кетуі әбден мүмкін. Бірақ қазақ мә­дениеті туралы айтып, бұйымдарды таныс­тыр­ғанымда олар мені ұйып тыңдап отыр­ғанын байқадым. Оларға бірнеше бұйымды ұстап көруге бердім, әсіресе олар асықты қат­ты ұнатты. [caption id="attachment_184753" align="alignnone" width="2048"] width= Эшлидің Америкадағы мектепте ұйымдастырған көрмесі[/caption] – Оқушы демекші, Атырауда оқу­шы­ларға ағылшын тілінен сабақ беріпсіз. – Мен оқытқан оқушылар мектепте ағыл­шын­ша сұраққа жауап бере алады, бірақ сөй­леуге келгенде ұялып, «қате жіберіп алармын» деп артқа тартыншақтайды. Сөйтіп, оларға ағыл­шын тілінде емін-еркін, қысылмай сөй­леудің қыр-сырын үйреттім. Бұл мен үшін де маңызды болды, себебі мен де орысша үйреніп жүргенде сөйлеуге қысылатын едім. Бірақ кейін акцентпен сөйлесем де, бастысы бай­ла­ныс орната алсақ, сол жеткілікті екенін түсі­ніп, қымсынбайтын болдым. Ал қазақ тілі «та­биғаты» қатаң тіл екенін, төл дыбыстар бар еке­нін байқадым. Мен «рақмет» дегенді ғана білемін. Қазақстанда жүргенде осылай айтсам, көбі маған риза болып, алғыс білдіретін. – Қазақстанда тұрған алты жыл ішін­де не нәрсе ерекше есіңізде қалды? – Қазақстанда негізгі мәдени құндылықтар әлі күнге дейін ерекше құрметтеледі. Амери­када да мәдени құндылықтарды құрметтейді, бірақ жергілікті америкалықтар оны мейлінше тыныш «көрсеткенді» құп көретін секілді. Біз­де мектепте оған үйретпейді, біз мектепте тілді үйренбейміз. Ал Қазақстанда мәдениетке баса назар аударады. Мектепте қазақ тілінен сабақ өткізеді. Құндылықтарды жиі на­сихаттайды. Мұнда маған бейтаныс мәде­ниет­пен танысуға мүмкіндік көп. Маған сонысы ұнады. Тағы бір айта кетерлігі, қай мейрамда екенін ұмытып отырмын, бір фестивальда ау­лаға қаз-қатар киіз үйлер тігілгені есімде. Сол кезде ішіне кіріп, ұлттық тағамдардан дәм та­тып, рақаттанып күліп, көңілді отырғанбыз. – Наурыз мерекесінде шығар? – Мүмкін. Сол кезде бұлай атап өту мәде­ниет­тің бір бөлігі екенін ұқтым. Қазақтардың күл­лі әлем айтып жүрген қонақжай халық еке­ніне көзім жетті.  width=– Ал сіздің қалыптасқан «америкалық» көз­қарасыңызбен алып қараған кезде қа­былдауға қиын болған жайттар болды ма? – Қазақстанда әйелдерге дәстүрлі көз­қарас­пен қарайды. Бұл дұрыс та шығар, бірақ кей­де бұл олардың мүмкіндігін шектейтін се­кілді. Тағы бір байқағаным, қалада тұратын әйел­дер сыртқа шықса да макияж жасайды екен. Мен макияжбен «дос» емеспін, кейде жа­саймын, бірақ сыртқа шығу үшін жасамай­мын. Азық-түлік дүкеніне баратын болсам, ша­шымды қалай болса солай түйіп, аяғыма кә­дімгі тәбішкені киіп, үйде киіп жүрген киім­мімен шыға саламын. Ал дүкенге кіріп қалсаң, қыз-келіншектердің боянып, биік өкшесі бар аяқкиім киіп алғанын байқаймын. Күйеуімнің достары үйге қонаққа келгенде бетінде бірде-бір бояу жоқ мен есікті ашқанда «Ой, кешір, ерте келіп алыппыз ғой» дейді (күліп). «Менің бет-әлпетім осындай. Кәне, ішке кіріңдер» дей­мін сосын. Әлі есімде, бір досым мені ма­кияж­сыз көргенде өзін ерте келіп алғанына кінәлі сезінгені бар (күліп). Бірде сұхбатқа шақырғанда да осыған ұқсас жағдайды бастан ке­шірдім. Қасыма бір әйел келіп «Мүмкін, сізге сәл make-up жасармыз. Көп адам көреді. Жасау керек» дейді. Мен тағы да «Бұл – менің бет-әл­пе­тім. Маған осылай ыңғайлы. Барлығы жақ­сы» деп жауап бердім. Сөйтіп, адамдар маған сы­пайы түрде макияж жасауға ұсыныс айту­дан