Шымкент қаласы Полиция департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасына жергілікті тұрғын полиция озбырлығының құрбаны болғаны туралы арызданған деп хабарлады turkystan.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап. Азаматшаның айтуынша, бейтаныс адам өзін әл-Фараби аудандық полиция басқармасының жедел уәкілі ретінде таныстырып, оны құқықбұзушылық жасағаны үшін ішкі істер органдарына профилактикалық есепке қоямын деп қорқытқан. Сондай-ақ әкімшілік жауапкершіліктен құтылу үшін «полицей» әйелден ай сайын 80 мың теңге көлемінде ақша беруді талап еткен.
«Жедел-іздестіру жұмыстары барысында Өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері ер адамды ақша алу үстінде ұстады. Тексеру кезінде ұсталған адамның полицияға ешқандай қатысы жоқ және санитарлық-эпидемиологиялық қызмет маманы екендігі анықталды», - деп жазды Шымкент қаласы Полиция департаментінен.Қазіргі таңда аталған жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.