шаршамайды, ал мен болсам табиғи кел­бе­т­ім үшін үнемі кешірім сұрап жүретінмін (күліп). Сосын бір күні «Осы мен неге кешірім сұрай беремін? Бұл менің – бет-әлпетім. Мен бас­қалар секілді көрінгім келмейді» деп ма­кияж туралы пікірлерді елемейтін болдым. Айт­пақшы, мені таңғалдырған тағы бір жайт, Қа­зақстанда қарапайым адамдардың өзі аста-төк той жасайды екен. Көп тойға барғанда той ортасында концерттік бағдарлама қойылаты­нын байқадым. Онда да мәдениетке көп көңіл бөлінеді екен. Тойға келген көп қонақтың әр­бірі тост айтуға тиіс. Содан соң тост ұзақ болуы керек. Бірде бір тойда ортаға тілек айту­ға шыққанда ағылшынша төрт сөйлем айтып, қыс­қа қайырып, микрофонды күйеуіме бер­сем, ол «қазақи стильде» он бес сөйлем айтып, мәз болады (күліп). Өзі қазақшаға судай, қазақ мә­дениеті мен салт-дәстүрін жақсы біледі. Қа­зақ досы көп. Жалпы, мен жергілікті ха­лық­тың ортасында тұрғаныма қуанамын. Аты­рау­да жұмыс істейтін америкалық достарымыз аме­рикалық ауыл деп аталып кеткен Dostyk Village-да тұратын. Ол қалашықтың іші тұп-тура Америкадағыдай безендірілген. Онда арнайы күзет арқылы кіресің. Бірақ олар ма­ған солай оқшаулану арқылы көп мүм­кін­дікті мүлт жіберіп алатындай көрінетін. Оған қоса, олар керек-жарағын Amazon арқылы алдыр­тып, ол тауарды шетелден онда жеткізгені үшін көп ақша төлейтін. Ал мен жергілікті дү­кенге барып сауда жасағанды, жергілікті ем­­­ханаға барып қаралғанды жөн санай­тын­мын. Мен берілген мүмкіндікті молынан пай­даланып, айналамдағы қызық көрінген дү­ниелерді танып-біліп алдым. Дәрігер демек­ші, америкалық дәрігеріме осыған қатысты үнемі шағымданамын. Қазақстанда медици­на­лық қызмет көрсету ісі Америкадан гөрі әл­деқайда жақсы дамыған. Дәрілер мен пре­парат­тар беріп, сақтандыру бойынша есеп шы­ғаруға көп көңіл бөлетін америкалық дәрі­герлерден «Кеше не жедің?» дегенді ешқа­шан естімеппін. Ал жергілікті ауруханасы за­манауи құрал-жабдықтармен жабдықталған Қазақстанда барлығы басқаша. Қазақстанда ана­лиздерім жақсы болды.  width=– Ал бізге, керісінше Америкада меди­ци­налық қызмет көрсету сервисі бізден әлдеқайда ілгері көрінеді... – Егер сен миллиондаған долларға са­лын­ған емханасы бар үлкен қалада тұрсаң, жо­ғары сапалы медициналық қызмет көрсету сер­­­висін қолдана аласың. Ал шағын қала­шық­та ондай сервистер қолжетімді емес. Сондай қала­шықта тұратын, денсаулығында кінәрат бар азаматты үлкен қаладағы, қызметі қымбат тұратын ауруханаға жібереді. Ал оған барып қаралуға көп адамның шамасы жете бермейді. Осы жағынан алып қарағанда Қазақстандағы аймақтарда денсаулық сақтау жүйесі жақсы жол­ға қойылған. Ұмытып барады екенмін, мен ша­ғымданатын жалғыз нәрсе – жол. Қаланың қай жерден «бітетінін» көруге болады, ары қа­рай жол дұрыс төселмеген. Қалғанының бар­лығы керемет. – Алда Қазақстанға келу жоспарда бар ма? – Күйеуім екеуіміздің жолымыз екіге айы­рылды. Ол қазір Атырауда тұрады. Мен өз ту­ған жеріме оралдым. Осында тұратын үлкен от­басыммен бірге қызыққа толы күн кешіп жа­тырмыз. Екі қызымды тәрбиелеп, өсіріп, жет­кізсем деймін. Қазақстанға бару туралы әзір­ге жоспар жоқ. Бірақ кейде онда барып, кі­табымды талқылап отырғанымды елес­те­те­мін. Бәлкім, жол түссе, барып та қалармын. – Уақыт тауып, сұхбаттасуға келіске­ніңіз­ге рақ­мет! Оқырманыңыз көп бол­сын!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